Аймағамбетовке қысым жасап жатыр. Балаларды мектепке жібермеу керек - заңгер

Dalanews 18 там. 2020 13:17 193

"Індет бар-жоғына қарамастан баламыз мектепте оқысын" деп жүргендерге қарсы белгілі заңгер Марат Башимов 9 түрлі дау айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бұл туралы Марат Башимов Facebook-тегі парақшасында жазды.

"1 қыркүйектен бастап 2020 жылдың соңына дейін балаларды мектепке жібермеу керек! Өткенде ғана нендей сұмдық жағдай болғанын ұмытып кеткен арамызда лоббистер бар болып шықты. Шынын айтқанда, әлі күнге дейін қанша адам өлгенін нақты білмейміз. Көбісі о дүниелік болды, өмірден озды. Осы ФБ-ның беті көңіл айтуға толып кетті емес пе?..

Енді түк болмағандай, сол жұрт "білім алсын" деп өз балаларын мектепке апарып тыққысы келеді. Бұл барып тұрған "ақымақтық" қой.


Түрлі жолмен Білім министрлігіне қысым жасап жатыр. Мектепте алған білім жақсы, бақылау да жақсы болады, оған қарсы ешкім дау айтпайды. Қашықтықтан оқыту, әзірге дәстүрлі білім беру жүйесіне бәсекелесе алмай тұр. Бірақ мына қиын заманда жоқтан бар ғой, ол да. Бұл арада мәселе дұрыс қойылып жатқан жоқ, негізі.

1. Бірінші орында – өз балаңыздың денсаулығы болуы керек. Ауырып қалып, өліп кетпес үшін солай ету қажет. Құдай бетін әрі қылсын, қауіпке тігіп алған білімнен не пайда өзі?

2. Қазақстанда қазірдің өзінде 17 жасқа дейінгі кішкентай балалар арасында Кавасаки синдромы анықталып жатыр. Бұл - балалардағы коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауыр жүріп жатқанының көрінісі.


3. Ұлттық қауіпсіздік туралы заңда бірінші кезекте халықтың денсаулығын қорғау, яғни балалардың денсаулығы бірінші орында тұрады.

4. Конституцияда да солай. 39-бапта адамның құқықтары мен бостандықтарын мемлекет ұлттық қауіпсіздікті (денсаулық) қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау үшін (бұл жерде және денсаулықты сақтау үшін) және денсаулықты сақтау мақсатында тікелей шектеуге болатындығы туралы нақты айтылған.

Демек, білім алу, бизнес жасау және басқа барлық құқықтар екінші орында тұрады.

5. Жарайды, карантин алынып тасталды. Не болды ал, ештеңе өзгерген жоқ. Ешкім санитарлық талапты сақтап жүрген жоқ... Көшелер, дүкендер, көліктер адамдарға толы, маска тағу деген жайына қалған. Көшеде және барлық жерде адамдар бір-біріне төніп, бетіне қарап дем алып тұрады.

6. Кейбір Еуропа елдері алдымен бизнеске жұмыс істеуге мүмкіндік берді, бірақ қазір оларды қайта жабуда.

7. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой кеше "Атамекенге" арада санитарлық ережелерді сақтау туралы келісімнің барын еске салды. Кеше бірінші күні-ақ көп нәрсе білініп қалды, ақшаға құныққан кейбіреулер норма-форманы пысқырып жатқан жоқ.

8. Күз айлары да келіп жетті, күн суытқанда аурулар асқынып, коронавирустың екінші толқыны басталатынын барлығы іштей сезіп отыр. Егер ересектердің өзі қоғамдық орындарда бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау талаптарын орындамаса, балалар туралы не айтуға болады?.. Балалар 2 метр қашықтықты сақтайды, тағысын тағы десе, оған кім сенеді?

Бұл тек лоббистердің аузынан шығатын ертегі екені түсінікті шығар.


9. Сондықтан, 1 қыркүйектен бастап 2020 жылдың соңына дейін балаларға мектепке баруға тыйым салу керек!".

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x