Бас прокуратура Әбләзовтың түпкі мақсатын айтты

Dalanews 20 ақп. 2020 13:14 232

Елімізде тыйым салынған ҚДТ экстремистік ұйымының митингтер өткізу туралы заңсыз әрекеттеріне байланысты мәлімдеме жасалды.

Бас прокуратура қазақстандықтардан елде тыйым салынған "Қазақстан демократиялық таңдауы" (ҚДТ) экстремистік ұйымы мүшелерінің арандатуына еріп кетпеуге шақырады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бас прокуратураның түсініктемесі мен ескертпесіне қарамастан, әлеуметтік желілерде жекелеген тұлғалар, оның ішінде шетелден келген адамдар, сондай-ақ тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" экстремистік ұйымының жақтаушылары ел халқын заңсыз митингтерге қатысуға шақыруды жалғастырып жатыр.

Мұхтар Әблязовтың билікті күшпен құлатуға және оны басып алуға, әлеуметтік араздықты қоздыруға бағытталған үндеуін негізге ала отырып, сотпен ҚДТ-ның бүкіл Қазақстан бойынша іс-әрекеттеріне тыйым салынған экстремистік ұйым болып танылғанын ескертеміз.

Осы жағынан алғанда, "ҚДТ" экстремистік ұйымы бейбіт ұйымға жатпайды.


Оның кез-келген қызметіне қатысу ҚР Қылмыстық кодексінің 258-бабына, "Экстремистік әрекетті қаржыландыру және экстремизмнің басқа да түрлерін қаржыландыру" және 405-бабына, "Сот шешімімен тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу" бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартуға жатады.

Бұған қоса, бұқаралық іс-шараны өткізуге рұқсат алғанға дейін оны ұйымдастырушы, сондай-ақ басқа адамдар бұқаралық ақпарат құралдарында, Интернет желісінде немесе басқа ақпараттық желілерде оны өткізу күні, орны мен уақытын жариялауға құқылы емес.

Сондай-ақ, олар осы мақсатта парақшалар, плакаттар және басқа да соған ұқсас материалдарды дайындап, басып шығаруға және оны таратуға құқығы жоқ. Осы ережелерді бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабының 3-тармағына сәйкес, ұйымдастырушының жауапқа тартылуын қарастырады.

Басқаша айтқанда, 2020 жылғы 22 ақпанда заңсыз әрекеттерді ұйымдастырғаны және өткізгені үшін әкімшілік шаралар қабылданады (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы - Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу).

Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне айтарлықтай зиян тигізсе, кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылады (Қылмыстық кодекстің 400-бабы - егер олар елеулі залал келтірсе, рұқсат етілмеген іс-әрекетті ұйымдастыру немесе оған қатысу).

Сондай-ақ, 2019 жылғы 26 қарашадағы № 273-VІ З заңы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде 2019 жылғы желтоқсаннан бастап кәмелетке толмаған адамды заңсыз қоғамдық іс-әрекеттерге тарту, сондай-ақ оны қоғамдық, топтық немесе жеке мүдделерге пайдалану және оны наразылықтарға тарту үшін жауапкершілік енгізілгенін түсіндіреміз

Бұл құқық бұзушылық үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 128-бабының 2-бөлігінде 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе он күнге дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған.

Осыған байланысты, кез-келген адамның рұқсат етілмеген бұқаралық іс-шараны ұйымдастыру немесе оған қатысу әрекеті құқық қорғау органдарымен заңда белгіленген жауапкершілік шараларын қолдану арқылы тоқтатылады.

Бас прокуратура азаматтарды арандатушылыққа бой алдырмауға, қолданыстағы заңдарды қатаң сақтауға және заңсыз қоғамдық акцияларға қатыспауға шақырады.

- делінген хабарламада.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x