Белгілі кәсіпкер биліктің 30 жылда не бітіргенін айтты

Dalanews 23 нау. 2020 09:48 252

"Түкте! Түкте бітірген жоқ..." дейді Марғұлан Сейсембай. Оның айтуынша "Нұр Отанның" жиынын шегере тұрып, алдымен елге жаны ашитын азаматтарды жинап, құрылтай өткізу керек.

Dalanews.kz кәсіпкер мәлімдемесін оқырман назарына ұсынады. 

Наурыздың 16-сында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жарлығымен елімізде төтенше жағдай енгізді. Төтенше жағдай сәуірдің 15-іне дейін жалғасады. Бұған барлығымыз білетін коронавирус індеті себепкер болды.

Оның артынан көп ұзамай Астана және Алматы қалаларында карантин енгізілді. Бұл екі жағдай біздің өмірімізді қақ бөліп, бұрынғы өміріміздің қаншалықты жайбарақат және бейқам болғанын көрсетті. Мұндай жағдайдың біздің өмірімізде болатынын ешбіріміз жаман түсімізде де көрмегенбіз.

Өміріміз өзгеріп, өзімізге үйреншікті әдетімізден айырылатынымызды кім білген. Ешкім келешектің қандай болатынын болжап, біле алмайды. Кеше ғана пәленбай шақырым қашықтықта орналасқан Қытайдың Ухан қаласынан шыққан ауру бір сәтте індетке айналып, жер шарын жаулап алды. Қазір барлық адамзат үлкен сынның алдында тұр.

Кейінгі жылдары медицина саласына деген немқұралы көзқарастың салдары алдымыздан осындай төтенше жағдай болып шығуда. Барлық адамзат медицина саласына экономикалық тиімділік көзқарасымен қарағандықтан барлық елдерде емханалар саны, өкпеге оттегін беру құралдары, дәрігерлер саны жетіспей жатыр.

Медицина саласы Қорғаныс министрлігі секілді артығымен қаржыландырылып, барлық керекті заттар артығымен тұруы керек еді. Бұл індет адамзаттың мұндай жағдайға дайын еместігін көрсетті.


Елдердің бәрінде денсаулық сақтау жүйелері өз шегіне жетіп, дәрігерлер күні-түні демалмай алдыңғы қатарда еңбек етуде. Міне, біз төтенше жағдай мен карантин енгізудің бірінші себебіне келдік. Төтенше жағдай мен карантиннің ең бірінші және түпкі себебі ол – денсаулық сақтау жүйесінің пәрменсіздігі.

Егер коронавирус індеті тез таралып, көп адамға жұқса, онда біздің денсаулық сақтау жүйеміз барлық ауырып қалған адамдарды емдей алмай қалады. Емханаларымыз тез толып кетіп, дәрігерлер мен өкпеге оттегі беру құралдарының тапшылығына ұшыраймыз. Аласапыранның көкесі сонда басталады...

Дәрігерлер емделіп шығуға мүмкіндігі аз адамдарды емдемей қояды. Олар қай адамның көз жұмып, қай адамның сауығып шығатынын өздері шешеді. Қарттар ешбір ем ала алмай, емхана дәліздерінде өліп жатады. Бұл біздің санамызға симайтын сұмдық болып естілсе де, бұл дәл қазір Италияда болып жатқан жағдай.

Жоғарыда айтылған нәрселердің тапшылығынан ондағы дәрігерлер жастарды ғана емдеп, жасы өткен қарт адамдарды ем-домыз қалдырып отыр. Сондықтан Италияда бұл індеттен адам өлімі өте жоғары.

Төтенше жағдай мен карантин енгізудің екінші себебі ол – коронавирус індетінің таралу индексі. Бұл әр індеттің таралу жылдамдығын көрсетеді. Коронавирус індетінің индексі 2,7, үшке жақын. Ал бұл дегеніміз коронавируспен ауырған адам өз ауруын кем дегенде 3 адамға жұқтырады деген сөз. Демек бұл тұмаудан да тез жұғып, жылдам тарайтын індетке жатады.

Коронавирус індеті ауыз, мұрын, көз арқылы жұғу себебінен бұл індетті тек қана қатаң оқшаулау тоқтата алады. Әр адам гигиеналық ережелерді сақтап, қолдарын сабынмен жуып, ешкіммен араласпай үйінде отырса, бұл індеттің таралу жылдамдағы бірнеше есе бәсеңдеп, біздің денсаулық сақтау жүйемізге ауырған адамдарды емдеуге мүмкіндік береді. Ал сол арада адамзат бұл індеттің дәрісін ойлап тауып, барлық ауырған адамдардың жаппай емделіп шығуына мүмкіндік бере алады.

Міне, біз төтенше жағдай мен карантиннің үшінші себебіне келдік. Бүгінгі таңда коронавирус індетіне қарсы ешқандай дәрі жоқ. Адамдардың бойында қалыптасқан иммунитет тағы да жоқ.  Әлемнің үрейлену себебі сонда.

Менің болжамым бойынша нәтижелі дәрі ойлап табу үшін кем дегенде 6 ай уақыт керек. Оған дейін әр ел осы індетпен күресу жолдарын өздері іздестіруде.

Кейінгі мәліметтер бойынша дүниежүзінде тоғыздай дәрі түрлері шығуға дайындалып, олардың нәтижелілігін тексеру жұмысы жүріп жатыр. Бұл салаға ауқымды қаражат бөлініп, барлық зерттеу лабораториялары қарқынды жұмыс жасауда. Сондықтан мен бұл індеттің дәрісі табылатынына еш күмәнім жоқ.

Біздің билік не істеуде? 


Ал біздің биліктің істеп жатқан әрекеттер, амалдары дұрыс па?

Менің ойымша біздің биліктің төтенше жағдай мен карантин енгізуі өте дұрыс шара. Халықты барынша оқшаулау өте орынды шара.

Мұндай төтенше жағдайда билік халық денсаулығын ең бірінші дәрежеге қоюы керек. Ал өзге мәселелерді екінші, үшінші орындарға сырғытып тастауымыз керек. Сондықтан мен биліктің бұл әрекетін барынша қолдаймын.


Бірақ бұл тек қана бергі, жақын арадағы мәселенің шешімдері. Ал егер әрірек, кейінірек туындайтын мәселелерді алар болсақ, бұл жерде көптеген жаңа қиындықтармен бетпе-бет келеміз.

Біріншіден, біздің экономикамызда төтенше жағдай және карантин салдарынан болатын күйзеліс пен дағдарыс. Мұның өз екі мәселеден тұрады. Карантин бір ай бола ма, әлде екі айға созыла ма мұны ешкім білмейді.

Қанша уақытқа созылса да, еліміздегі екі ірі қалада қамалып отырған миллиондаған адам, оның ішінде табыссыз отырған ер адамдар не істейді? Қажетті заттарды алу үшін олар қаражатты қайдан алады?

Егер Үкімет осы сұрақтарға нақты жауап бере алмаса, ендеше халық карантин мен төтенше жағдайға қарамай көшеге шығып, ұрлық пен тонауға көшеді. Ал ондай жағдайда полиция мен Қарулы күштер мұндайды тоқтата алмайды.


Сондықтан Үкімет еріксіз төтенше жағдайдың құрбаны болып қалған халықтың қаражатын қамтамасыз етуі керек. Басқа елдерде мысалы АҚШ, Ұлыбритания, Германия елдерінде үкімет өздерінің табыссыз қалып қалған азаматтарына 1000 доллар көлемінде көмек көрсетуде. Біздің үкіметіміз де сондай азаматтарға көмек көрсетуі керек.

Халықты жұмыссыз, табыссыз ұзақ уақыт ұстап отыруға болмайды.

Екінші мәселе 


Ал енді екінші үлкен мәселес ол осы – төтенше жағдай мен карантин құрбаны болған отандық бизнес, оның ішінде кіші және шағын кәсіпкерлеріміз. Менің ойымша бұл бағытта Үкіметтің атқарып жатқан шаралары жеткіліксіз. Үкімет бұл мәселенің күрделілігі мен тереңдігін сезіп отырған жоқ сияқты.

Экономика саласында терең реформалар жасау керек. Қаржы саласының саясаты мүлдем дұрыс емес деп есептеймін. Ұлттық банк экономикамыздың қаржы жүйесіне қан жүгіртудің орнына қайта қаражат төлемін көтеруде (кредит мөлшерлемесін айтады, ред.).  Бұл дегеніміз онсызда да ауырып, әлсіреп тұрған экономикамыздан қанды сорып алуымен тең нәрсе.

Әрине инфляция жылдамдап өспейді. Бірақ мұны өлейін деп тұрған адамның қан қысымын төмендетумен салыстыруға болады.

Менің ойымша қаржы саласының саясаты мен терең экономикалық реформаларды жедел түрде өткізбесек, экономикалық ауруларымыз асқынып, түбінде инфляцияның да, девальвацияның да, дефициттің де көкесін көреміз.


Оның үстіне осы аптаның соңында мұнай бағасы құлдырап, барреліне 25 долларға дейін арзандады. Доллар бағасы бірден 470 теңгеге дейін өсті. Бұл біздің экономика мен бюджетімізге үлкен соққы болды.

Менің есебім бойынша экономикамыз 12-15 млрд доллар табысын жоғалтып, бюджетіміз 2-3 млрд долларға дейін жинай алмай қалады. Осы жағдайлар косметикалық, уақытша шаралармен шешілмейді.

Құрылтай өткізу қажет 


Ұлтымыздың барлық ақылды және білімді азаматтарын жинап, еліміздің келешегі жөнінде құрылтай өткізуіміз керек. Өйткені алдымыздағы терең және күрделі мәселелерді тек қана бірігіп шешуге болады.

Теңгеміздің соншалықты мұнай бағасына байланып тұрғаны біздің экономикамыздың әбден «мұнайланып» кеткенін көрсетіп отыр. Отыз жылда ешқандай диверсификация, мұнайдан өзге өндіріс ашылмағанын көрсетіп отыр.

 Біз тәуелсіз ел болудан қалып барамыз. Халық өз басы болып, Үкімет өз басы болып бірлігіміз жараспаса, Үкімет қаншалықты керемет болғанмен халықтың қолдауынсыз ешбір істің берекесі болмайды. Көптеген дұрыс әрекеттер зая қалады.

Әрі қарай уақытты соза берсек, Ұлттық қорымыздан да, экономикамыздан да, тынышықтықтан да және тәуелсіздіктен де айырыламыз. Қашан біз тағдырымыз бір екенін толық түсінеміз осы?

Егер осы жағдайда біз бір тоқтамға келіп, әрекет жасамасақ, ендеше Алла бізді әрі қарай да қиындыққа түсіріп, сынай береді.

Қазір біздің ел адасқан адамдай аласұрып, кімге сенерін білмей, үрейленіп, ертеңі не боларын білмей жүр.


 30 жыл бойы «бірінші – экономика, сосын - саясат» деп келген билік ақыры не күшті экономика құра алмады, не дұрыс саясат орната алмады. Ежелгі грек ойшылдарының айтқанындай «егер сіз еркіндігіңізді нанға айырбастасаңыз, онда ертең не еркіндігіңіз, не наныңыз болмайды».

Жағдай күннен-күнге ауырлай түсуде. Қазіргі ахуалды жасырғаннан еш пайда болмайды. «Ауруын жасырған өледі» дейді қазақ. Бір-бірімізге өтірік айтуды қойып, елге төнген аурудың емін бірлесіп іздейік.

Қағазға түсірген Аяулым ШАЙМАРДАН

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x