Қабдеш Жұмаділов: "Қажығұмар Назарбаевтың атына екі рет хат жазды"

Dalanews 28 қар. 2019 07:04 250

Әйгілі "Қылмыс" романының авторы Қажығұмар Шабданұлы көзі тірісінде Назарбаевтың атына екі рет хат жазған. Алайда екеуінен де жауап болмаған. Бұл туралы жазушы Қабдеш Жұмаділов "Қала мен Дала" берген сұхбатында айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

"Қала мен Дала": Қабдеш аға, әңгімені өзіңіз құрметтейтін адамнан бастасақ. Қажығұмар Шабданұлының 6 томдық «Қылмыс» романын елімен қауыштырдыңыз. Келер жылы Қажекеңнің туғанына 95 жыл толады. Осыған байланысты Жазушылар одағында тағдырлы қаламгердің кітабын шығару, мерейтойын атап өту жөнінде не тіршілік бар?

Қ.Жұмаділов: Қажығұмар Шабданұлы 1925 жылы Семей облысы Үржар өңірінде дүниеге келген. Жеті жасында үй ішімен Шәуешекке өткен ғой. Ашаршылықта елдің бәрі босып жатқан кез. Содан кейінгі өмірі арғы бетте өтті.

Сексеннен асып барып, 2011 жылы Шәуешекте қайтты. Екі рет хат жазды Назарбаевтың атына.


«Сіз Қазақстанның ғана емес, жер жүзіндегі қазақтардың  Президентісіз. Елдің иесісіз. Маған да ие болыңыз. Қытайда қырық жыл түрмеде болған, көп кітап жазған адаммын. 10 томдық шығармаларымды дайындап қойып отырмын. Өз жеріме барып жатқым келеді. Маған екі метр жер беріңіздер өзімнің атақонысымнан» деп жазды.

Хат алдымен Жазушылар одағына келді. Біз өңдеп, қазіргі әріпке көшіріп, діттеген  жеріне табыс еттік. Бірақ одан ешқандай қозғалыс болмады. Өлгеннен кейін де сүйегін әкеліп жерлейік деген талап болды. Бірақ ата жұртына өзі де жете алмады, сүйегі де жете алмады. Шәуешектегі мұсылмандар зиратының бір шетінде жатыр.

Қажығұмар үлкен жазушы еді. «Қылмыс» романының  6 томдығын мен осы елде қайта  бастырдым. Оның екі томы бұрын ана жақта шыққан. Қалған төрт томы түрмеде жазылды. Қолжазбаларының бізге жетуінің өзі бір хикая. Туристердің, ағайыншылап келген елдің қоржынында келді. Көшпен бірге, теңнің арасында келді. Қысқасы, неше түрлі контрабандалық жолмен маған жетті. Бірден 6 томды басып шығару оңай шаруа емес. Төтешеден криллицаға көшіріп, оны компьютерге түсіріп, қатесін түзеп, кейбір терминдерін осы жаққа бейімдедік.

Қолжазба дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасында 3 жыл бойы сейфінде жатты. Қауымдастық басшысы Талғат Мамашев Қажығұмар мұрасына салғырт қарады. Жазушының бағына Мұхтар Құл-Мұхаммед мәдениет министрі болып келе қалды. Үкімет атынан 6 томға ақша бөлдірді. Қысқасы, Мұхтар Құл-Мұхаммед көмегімен 6 томдық «Қылмыс»  романы жарыққа шықты.

"Қала мен Дала": Қажекең көзі тірісінде Алматыда басылған сол кітаптарын көрді ме екен?

Қ.Жұмаділов: Көріпті. «Жас Алаш» газетінің қызметкері Ерік Рахым деген азамат  Шәуешекке арнайы  барып, жасырып апарған кітабын Қажекеңе көрсетіпті. Ерік айтады: «Еңкілдеп жылады» дейді кітабын көргенде. «Апыр-ай, кітабым елге жеткен екен ғой. Кітабыма қамқор болған азаматтарға  рақмет» деп қатты разы болыпты.

Бес жылдан кейін Қажекеңнің туғанына 100 жыл толады. Келер жылы 95 жыл. Жазушылар одағы келер жылы Қажекеңнің мерейтойын атап өтеді.

Сұхбаттың толық нұсқасын "Қала мен Дала" газетінен оқи аласыз: 



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x