Сапарбаев: "Өз халқыңнан қорқасың ба? Ендеше, несіне әкім болдың"

Dalanews 27 ақп. 2020 06:17 152

Сарысу ауданындағы екі күндік жұмыс сапары барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бірқатар мәдени-әлеуметтік нысандардың, өнеркәсіп және коммуналдық кәсіпорындарының жұмысымен танысты.

Сондай-ақ, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді, - деп хабарлайды Dalanews.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс басшысының аудандағы жұмыс сапары Жаңатас қаласындағы Мәдениет үйіндегі аудан активімен кездесуде түйінделді.

Басқосуда жергілікті тұрғындар өңірдегі химиялық өндірістердің қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына зиянды әсері, ауыз судың сапасы, азық-түлік бағасының қымбаттылығы, тұрғын үй қорын қалпына келтіру, мүгедектігі бойынша жәрдемақы төлеу мәселелерін көтерді.

«Біз қолда бар әлеуетті азаматтардың әл-ауқатын жақсарту, экономиканың өсуі мен әлеуметтік міндеттерді шешу жолында барынша пайдалануға тиіспіз. Ауданның дамуына өз үлесін қосып отырған «Еурохим Тыңайтқыш« және «Қазфосфат« ірі кәсіпорындарының маңызы ерекше.

Азық-түлік бағасы өсіп отырғанын жасыра алмаймыз. Өйткені өзімізден өндірілетін өнім аз.


Осы орайда ауыл тұрғындары бірінші кезекте өзін де, облыс халқын да өз азық-түлігімен қамтамасыз етуге барынша атсалысуы тиіс.

Әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға белсенді түрде қатысып, төмен пайызды несиелер арқылы өз кәсіптерін ашуға талпыну керек.

Біз өндіріс орындарының экологиялық нормаларды сақтауын, азаматтардың денсаулығын қорғауды қатаң бақылауда ұстаймыз. Бұл – биліктің негізгі міндеттернінің бірі.

Мен әкімдерге халықпен жиі кездесулер өткізіп, азаматтардың сауалдарына құлақ түріп отыру керектігін баса айтқым келеді. Әкімдердің есептері құрғақ баяндама, бос уәдемен өтпеу керек. Ондай жиындарда маңызды мәселелер көтеріліп, өткір сұрақтарға толық жауаптар берілуі тиіс.

Өз халқынан қорқатын әкім – басшы бола алмайды, – деп түйіндеді аймақ басшысы өз сөзін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x