Назарбаев Ли Куан Юдың қарапайымдылығына қайран қалды - Тоқаев

Dalanews 06 шіл. 2020 15:03 423

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр және көлеңке» атты кітабында Назарбаев пен Сингапур президенті Ли Куан Юдың алғаш жүздескен сәтін баяндайды.  Dalanews.kz Тоқаевтың Ли Куан Юге қатысты естелігін назарыңызға ұсынады.




Сингапурде жұмыс істеп жүргенімде мен Сингапур үкіметінің саясатындағы екі нәрсеге назар аудардым, олар: білім беру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес.

Ол кезде бұл елде екі үлкен университет болды: соның бірі Наньян университеті, ондағы сабақ тиісті пәндер іріктеліп, қытай тілінде жүргізілді және екіншісі – Сингапур университеті, кейіннен ол политехникалық университет деп аталды.

Бұл университеттер даярлаған мамандар жаман болған жоқ, олар мемлекеттік және жеке сектордың пайдасына жарады. Бірақ билік қол жеткенге тоқмейілсіп қалмай, білім беру жүйесін үнемі жетілдіріп отырды. Студенттер мен оқушылардың алдында Ли Куан Юдың өзі жиі сөйлеп, дүние жүзіндегі ең озық білімдерді игерудің маңыздылығын шаршамай-шалдықпай айтумен болды.

 Бізге, кеңестік дипломаттарға жоғары басшының өз елінің жеткіншек ұрпағымен үнемі сұхбаттасып жүретіні біртүрлі ерсілеу көрінетін. Ол жылдарда КОКП ОК-ның бас хатшысы Л.Брежневті пленумдар мен съездердің мінберлерінен ғана көзіміз шалатын.


Сингапурдің көптеген студенттері Англияның, АҚШ-тың, Австралияның ең үздік оқу орындарында білім алды. Сингапурдің қазіргі зияткерлік әлеуетінің негізі осылай қаланды.

Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске келсек, бұл жетілдірілген заң жүйесінің, заң үстемдігінің жарқын дәлелі және биліктің саяси ерік-жігері осындай нәтиже берді, ол бүкіл дүниежүзі қоғамдастығын Сингапурға зор құрметпен қарауға амалсыз көндірді.

Сингапур өкіметі көптеген елдерге қарағанда мүлтіксіз орындалатын қатаң заңдарын ғана емес, мемлекеттік қызметшілерге жалақыны күрт көтеру сияқты маңызды шараны да сыбайлас жемқорлыққа қарсы қойды.

Сингапур үкіметінің мүшелері дүниежүзіндегі ең жоғары еңбекақы алатындар.


Жақын араға дейін Сингапурдың премьер-министрі АҚШ президентінен екі есеге жуық артық жалақы алды. Солай бола тұрса да, олар бұған дандайсымайды, өздерін өте қарапайым ұстайды.



Н.Назарбаевтың Сингапурға 1996 жылғы бірінші ресми сапарында премьер-министр Го Чок Тонгтің және оның үкіметі мүшелерінің оншалық көз тарта қоймайтын киіміне назар аудардық.

Үкімет отырыстары өтетін үй-жайдың қарапайымдығы да көзге ұрып тұрды: үлкен жартылай сопақша үстел, онда-су құйылған графин, жай ғана блокноттар және министрлердің әрқайсысына арналған екі-екіден қарындаштар қойылыпты.

Сингапурде билік құрылымдарында сыбайлас жемқорлықтың жолын кесудің тағы бір тиімді құралы: лас ақшамен қолын былғаған адамдарға қатысты қоғамдық жек көру (қуғын)  жазасы қолданылады. Қазынаны ұрлаумен немесе пара алумен қолға түскен шенеуніктердің болашағы жоқ.


Қылмыстық қудалауға түсуден басқа, өзіне жақын адамдардың ғана емес, бүкіл ел көлемінде адамдардың құрметінен айырылып, қоғамнан қуғындауға ұшырайды.

Сингапур үкіметінің дүниежүзіндегі мейлінше кәсіпқой үкімет саналатыны кездейсоқ емес.


 Бұл осындай пәрменді мемлекеттік аппаратқа бірінші дәрежелі маңыз берген Ли Куан Юдың еңбегі екені даусыз.


Оның жағажолға темекі тұқылын тастағаны үшін 500 доллар айыппұл санкциясын қолдану туралы бұйрығы, көпшілік жиналатын орындарда сағыз шайнауға, жігіттердің ұзын шаш қоюына және Сингапурде құмар ойындарына тыйым салуы дүниежүзінде ауыздан түспейтін тәмсілге айналды.

Осынау өзіндік бір ерекше саясаттың нәтижесін көру үшін елге туристер лек-легімен ағылды.

Сингапур сол кезде де, қазір де өзінің әсем көшелерімен, қызмет көрсету саласы инфрақұрылымдарының көңілге қонымдылығымен, қала құрылысының аса ауқымдылығымен барлық шетелдіктерді таңғалдырады. Тұтастай бір ел һәм қала болып табылатын бұл ғажайып мемлекет «Сингапур кереметінің» табысына кәміл сенген, оның негізін қалаушы Ли Куан Юдің жасампаз еңбегінің жемісіне айналды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x