Қазақстанға алтын іздеп келген канадалықтың бастан кешкені

Dalanews 22 қаң. 2020 09:37 165

«Ұзақ жыл бойы Қазақстан Үкіметімен шайқасқан канадалық кәсіпкер сотта жеңіп шықты» деп жазыпты macleans.ca. Бұл не сот? Кімнен жеңілдік? Неден жаңылдық? Канадалыққа қанша өтемақы төлеуге тиістіміз?

Dalanews.kz Қазақстанға алтын іздеп келген шетелдік кәсіпкердің бастан кешкенін баян еткен мақаланы аударды.

«Пол Кэррол (Paul Carroll) Степногорскіге Кеңес үкіметі құлап, өндіріс тұралап, жұрт жұмыссыз қалған аумалы-төкпелі шақта келеді.

Ол тұстағы Степногорскі өркениет атаулыдан ада, тіршілік белгісі жоқ, атыс-шабыс фильмдер түсіруге әбден лайықты азып-тозған қала еді.

Қырғи-қабақ жылдары Степногорск сынақ алаңы болды. Осындағы өндірістік базаларда АҚШ-пен жанжалдасқан жағдайда "қажетке жарайтын" түрлі инфекциялық аурулар, оның ішінде сібір жарасының қоздырғышы жасырын сынақтан өтті.


Степногорск КСРО-ның биологиялық қару әзірлейтін негізгі шебінің бірі-тұғын. Коммунистер мұны құпияда ұстады. Қаланы картадан табудың өзі қиын еді.

Империя құлағаннан кейін қаланың қойнауындағы ауқымды уран кеніне қызығушылық танытқан шетелдік инвесторлар Степногорскіге ағылады.

Ал Пол ше? Пол Кэррол Қазақстанға әуелде алтын іздеп келген.

Сол сапар сәтсіз аяқталып, Кэррол осы елдің үкіметімен ширек ғасыр бойына шайқасып келді.

Торонтодағы тау-кен компаниясының төрағасы 80-ге тақаған шағында ақыры мақсатына жетті.

Осы елдің үкіметімен алысам деп Вашингтондағы сот залының, Стокгольм мен Лондондағы трибуналдың табалдырығын тоздырған Кэррол 21 жылға созылған күрестің жеңімпазы атанды.


Осы күнге дейінгі сот отырысында жамбасы жерге тимеген қазақтар ойламаған жерден ұтылды. Кэрролдың көмекшілері мен заңгерлері халықаралық сотқа әуел бастағы құжатта құйтырқы көп екенін дәлелдегеннен кейін әділ қазылар Қазақстан үкіметін канадалық кәсіпкерге 53 млн доллар өтемақы төлеуге міндеттеді.

Әжептәуір-ақ ақша. Алайда Кэрролдың оқиғасы КСРО-ның шекпенінен шыққан елдермен абайлап сөйлесіп, алыстан араласу керектегін дәлелдеді.

Кэррол, иә, Кэррол қазақтың уранына қызыққан жоқ. Империя құлдығынан кеше ғана құтылған Қазақстанға кәсіпкер 1995 жылы табан тірейді.

Қойнауындағы құдай берген байлықты игеруді жекешелендіруге көшкен балаң ел канадалық кәсіпкерді құшақ жая қарсы алған-тын.

Кэрролдың әуелдегі алтын өндірем деген арманы жүзеге асқан жоқ. Алайда өзге өндіріске көзі түсті.

Кэрролдың компаниясы (World Wide Minerals) мен Қазақстан үкіметі уран өңдеу әрі экспорттау бойынша келісімге қол қояды.  


«Егер осы уағда орындалса біз әзір әлемдегі ең ірі уран өндіруші компанияға айналар едік», – дейді бармағын тістеген кәсіпкер.

1996 жылы World Wide Minerals уран өңдейтін Целинный тау-химия комбинатының жұмысын жүргізуді мойнына алады. Тұралаған зауыттың жұмысын тірілту үшін компания Қазақстан үкіметіне бәленбәй миллион доллар қарыз беріп, комбинат жұмысшыларының жалақысы мен зейнетақысын өтейді.

«Осының есебінен Қазақстан Worldwide-қа уран экспорттауға рұқсат береді деп уағдаластық. Клиент іздедік. Таптық. Американың Consumers Energy, артынша Taiwan Power секілді компанияларына уран жеткізу жөнінде сөз байластық», – дейді кәсіпкер.

Алайда 1997 жылы Қазақстан аяқастынан құбылып, осы елдің үкіметі Кэрролдің компаниясына уран экпортына лицензия беруден бас тартқан.


Бастапқы келісімшартты қақ айырып, Кэрролдің компаниясын өзімен қоса елден қуып шыққан.

Қазақстан үкіметі лицензия бермеуінің себебін ел мүддесімен байланыстырады.

Канадалық кәсіпкердің пайдасына шешілген сооттан кейін осы Әділет министрлігі мәлімдеме жасады.

«Worldwide 1997 жылдың сәуір айынан бастап қызметкерлердің жалақысын төлемей Келісімшарттың шарттарын қайта-қайта бұзды.

ЦТХК-ның көптеген цехтарының жұмысы уақытша тоқтатылып, көмір қорлары таусылған.

 Бұл халық арасындағы әлеуметтік қысымның өсуін тудырды. Степногорск қаласындағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары күйреуге ұшырады, ал қала апат шегіндегі жағдайда болған.

Осындай жағдайларда Республика сенімді басқару туралы келісімді бұзу туралы шешім қабылдады», – делінген баспасөз мәлімдемесінде.

Канадалық кәсіпкердің мұнысымен келіскісі жоқ. Керісінше «Степногрскіні мен көркейттім» дейді.


«Жұмысшылардың жалақасы мен зейнетақысын біз өтедік. Екі жыл бойына қараусыз қалған цехтың жұмысына жан бітірдік», – дейді Кэррол.

Қазақстанның Әділет министрлігі біздің редакцияның (macleans.ca) пікір білдіру туралы өтінішіне жауап қатпады. Осы дауда Қазақстанның сойылын соққан АҚШ-тың ReedSmith заңгерлік фирмасынан да ақпарат ала алмадық.

Әйтсе де Worldwide тыныш кеткенді жөн көрмейді. Осы елге салған инвестициясын қайтарып алуға қарекет етіп, Қазақстан үкіметін сотқа сүйрейді.

2003 жылы АҚШ –тың Жоғарғы соты бұл істі қараудан бас тартады, Кэррол халықаралық арбитражға жүгінеді.

2010 жылы арбитр компанияның арыз-шағымын кері қайтарады.  Worldwide-ның істі сотқа жеткізуде кеш қимылдағанын айтып, Қазақстан заңнамасына сай бұл дауды қуалайтын мерзім өтіп кетті мәлімдейді.

Кэрролдің көмекшілері тығырықтан шығатын жол іздеп, ақыр аяғы 1989 жылы Канада мен КСРО-ның арасында қол қойылған ескі келісімшартқа жүгінеді.  


Мұндағы талапқа сай Worldwide-тың арызын қанағаттандыруға мұрагер мемлекет есебінде Қазақстан да міндетті болады.

Ақыр соңы Халықаралық арбитраж құнын даулаған кәсіпкердің уәжін дұрыс деп тауып, Қазақстан үкіметін 52,6 млн доллар өтемақы төлеуге міндеттейді.

Әйтсе де Кэрролдің бұған көңілі толмауда.

«53 млн доллар осы 21 жылда төккен терім мен жұқарған жүйкемнің өтеуі бола алмайды. Мен бұл елден 1 млрд доллар өндіріп алуға шағым түсіргенмін. Worldwide-тің 4 мың акционері бар. Олар әлгі 53 млн-ға тәубе етпейді», – дейді канадалық.

Бұл іске әзір нүкте қойылған жоқ. Қазақстанның Әділет министрлігі Кэрролға қарсы шағым түсіруге әзірленіп жатыр.

Десе де аз көлемдегі өтемақыны назарға алған министрлік арбитраждың шешімі Қазақстан үшін қолайлы болды деп есептейді...

 

Әзірлеген Думан БЫҚАЙ




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x