Қауіп "Қорғастан" келуі мүмкін бе?

Dalanews 05 нау. 2020 09:19 386

 Қытаймен шекарада орналасқан бақылау-өткізу пункттерінде қолға алып, қатаң бақылауда ұстайтын жағдайлар әлі де баршылық.




Dalanews.kz Қорғас бекетінде істейтін маман пікірін оқырман назарына ұсынады.

Қазіргі уақытта біздің елімізде Қытаймен шекарада 7 бақылау-өткізу пункттері жұмыс істейді.

[quads id=1]

Оның екеуі Шығыс Қазақстан («Майқапшағай» және «Бақты» кеден бекеттері) облысында, бесеуі Алматы («Достық» кедені, «ШМХЫО «Қорғас», «Алтынкөл жол», Нұр жолы», «Қалжат» кеден бекеттері) облысының территориясында орналасқан.


Коронавирус індетінің өршуіне байланысты аталмыш кеден бекеттерінде профилактикалық сақтық шаралары өте жоғары деңгейде жүзеге асырылуда. Тиісті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу шаралары қатаң қолға алынып, санитарлық эпидемологиялық қызмет пен санитарлық зертхана қызметкерлері өз міндеттерін  тиісті талаптарға сай атқара білуде.

Соның нәтижесінде осы уақытқа дейін біздің елімізде аталмыш індетті жұқтыру фактісі тіркелген жоқ. Дәйім солай болғай деп тілейік.

Қалай дегенмен де, Қытаймен шекарада орналасқан бақылау-өткізу пункттерінде қолға алып, қатаң бақылауда ұстайтын жағдайлар әлі де баршылық.

Атап айтсақ, жоғарыда тілге тиек етіп өткен (Шекара маңы халықаралық ынтымақтастығы орталығы  «Қорғас» бақылау-өткізу пунктінен басқа) алты кеден бекеттерінде күнделікті ары-бері өтетін адамдардың жалпы саны карантин жарияланғанға дейінгі жай күндердің өзінде орта есеппен 30-40 адамнан аспайтын.

Ал енді ШМХЫО(МЦПС)  «Қорғас» кеден бекетінде ары-бері өтетін адамдардың саны орта есеппен жұмыс күндері 3000, демалыс күндері 3500-4000, мейрам күндері 4500-5000 адамға дейін барады.


Және де олардың 95 пайыздан астамы көлік тасымалында автобус қызметін пайдаланады.

Олардың ішінде 400-ден астамы  Қытайдың сауда үйлерінде сатушы болып жұмыс істейтін жергілікті қыз-келіншектер. Сонымен қатар  автобус пен такси жүргізушілері де күнделікті Қытай жағына бірнеше мәрте кіріп шығады.

Бұған қоса күнделікті кіретін адамдардың 70 пайыздан астамы ел арасында «несундар» деп аталып кеткен жергілікті тұрғындардың үлесінде.

Тек 30 пайыздан астамын ғана туристік топтар  мен сырттан келген адамдар құрайды.

Дәл осындай жағдайда коронавирус індетіне қарсы толықтай бақылау жасаудың шектен тыс қиындығына тоқтала кеткеніміз жөн шығар.

...

Мысалы, біздің елімізге шетелден ұшақпен немесе поезбен келген жолаушыларды анықтау аса қиынға соқпайды. Және де  инфекция жұқтырды деп күдік тудырған жағдайда ол адамды оқшаулап, карантинге жатқызу да қиын емес.

Себебі, қолындағы билетте немесе билет берілген компьютердегі базада отырған орны және жанындағы адамдардың да аты-жөндері мен ЖСН/ИНН жазылып тұрады.

 Ал енді «Қорғас» кеден бекетінде осындай мүмкіндік бар ма? Әрине, жоқ.


Себебі, біріншіден, күнделікті  ШМХЫО «Қорғас» кеден бекетінен  3 мыңнан аса адам Қытайға кіретін болса, Қытай жағынан қысқы уақытта 5 мыңнан аса, жазғы уақытта 15 мыңға жуық адам бізге қарай кіреді.

Яғни, кімнің кім екенін біліп болмайтын қайшыласып жатқан адамдар. Екіншіден, біздің елдің азаматтары негізінен түс ауа Қытай жағындағы сауда үйлерінің алдында автобусқа отыру үшін жапырыла кезекке тұрады. Үшіншіден, таласа-тармаса 30-40 адам бір автобусқа бірақ мінеді. Төртіншіден, автобустан түскеннен кейін жолаушылар терминалындағы жолаушылар жиналатын орынға тағы да 200-300-дей адам бірімен бірі қыстырылысып, кезекке тұрады.

Содан кейін «қызыл», «жасыл» дәлізге бөлініп, паспорттық және кедендік тексеруден өтеді.

Бесіншіден, сыртқа шыққанда тағы да автобус пен такси қызметін пайдаланады және қаптаған қоғамдық тамақтандыру орындарына бас сұғады. Былайша айтқанда, кімнің кіммен жақын араласта болғанын, кімнің қайда жүргенін, қандай сауда үйлерінде сауда жасағанын және қандай көлікпен келгенін анықтауға еш мүмкіндік жоқ.

Бұл жерде   кедендік тексеру кезінде тепловизор қызметін пайдалану арқылы қатерлі індетті жұқтырды  деп  күдіктенген адамды тоқтату және оқшаулау аса қиындыққа соқпауы мүмкін.

Өкінішке орай, инфекция жұқтырса да, дене қызуы көтерілмеген адамның науқас екенін тепловизормен анықтай алмайсыз.

Себебі, науқастың аталмыш індетке шалынуы туралы  фактілер санитарлық зертхана қорытындысы нәтижесінде ғана анықталады. Ондай жағдай орын алатын болса,  инкубациялық мерзім ішінде инфекция жұқтырған бір науқастың өзі қаншама мыңдаған адамға зардабын тигізуі мүмкін.

Ал енді төтенше жағдай орын алған жағдайда, күнделікті кіріп-шығатын 3 мыңнан аса адамның бәрін бір мезгілде карантинге жатқызу мүмкін бе? Әрине, жоқ.

Сондықтан да ШМХЫО «Қорғас» кеден бекеті ашылар кезде эпидемиолог мамандардың консилиумын өткізіп, қауіпті кезең басылғанша басқа да қауіпсіздік шараларымен қоса, ішке кіретін адам санына шектеу қою мәселелерін де қолға алмаса болмайды.

Мысалы, бір адам   айына бір мәрте ғана кіретін болса.

Ол үшін адамдарды жеке басын анықтайтын куәлік емес, төлқұжатпен (паспорт) ғана кіргізуді қолға алу керек. Себебі, төлқұжатта адамның шекарадан соңғы рет қашан өткені  туралы мәлімет шекаралық бақылау мөрімен айғақталып тұрады.

Сонда ғана қатерлі індетке қарсы күресу шаралары өз жемісін беріп қана қоймай, кеден заңын бұзу фактілері мен «несундар» саны да әлдеқайда толастары сөзсіз. Осы орайда, мемлекет мүддесі мен ұлттың денсаулығы біздің  ұлы да қастерлі құндылығымыз екенін ұмытпайық.

 

Бекен Нұрахметов,


Қазақстан Журналистер одағы С.Бердіқұлов


 атындағы сыйлығының лауреаты




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x