Қасым-Жомарт Тоқаев: "Қазақстанда жұп билік жоқ"

Dalanews 05 желт. 2019 05:10 187

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға сапарының алдында немістің Deutsche Welle агенттігіне сұхбат берді. Тоқаевпен осыдан төрт жыл жыл бұрын оққа ұшқан орыс оппозиционері Борис Немцовтың қызы - Жанна Немцова сауалдасты.

Думан БЫҚАЙ




Журналистің "Қазақстандағы билік транзиті мен 2008 жылғы Ресейдегі сайлау сценариінің арасында ұқсастық бар ма?" деген сұрағына Тоқаев өзге елдің ішкі ісіне араласпайтынын айтып жауап берді.

"Ал Қазақстанға келсек мұнда шын мәніндегі саяси инновация болды. Назарбаев қазіргі Қазақстанның қабырғасын қалаған адам. Ұлт көсемі. Елбасы. Ол әлі де болса Қауіпсіздік кеңесіне жетекшілік етеді.

Өзіме қатысты айтсам мен Қазақстанның заңды түрде сайланған Президентімін әрі Бас қолбасшымын.

Екеуіміздің арамызда қандай да бір қарама-қайшылық жоқ. Қырғи-қабақ емеспіз. Иә, ақылдасып, кеңесіп тұрамыз. Көрген-түйгені көп адам ретінде ара-тұра жөн сұрап тұрамын.


Кейбіреу айтып жүргендей Қазақстанда жұп билік жоқ", - деді Тоқаев. 

...

Осы арада Қазақстандағы қос билікке қатысты қауесетті Назарбаевтың өзі жоққа шығарғанын алға тартты.

"Түнеукүнгі партия жиынында Назарбаев халықты қазіргі президенттің төңірегіне топтасуға шақырды. Оған осы үшін де алғыс айтамын" - деді Мемлекет басшысы.
...

Немцова президенттің бұдан бір жыл бұрынғы "ішкі және сыртқы саясаттағы соңғы сөзді Назарбаев айтады" деген мәлімдемесін мысалға келтірді.

Тоқаев стратегиялық шешім шығаруда Назарбаевтың шешуші рөл атқаратынын жасырған жоқ.

"Солай бола тұра ол мемлекетті бір адам басқаруы керектігін жете түсінеді. Менің сыртқы саясаттағы тәжірибем мол, бұған қоса Үкіметті басқарғаным бар... Тоқ етерін айтқанда біз бір-бірімізді толықтырамыз" –деді Тоқаев. Президент бұдан жапа шекпейтінін айтады.

Оның пікірінше Назарбаевтың әлі де айтары бар.
...
Президент пен Елбасының құзіреті қалай айқындалғаны қызықтырған тілшінің сауалына Тоқаев анық жауап берген жоқ.

Немцова әзір Тәшкентте жүрген Назарбаевты тілге тиек етті. Ол Орта Азия елдері басшыларының консультативтік кеңесіне қатысуда.

"Бұл форматтың авторы Елбасының өзі. Геосаяси тұрғыда осы аймақ аса маңызды. Аймақтағы бес елдің ұстанымы, көзқарасы үнемі үйлесе бермейді. Мұндай жұмыспен Мемлекет басшылары айналысқаны жөн. Осы істі Елбасы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев бақылауына алған", - деді Тоқаев.
...

Deutsche Welle тілшісі Астананың атауын Нұрсұлтан деп өзгертуге Тоқаевтың бастамашы болғанын, астана әуежайы Нұрсұлтан деп өзгергенін, қаланың қақ ортасында Назарбаев ескерткіші барын еске салды.

[perfectpullquote align="full" bordertop="false" cite="" link="" color="" class="" size=""]"Тұңғыш Президент күні тағы бар. Бұл  жеке басқа табынудың белгісі емес пе?" деді Немцова.
Тоқаев бұл уәжбен келіспеді.[/perfectpullquote]

Оның айтуынша Назарбаев тарихи тұлға. Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын құйған, түптеп келгенде жаңа тарихи жағдайда қазақ мемлекеттігін қалыптастырған осы - Назарбаев.

"Біз оның еңбегін лайықты бағалауымыз керек. Асыра сілтедік деп те санамаймын. Астананың атын ауыстырғанымыз сізге ұнамай отырған секілді", – деді Президент тілшіге қарата.

Оның ойынша мұнда жеке басқа табыну белгісі жоқ. Тоқаев астананың атауы Назарбаев орын босатқаннан кейін барып өзгергенін, қаланың дамуы бұрынғы президенттің есімімен байланысты екенін еске салды.

Тұңғыш Президентті сынауға бола ма?


...деген Deutsche Welle тілшісінің сауалына Тоқаев "неге болмасқа?!" деп жауап беріп,  мұны былайша түсіндірді.

"Қазақстан тұрғындары Тұңғыш президентті сынайды. Әлеуметтік желінің заманында бұған тоқтау сала алмаймыз. Интернет өмірімізді түбегейлі өзгертті. Ой-пікірін ортаға салғысы келген сан мыңдаған адамға еркіндік берді. Тұңғыш президентті ешкім сынамайды кесіп деп айтуға болмайды" деді Тоқаев.

Бұдан бөлек ереуілге шыққандарға қарсы полицияның арнайы құралдар қолданбағанын және бұл тікелей өз бұйрығы болғанын, арнайы жасақтың алаңдағы арандатушыларды жалаң қолмен құрықтағанын мысалға келтірді.

"Митингтер туралы" заң Ұлттық кеңес мүшелерімен ақылдаса өзгеретінін мәлімдеген Тоқаев заңның демократиялық үрдіске бейімделетінін айтты.


"Мен либералдандыру деген сөзді ұнатпаймын. Жаңа заңға сай елді алаңға бастап шыққан азаматтар қоғамдық тәртіптің сақталуын толықтай мойнына алады және митингіге қатысы жоқ халықтың, оның ішінде Үкіметті қолдайтын қауымның құқығына қол сұқпайды.

Қоғамдық тәртіпті бұзбай, билікке арыз-шағым айту үшін ғана алаңға шыққан бейбіт тұрғындарға қандай бір жазалау шарасын қолданбаймыз", - деді Тоқаев.
...
Сұхбат барысында Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі сөз болды.
Президент кириллицадан латын әліпбиіне ауысқан Қазақстанның Ресейден іргесін аулақ салмайтынын айтты.

"Біз орыс тіліне тиісіп жатқан жоқпыз. Қазақ тілі реформалануда. Әліпбидің осыған дейінгі үш үлгісіне де көңілім толған жоқ. Жаңадан әзірлеуді тапсырдым. Қазақ тілінің ауқымын кеңейту үшін латын әліпбиіне көшуіміз керек. Бұл түркі әлемімен тізе қосу үшін қажет. Бірақ бұл кириллицадан бас тартқанымыз емес", - деді Тоқаев.
...
Deutsche Welle тілшісі Тоқаевтың Украинаның шығысындағы ахуал, Қырым түбегін басып алған Ресейге қатысты көзқарасын білді.

"Біз Қырымдағы жағдайды аннексия деп атамайыз. Қырымға қатысты айтқанда бұл тым ауыр сөз. Болар іс болды.

Сіздер ойлағандай Украинадан кейін Ресей бізге ауыз салады қорыққан жоқпыз.


Біз бен Ресейдің арасында берік достық, мықты байланыс орнаған. Ресей басшылығының көргенділігіне, даналығына күмәнданған жоқпыз. Біз бақылаушы позициясындамыз", - деді Президент.

Сөз арасында Мемлекет басшысы Минскі келіссөздері Назарбаевтың бастамасымен қолға алынғанына тоқталды.
...
Сұхбат барысында тілші Тоқаевтан Шыңжаңдағы саяси лагерьлер туралы сұрады.

"Мұнда ұйғырлар ғана емес, қазақтар да көп деп естідік. Осы мәселе бойынша келіссөз жүруде ме?" деді Жанна Немцова.

Тоқаев Шыңжаң өлкесінде тұратын тұрғындар Қытай азаматы екенін еске салды.

"Ал этникалық қазақтар Қытай да ғана емес, басқа да елдерде тұрады. Неміс жерінде де қазақтар бар. "Саяси үйрену орталықтарында қазақтар бар" деп атойлап жатқан адам құқығын қорғау ұйымдарының мәліметі анықтауды қажет етеді.

Жақында бізде этникалық қазақтардың форумы өтті. Әлемнің әр түкіпірінен келген қандастардың алдында Сыртқы істер министрлігіндегі басшылардың бірі сөз сөйлеп, осы мәселе бойынша түсініктеме берді.

Қытайдағы қысым көрген қазақтарға қатысты Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары берген мәліметтің көпшілігі шындыққа сай емес.


Осы мәселені ушықтыру сипаты бар. Мұның аржағында геосаясат жатқанын жақсы түсінеміз. Қытай мен АҚШ-тың арасындағы сауда соғысы немен аяқталары белгісіз. Біздін ел жаһандық антиқытайлық майданның территориясына айналмауы керек.

Қытайдағы әлгіндей орталықтарға қазақтарды әкеп қамап жатыр деген ақпар шындыққа жанаспайды, - деп түйіндеді Тоқаев.

Сұхбатының соңында Мемлекет басшысы Германияға сапары туралы айтып, қазақстандық нарықтың есігі неміс капиталы үшін әрдайым ашық деп мәлімдеді. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x