Досым Сәтпаев: "Халықты тұншықтыра бергеннен түк шықпайды"

Dalanews 20 қар. 2019 13:07 227

Медиабизнесмен Арманжан Байтасов саясаттанушы Досым Сәтпаевты ашық әңгімеге шақырған екен. Емен-жарқын басталған екеудің арасындағы диалог қыза келе нағыз пікір қайшыласқан, принциптер текетірескен додаға ұласыпты. Dalanews.kz осы дискуссиядан кішігірім үзінді ұсынады.

Байтасовтың бастапқы сауалы партияға қатысты болды. Түнеукүні оппозиция қатарындағы қоғамға танымал үш азамат тізе қосып демократиялық партия құратынын хабарлаған-тұғын.

Байтасов: «Партия құруды қазірге межелегені қалай және неге дәл осы үшеуі ұжымдаса қалды?».

Сәтпаев:
«Естіген боларсыз өткенде Мэлс Елеусізов те экологиялық партия құратынын хабарлаған.
Ал жаңа демпартияның құрылу себептерін ЖСДП-ны жікке бөлген конфликтімен байланыстырамын. Партияның сол тұстағы төрағасы Ермұрат Бапи тізгінді Жанболат Мамайға тапсырмақ еді.

Бұған Бапидің партияластарының біразы қарсы болып, ақыр аяғы Жанболат Мамай, Төлеген Жүкеев және Сергей Дуванов үшеуі жеке "отау құрды".

Бұл үшеуі біздің елдің тарихында бұрын-соңды болмаған тосын әдіске жүгінбек. Партия мүшелерінің қатарын көбейту үшін әлеуметтік желіге арқа сүйемекші. Ескірген, тапталған сүрлеумен жүргісі жоқ бұл үшеуінің.

Әлбетте партия құрамыз дегендері біз үшін таңсық емес. Осы 30 жылда талайы келіп, талай кетті, оның ішінде «Ақ жол» мен «Азат» та бар"- дейді саясаттанушы.

Әйтсе де Сәтпаевтың пайымдауында бұл құптарлық іс. Саяси өмірдегі өлі тыныштықтан қажыған халық жаңа ойыншылардың келуін асыға күтіп отыр.


- Айтудайын айтты-ау. Алайда тіркетер ме екен оларды? Билікті тағы бір сынақ күтіп тұр, анығында. Бұл жолғысы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда күрделі, салмақты сынақ.

Партиялар туралы қазіргі заңның өрескел тұстары өте көп – тіркеуден өту үшін 40 мың адамның қолын жинау, әр облыстан офис ашу өркениетті елдер күлетіндей тірлік.

Мұндай заңның қандай мақсатпен қабылданғаны да бесенеден белгілі. Партияны тіркетуге қажетті көрсеткішті 20 мың адамға дейін төмендету және өңірлерге қатысты талапты жұмсарту қажет-ақ".


Байтасов ойын ұштай түскісі келген қонағының сөзін осы арадан үзіп "Мұндай тәуекелге барса саяси күштер көбейіп кетпей ме?" деген сауал қойды.

- Көбейсе не болыпты? Көбейгеннен қорқудың қажеті жоқ. Жалғыз "Нұр Отан" күллі елдің көзқарасын білдірмесе керек.
Тіпті жастардың өзі тарам-тарам. Ауыл жастары, қала жастары, қазақтілді, орыстілді жастарға бөлінген бүгінгі буын. Әрқайсысының саяси көшбасшы қандай болуы керек дегенге өз түсінігі, өз тұжырымы бар.
Партияның көбейгенінен қорқудың жөні жоқ. Елдің сөзін сөйлеу үшін олар от пен судан өтіп, бақталастықтың, бәсекенің дәмін татуы тиіс.
Қоғам ұлттық демократиялық бағыттағы жаңа саяси күштерге сусап отыр, тіпті экологиялық партияларға да парламенттен орын табылуы тиіс, елдің экологиялық сауаты өсіп келеді өйткені" - деді Досым мырза.

Кезектен тыс парламент сайлауына қатысты пікірін айтқан Сәтпаев әзір сайлау өткізуге негіз жоқ деп санайды.


- Маған сайлаудың мерзімі маңызды емес, науқан өтердің алдында қандай құрылымдық өзгерістер болатыны қызығырақ.
Сайлау өткізбес бұрын саяси партиялар туралы заңды өзгерту, депутаттар құрамын теңдесту үшін парламентке өзін өзін ұсынған азаматтарды қайтару қажет.

Ал егерде... - дейді Сәтпаев. Жаңа саяси күштер пайда болмаса баяғы жартастың басында сопиған күйімізде қаламыз.

Халық дауыс еркіндігіне, таңдау еркіндігіне мұхтаж. Елге нақты саясаткерді таңдап, соған дауыс беретіндей мүмкіндік жасалуы керек.

Қоғамның үнін тұншықтыра бергеннен түк ұтпасын, оның да бір күні булығатынын бүгінгі жүйе түсінетін кезге жетті.


Байтасов қолтығы қызып келе жатқан үзеңгілесінің сөзін жол ортадан үзіп, әңгіме ауанын басқа арнаға бұрды осы кезде.

[perfectpullquote align="full" bordertop="false" cite="" link="" color="" class="" size=""]Ұлттық қоғамдық кеңеске Досымның не себепті кірмегенін, бәлкім кіргісі келмегенін білгісі келді Байтасов.
Сөйтсе Сәтпаевты шақырмапты. Өзі айтты бұл туралы.[/perfectpullquote]

- Оның үстіне Ұлттық кеңесте көтерілген мәселерді мен соңғы 15 жыл бойы жыр қылып жұрмін.
Жаңа бір алаңның пайда болғаны жақсы үрдіс, әйтсе де Ұлттық кеңес пен Парламент бірін-бірі copypasta-п қоя ма деген қауіп бар...- деді кеңестің жұмысындағы шикіліктердің шетін шығарған саясаттанушы.

Байтасов қонағының сөзін құп алмай, "Келіспеймін. Ұлттық кеңес өз арнасын тапқан, төрт құбыласы түгел, толыққанды ұйым" деп тойтарыс берді.

Сәтпаев жалма-жан жауап қатты оған.

- Ұлттық кеңестің статусын қарасаңыз шешім қабылдау мүмкіндігін шектеп тастаған, елдің мұңы, халықтың қамы сөз болғанмен шешім қабылдайтын қабілеті болмағандықтан айтылған сөз құмға сіңіп жоғала ма деп қауіптенем.

Жалпы Ұлттық кеңесті құрмай тұра, алдымен парламенттік реформа жүргізу еді, - деді Сәтпаев тағы бір толғақты мәселенің шетін шығарып.

Саясаттанушы жаңадан құрылатын кейбір саяси ұйымдардың қаржы тапшылығына байланысты парламенттен орын аларына күмәнмен қарайды.

Байтасов пікірлесінің бұл пайымымен де келіспейтін сыңай танытты.

- Қазір бұрынғыдай емес Досеке, жуан байлардың (олигархтардың) ақшасы рөл ойнамайды, бастысы елдің ынта ықыласы ғой - деді Арманжан мырза сайлауға сілтеп.

"Сайлаудың әділ өткеніне мүдделі мыңдаған бақылаушы білекті түріп тастап науқанның бел ортасында жүрді" - деді ол.


- Қайдам... Жаңа партияларды тіркемей, тентіретіп жібермесе болғаны - деді Сәтпаев бұл жүйенің жұмсара қалғанына сенбейтінін аңғартып.

Байтасовтың бұған берер жауабы да әзір болып шықты.

"Әйткенмен жақсыға жориық. Егер заң орындалып, жарлық жаңарып жатса партияны тіркемей қайда қашар дейсіз" - деді медиабизнесмен.

"Иә, сен жақсыға жорығышсың" - деді Сәтпаев сөзді көбейткісі келмей.

Байтасов бұдан соң Досымның күнкөрісіне, табысты қалай, қалай табарына қатысты сауал қойды.

Байтасов: "Сіздер Батыстан қырғын ақша алып ішімізді ірітіп жүр" дейді әлдекімдер...

Сәтпаев: Ареке, мұны маған емес Форбстың ұшар басында тұрғандарға қойғаныңыз дұрыс-ау? Олар мұншама байлыққа қалай кенеліп жүр? - деп қарсы сұрақ қойды Сәтпаев.

"Біз бұл дайында жиі сұраймыз" - деп жылы жаба салды Байтасов.
Досым мырза Тәуекелді бағалайтын компания құрғанын, қазір бұл ұйым шетелдік компанияларға ақыл-кеңес беретінін айтты.

Компаниядан түскен табысты жеке жобаларын қаржыландыруға жұмсайтынын да жасырған жоқ.
"Оның ішінде кітапқа көңіл қойдық. Осыған дейін түрлі тақырыптағы 10 кітап шығардым" дейді ол.
Байтасов: "Елге келгісі келетін инвесторға қандай кеңес берер едің?".

Сәтпаев: "Кезінде ТМД -ға көз тігетін инвестор Ресей, Қазақстан, Украинамен шектелетін. Қазір бұл тізімге Өзбекстан қосылды.
Бұл ел инвестор үшін қазір Қазақстаннан да қызық, себебі саяси шаруасын шешкен, біздегі жарым-жартылай транзит инвесторды тартынып жұмыс істеуге мәжбүрлейді".

Бұдан кейінгі әңгіме сотталған синолог Константин Сыроежкинге қарай ойысты.

- Қазақстанда кәсіпкер болсын, саясаткер болсын бәрі де иненің ұшында, пышақтың жүзінде жүр. Ешкім қорғалмаған. Басың бәлеге қалса ешкім ара түсе алмайды. Тіпті элитаның арасында да алшаң басып жүретіндер аз.

Қазіргі құқықтық жүйе заңды жаттап, әдеп сақтап жүрсең де қауіпсіздігіңе кепілдік бере алмайды. Бәрімізді дүрбі сап бақылап отыр.

Фемидамыздың көзі таңулы, аузы жабулы. Соттар саяси жүйенің қолбаласы, билік сот жүйесін өзінің сойылсоғары қылып алды. 
Заң бар. Бірақ адам құқығын қорғауға дәрменсіз. Мешел. Меңіреу.
Адамның тағдырын заңның үкімі емес, қолында билігі бардың бір ғана қоңырауы шешетін елде өмір сүреміз.
Бұл іріп-шіріген жүйе толықтай қирауы керек - дейді саясаттанушы.

Сәтпаевтың сөзінше бүгінгі саяси жүйеде келмеске кеткен кеңестік системаның сарқыншағы бар.
Қазіргі жағдай 80 жылдарды еске түсіретінін айтты ол.

- Өз басым радикалды өзгерісті құптамаймын - деді осы арада Байтасов. Ал өзің ше, саясатқа араласар ойың бар ма, депутаттыққа таласқың келмей ме?


- Біздің парламент бұған лайық емес, - кесіп айтты Сәтпаев. - Егер жүйеде өзгеріс орнап, саяси реформа жүргізілер болса әлбетте бақ сынап көруге болар еді. Ал әзірге өзгерістің аты бар да, заты жоқ. Демократиялық реформалар жүргізуге жұлқынып тұрған жүйені көріп тұрған жоқпын.

Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x