Қытай елшісі Сайрагүлдің сыйлық алуын «қызықсыз цирк» деп сынап тастады

Dalanews 07 нау. 2020 15:47 224

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо АҚШ мемлекеттік департаментінің Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайды «Батыл әйел» сыйлығымен марапаттауын сынады, – деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Қазақстан босқын мәртебесін бермеген соң өткен жылы Швецияға кеткен Сайрагүл Сауытбай алғашқылардың бірі болып Қытайдағы қайта саяси тәрбиелеу лагерьлеріндегі азаптау мен күштеу шараларын айтып, халықаралық қауымдастық мәселеге назар аударған еді.

«Бұл – Қытайдың ішкі ісіне араласуға бағытталған арандату әрекеті» деп жазды елші 6 наурызда Facebook-тағы парақшасында. Ол шараны тұтас «қызықсыз циркке» теңеді.


Үш жылдан бері Қытайдың Шыңжаң өлкесінде ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар, татарлар және басқа да мұсылмандарды қудалап, «саяси тәрбиелеу орталықтарына» жіберіп жатқаны айтылып келеді. Қазақстанда да жүздеген адам туыстарының Шыңжаңда қамауда отырғанын айтып, биліктен көмек сұраған.

Чжан Сяо Facebook жазбасында Шыңжаңда мұсылмандардың қудалау көріп жатқанын жоққа шығарып, Вашингтонды «Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесіндегі мәселені қайта-қайта көтеріп, Қытайды қаралап, жала жауып жатыр» деп айыптады. Ол жазбасында саяси лагерьлерді «кәсіпке баулу орталықтары» деп атап, Шыңжаңдағы ахуал "қауіпсіз бола бастады" деді.

– Кәсіпке баулу орталықтарынан шыққандар жұмысқа орналасып, нәпақа тауып жүр, ендігәрі қоғамға қауіпті емес. Қытайдың ойлап тапқан орталықтары – экстремизммен күресудің тиімді амалы екенін тәжірибе дәлелдеді, – деп жазды ол.


Ол Сайрагүл Сауытбайды «отанын сатып кетті» деп айыптап, батылдығына күмән келтірді.

https://dalanews.kz/49817

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x