Сенат Төрағасы жаңадан сайланатын депутатарды үлкен жауапкершілік күтіп тұрғанын айтты

Dalanews 12 там. 2020 04:23 275

Бүгін ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы өтеді. Саяси додаға әр облыстан, елордадан және республикалық маңызы бар қалалардан бір-бірден 17 сенаторды сайлаушы мәслихат депутаттары сайлайды. Бұл туралы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook парақшасында жариялады.

«Сенат құрамының ішінара жаңаруы үш жылда бір рет жүреді. Бұл ретте Сенаттың жалпы құрамындағы 15 депутатты палатада қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де маңызды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, Мемлекет басшысы тағайындайды.

Қазіргі заңнамалық билік жүйесінде Сенат еліміздің барлық өңірінің Парламентінде өкілдік етуді, Мәжіліс құрамын жаңарту кезінде заңнамалық саясаттың сабақтастығын және заң жобаларын сапалы қарауды қамтамасыз етеді», - деп ойын ортаға салды Сенат Төрағасы.

Әшімбаев Сенатта өңірлердің мүддесін қорғау мәселесі аса маңызды екенін атады.

– Сенатта өңірлердің мүдделерін қорғау үшін депутаттар бірыңғай жалпыұлттық аймақ бойынша партиялық тізімдер арқылы сайлайтын Мәжіліс сайлауының пропорционалды жүйесі, сондай-ақ Қазақстан халқы ассамблеясы арқылы сайлануы өте маңызды, – деді Сенат төрағасы.

Ол атағандай, заң шығарушы билікті ұйымдастырудың қазіргі жүйесі қабылданған заңдарды сапалы әзірлеуді қамтамасыз етеді.

– Заңдарды қабылдау жөніндегі барлық іс-қимыл қаралып отырған мәселелерді жан-жақты және терең зерделеуді қамтамасыз ете отырып, кезең-кезеңімен және қисынды болуы тиіс. Сонымен қатар, заң шығару процесі мемлекеттік органдардың барлық заңнамалық үрдісінің сапасына әсер етеді. Әрбір қабылданған заңның артында ондаған мың отбасы мен нақты адамдардың өмірі тұр. Осылайша, Парламенттің екі палатасының жұмысы заң шығару процесін неғұрлым тиімді, теңгерімді етуге және заңдардың тек елдің және оның барлық азаматының мүддесі үшін қабылдануын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Әшімбаев сайланатын сенаторлардың міндеті туралы айтты.

– Қазақстан дамуының қазіргі кезеңінде Сенат депутаттарының басты рөлі Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және инклюзивті экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған жаңғыртуды заңнамалық қамтамасыз ету болып табылады. Коронавирус пандемиясымен және оның салдарымен сәтті күресу үшін оң базаны жетілдіру негізгі міндеттердің бірі болып қала береді. Бүгін сайланған сенаторлар тиісті өкілеттіктерді алған сәттен бастап осы стратегиялық міндеттерді орындау үшін белсенді жұмыс істейтініне сенімдімін, – деді ол.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x