"Өзбекстаннан үміт бар". Орта Азиядағы адам құқығының шынайы ахуалы қандай?

Dalanews 13 шіл. 2019 03:18 212

Орта Азия елдерінің тәуелсіздік алғанына 30 жылға жуықтады. КСРО құлағасын, Мәскеудің диктатынан құтылып, дербес отау құрған аймақтағы бес ел – демократия соқпағына түседі деген сенім болған.

Алайда өтпелі кезеңнің катаклизмдері аймақтағы демократияға деген көзқарасты күрт өзгертті.

Демократияның догмаларымен бетпе-бет келген аймақ елдері Батыс пен АҚШ-тың құндылықтарын қабылдауға әзір болмады. Қазір. Қазір Орта Азиядағы демократияның аты болғанмен, заты жоқ.

Аймақтағы сөз бостандығы және адам құқығының сақталуын сүзе зерттеген Human Rights Watch (НRW) өкілдері осындай ұйғарымға келіпті.

«Dalanews.kz» қор мамандарының адам құқығына қатысты баяндамасын шолып шығып, НRW-дің Орта Азияға қатысты көзқарасын ортаға салуды жөн көрді.

«Орта Азия елдерінің көшбасшылары адам құқықтарының тапталмауына басты назар аударуы тиіс. Адам құқығын қорғау адам капиталына көңіл бөлуді білдіреді. 70 млн-нан аса адам тұратын аймақ экономикасының өсімі адам құқығының сақталуымен сабақтасып жатыр», – дейді қор өкілдері.

Қордың Орта Азия бойынша жауапты маманы Хью Уильямсонның айтуынша, аймақ елдері басшылары «тұншыққан» жұртты буындыра беруді доғарып, белсенділердің жанайқайына құлақ түргені жөн.

«Саяси қуғын-сүргінді тоқтатып, саяси тұтқындарды босату – Орта Азия үшін демократия құндылықтарын қабылдаудың алғашқы алғышарты. Өзбекстан осы тұрғыда өзгеріп жатыр. Билікке Мирзияев келгелі елдегі адам құқығының ахуалы жақсарып, түзеліп келеді.

Бұл үрдістен Қырғызстан да қалыс қалған жоқ. Атамбаевтың тұсында сөз бостандығын «тұсаулау» қалыпты құбылыс еді, билікке Жәнібеков келгелі тәуелсіз БАҚ-қа қырғидай тиетін оқиғалар сиреуде.


Аймақтағы өзге елдерде өзгеріс жоқ. Керісінше, жыл өткен сайын адам құқығы аяққа тапталатын, сөз бостандығы сақталмайтын небір сорақы жағдайдың куәсі болудамыз» дейді ол.

НRW өкілдерінің айтуынша, аймақтағы адам құқығы мен сөз бостандығының ахуалын жақсартуда Орта Азия басшыларының ерік-жігері үлкен рөл ойнайды. Бұл ретте қор мамандары аймақтағы әрбір елге жеке-жеке тоқталыпты.



 

Қазақстан


Демократия үшін билік сынау қалыпты, қажетті үрдіс. Мұның түсіну оңай болғанман, қабылдау қиынға соғып тұр.

Айталық, Қазақстанда сөз бостандығы жоқ, митингтерге рұқсат етілмеген. Тәуелсіз қауымдастықтар саясатқа қойын-қолтық араласып, сайлауға қатыса алмайды. Тәуелсіз кәсіподақтар жоқтың қасы. 2014 жылы кәсіподақтар туралы заңға өзгеріс енгізіліп, олардың кең тыныстауына мүмкіндік беріледі деген Үкіметтің уәдесі сөз жүзінде қалды.

Кәсіподақтардың екі көшбасшысы еркіндікке шыққанмен, жалған жала жабылған біреуі әлі де абақтыда. Макс Боқаевтың алдағы уақытта еркіндікке шығар-шықпасы белгісіз. Елдегі оппозициялық қозғалысты сот «экстремистік» деп сараптап тыйым салған, қозғалыс мүшелері қуғын-сүргінге ұшыраған.

 

Қырғызстан


Қырғызстандағы адам құқының ахуалына құқыққорғаушы Әзімжан Асқаровтың үстінен қозғалған қылмыстық іс пен әділетсіз үкім қара дақ түсіріп тұр. Асқаров өмір бойға бас бостандығынан айырылған.

Қырғызстандағы тәуелсіз БАҚ Қазақстанға қарағанда әлдеқайда еркін, оларды «тұншықтыру» инциденттері сирек тіркеледі, дегенмен әйел құқығын қорғау, әйелді зорлық-зомбылықтан арашалауға келгенде жаға ұстарар жағдайға куәміз.

Экстермизммен күресуге оқталған билік асыра сілтеп жібергенін аңдамай қалды. Экстремизмның мәні мен мазмұнын жете түсінбеген күш құрылымдары мемлекет мүддесіне қайшы келетін мәліметтерді сақтаған азаматтарды тым ауыр жазалады. Олармен сұхбаттасып, қол ұшын созып, бетін бұрудың орнынан бірден-ақ абақтыға жөнелтіп жіберді.

 

Тәжікстан


Тәжікстандағы адам құқығының ахуалы әдеттегідей «тұрақты». Жыл өткен сайын сөз бостандығының тынысы тарылып, адам құқығы аяққа тапталған жағдайлар жиілеп, оппозицияның аузы-мұрны оталып, жүйені жек көретін саяси тұтқындар түрмеге тоғытылып жатыр. Бұл түрімен Тәжікстан келе-келе Солтүстік Кореяның күйін кешеді.

Дәл қазір саяси белсенділігі үшін қудаланған 150 тұтқын түрмеде отыр. Олардың арасында адвокаттар мен журналистер де бар. Ал елдегі ахуалға шыдамай, жер аударған саяси қайраткерлердің Тәжікстанда қалған туыс-туғандары алыстағы ағайыны үшін жүйенің азабын тартуда.

 

Түркіменстан


Бұл ел Тәжікстанның көшірмесі іспеттес, тіпті кей кездері одан да асып түсуде. Түркіменстан әлемдегі ең жабық әлі ең репрессивті елдердің бірі. Былтыр бұл ел терең тоқырауға ұшырап, жұрттың жейтін азығы тақа таусылған деңгейге жетті. Билік азық-түліктен тарылған тұрғындарға көмек қолын созғаны былай тұрсын, сырт елге барып нәпақа табуға  да рұқсат етпеді.

Ашхабадтың айналасындағы қаланың кетеуін кетіріп тұрған үйлердің бірталайы талқандалып, баспанасыз қалған қожайындарына өтемақы төленген жоқ. Елде саяси және діни көзқарасын ашық айтқан адамды азап күтіп түр. Ақпарат атаулы түгелдей биліктің сүзгісінен өтіп таралады.

 

Өзбекстан


Шавкат Мирзияевтың ел басқарғанына үшінші жылға аяқ басты. Осы уақытта ол демократияның отын маздатқан бірқатар маңызды реформалар жасап үлгерді. Көп жыл күннің көзін көрмей абақтыда отырған саяси тұтқындар мен танымал журналист бостандыққа шықты. Елдегі тәуелсіз БАҚ-қа біршама еркіндік берілді. Мақта өндірісінде заңсыз жұмысқа шегілген бала-шаға мен мұғалімдердің мәселесі май шаммен қаралып, Үкімет бұдан былай мұндайды болдырмауға уәде етті.

Дегенмен Өзбекстан әлі де авторитарлы деген атаудан арылған жоқ. Билік күн құрғатпай қолға алуға тиісті көптеген саяси реформалар Мирзиявтың тартпасында жатыр.


Күш құрылымдарының биліктегі ықпалы әлі де төмендеген жоқ, саяси плюрализм мен әділ сайлау туралы айтуға әлі де ерте. Саяси тұтқындардың біразы еркіндік алғанман, саяси қызметі үшін қудалағанған мыңдаған адам түрме азабын тартуда. 

P.S. Қордың Орта Азия бойынша жауапты маманы Хью Уильямсон бұл орайда: «АҚШ пен Батыс Орта Азияға нақты талаптар қоюы керек. Экономикалық реформа саяси реформа жүргізілмей жүзеге аспайды. Адам құқығы мен адам капиталы тығыз байланысты. Орта Азия демократиялық құндылықтарды толық қабылдаған кезде аймаққа келетін инвестиция бүгінгіден жүздеген есе артық болады» дейді ол.

Ляйля Болтаева


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x