Орта Азия жастары. Олар нені армандайды?

Dalanews 25 мау. 2019 04:22 262

 Орта Азиядағы бес мемлекетте жаңа буын ер жетіп, өмірге араласа бастады. Олардың саясатқа, қоғамға, дәстүрге, отбасы құндылықтарына қатысты көзқарасы қандай? Олар нені армандайды? Өзі тұратын елді өзгертуді қалай ма? Неге қызығады? Неге ұмтылады?

Осы сауалды Орта Азия жастарына қойған Фридрих Эберт атындағы қор өкілдері мынадай бір қызықты тоқтамға келіпті:

«Адамгершілікке қатысты құндылықтар мен өмірлік мақсат-мұратын талқылау барысында сауалнамаға қатысқан жастардың 61 пайызы жеке басының абыройын сақтауды ең маңызды орынға қойды. Жастардың 66 пайызы «әділдік адамның өмір сүру деңгейінің ұқсастығында көрініс табуы тиіс» деген пікір білдірді.

Материалдық тұрғыдан – әлеуметтік мәртебе мен байлыққа ұмтылу екінші және үшінші орынды иеленді. Бұл осы отыз жылда Орта Азияда өмірге келген ұрпақ үшін мансапқорлықтың басты орында тұрмағанын айғақтап тұр»,  – дейді қор өкілдері.

Dalanews.kz қор сарапшыларының төрт жыл бойына жүргізген «Орта Азия жастары»  әлеуметтік зерттеуін назарыңызға ұсынады.

Аймақтағы 1985-2000-шы жылдар аралығында өмірге келген жастармен тілдескен қор сарапшылары барлығы 5000-ға тарта азаматты сөзге тартыпты.

Олардың діни көзқарасы


Аймақтағы жастар бос уақытын қалай өткізеді, немес айналысады, неге қызығады? Өмірлік мақсат-мұраты қандай?

Қор сарапшысы Ботагөз Рақышеваның айтуынша, Орта Азия жастары жалпы алғанда діннің қоғам өміріндегі рөлін көтеруді қолдайды екен.


Сауалнамаға қатысқан жастар: «діннің қоғамдағы рөлін көтеру үшін діни білімнің деңгейін өсіру қажет» деп жауап берген.

Жастардың 99 пайызы дінге сенетінін, бұлардың ішінде 31 пайызы дін жолымен жүріп, барлық діни рәсімдер мен ұстанымдарды ұстанынын айтқан.

«Аймақтағы жастардың 97 пайызы жұмақ пен тозақтың бар екеніне шүбәсіз сенеді. Жас атеистердің саны жөнінен Қазақстан алдыңғы орында (2 пайыз). Жалпы алғанда Кеңес одағы құдайсыздықты санаға сіңіргенмен, Орта Азиядағы діни наным-сенімді өзгерте алмады», – деді қор сарапшылары.

Қор зерттеушілерін аймақ жастарының арақ-шарапқа деген көзқарасын қызықтырыпты. Сауалнамаға қатысқан Қазақстан жастарының 56 пайызы және Тәжікстан жастарының 87 пайызы алкоголь өнімдерін мүлде татып алмағанын және арақ-шарап ішуді мүлде құптамайтынын айтыпты.

Тәуелсіздік тұсында өмірге келген Қазақстан жастарының 61 пайызы темекі өнімдерін тұтынбайды.

Олардың арманы 


Аймақта «дипломға байлану» түсінігі басым.

Бұл ретте Dalanews.kz тілшісі осы сауалнаманы жүргізуге атсалысқан Досым Сәтпаевқа хабарласып аталған мәселе төңірегіндегі пікірін білді.

«Иә, дәл солай. Орта Азиядағы жастардың көпшілігінде кәсіби біліктілікті дамытқаннан бұрын, «дипломға табыну» синдромы санаға сіңіп кеткен. Бұл қауіпті үрдіс. Өйткені мұндай қоғамда ми бағаланбайды, диплом мен туыстық байланыстар қымбат тұрады. Ал негізінже милы бастар бүтін бір мемлекеттің имиджін қалыптастырады.

Мысалы, бірнеше жыл бұрын Brand Finance британдық консалтингтік компаниясы «100 ұлттық брендтің» рейтингін жасады. Сонда сарапшылар «Қазақстан» брендін 87 млрд долларға бағалаған. Сол кезде Apple компаниясының бренді 87,3 млрд доллар тұрған (ал қазір бұл брендтің бағасы 145,3 млрд долларды құрайды).

Яғни бір ғана трансұлттық компанияның бренді бүтін бір мемлекеттің күллі «Менделеев кестесімен» қоса алғандағы брендісінен қымбат. Орта Азия үшін бұдан шығатын жалғыз-ақ жол бар. Ол ғылымнан бастап өнерге дейінгі барлық салада мәдени және интеллектуалдық революция жасау. Сонда ғана жастар капиталын, жастар мүмкіндігін бағалау түсінігі қалыптасады», – дейді Досым Сәтпаев.

 

Олар немен айналысқанды қалайды? 


Сауалнама барысында қазақстандық жастардың - 72 пайызы, қырғыз жастарының - 74 пайызы жоғары оқу орнына түсуді басты мақсат санайтынып айтып, диплом алуды алдыңғы орынға қойған. Ал өзбек жастарының 53 пайызы жоғары білімді интеллекуалдық деңгейді көтерудің жалғыз жолы деп есептейді.

Ендеше оқуын аяқтап, дипломын қолға алған жастар қай салада еңбек еткенді қалайды?

Қор сарапшыларының зерттеуіне қарағанда, Өзбекстан, Қазақстан және Тәжікстан жастарының басым бөлігі оқу бітіргесін мемлекеттік қызметке тұруға ұмтылады екен, оның ішінде мемлекеттік басқару саласына қызығады.

Тек қырғыз жастарының көзқарасы Орта Азиядағы ағайындарынан бөлек. Қырғыз жастарының 37,7 пайызы жеке секторда, кәсіпкерлікпен айналысқанды қалайды.


Жалпы аймақ жастарының арасында демеуші табылса жеке бизнес бастауға деген ынта-ықылас жоғары.

Қазақстаның жастарының - 68 пайызы, Қырғызстан жастарының - 61 пайызы, Тәжікстан жастарының - 47 пайызы, Өзбекстан жастарының - 60 пайызы қомақты қаржылай қолдау табылса жеке кәсіпкерлікпе айналысуға әзір екенін айтқан.

 

Олар дәстүрлі құндылықтарды құрметтей ме?


Орта Азия жастарының дәстүрлі құндылықтарға деген көзқарасы түзу.

«Аймақ жастары өз ата-анасына қарағанда әлдеқайда дәстүршіл» дейді сауалнама жүргізген қор мамандары. Батыстағыдай емес, Орта Азия жастарында әке-шешесімен арада құндылықтар мен көзқарастар қайшылығы сирек туындайды. Жастардың көпшілігі ата-анасына дауыс көтермеуге тырысады, ауырбіршілікте өмір сүреді.

Сауалнама барысында аймақ жастарының басым бөлігі ерте бастан отбасын құруға және түсік жасатуға қарсы екенін айтқан. Тәуелсіздік тұсында өмірге келген ұрпақ төрт балалы болғанды және отбасында әке беделінің сақталғанын қалайды.

Айталық, Тәжікстан жастарының 90 пайызы отбасында әке сөзі бірінші кезекте ескерілуі тиіс деп есептейді.

Отбасын құру – жас қазақстандықтар үшін бірінші орындағы мәселе (75,9 пайыз). Қазақстан жастары үшін некеде болу жоғары білім алу (72,9 пайыз) мен мәнсап қуудан да (67,2) маңыздырақ.

Қазақстан жастарының 82 пайызы ресми некеге тұруды жөн санайды.

Жас қазақстандықтар орташа есеппен үш балалы болғысы келетінін айтқан.

Аймақ жастарының  қыз алып қашу және көп әйел алуға қатысты көзқарастары да қызықты.

Айталық Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан жастарының 60 пайызы қыз алып қашуды қазіргі қоғамды құрылысқа жат, қыздардың ар-намысын таптайтын дәстүр деп санайды.


Қазақстандық жастардың 40 пайызы ғана қыз алуға қашуға қарсы екенін айтқан. Десе де қазақ жастарының көпшілігі қыз алып қашуды бағзыдан келе жатқанын дәстүр екенін айтып, мұны ұлан-асыр тойға шашылмаудың тиімді амалы ретінде түсіндірген.

Өзбекстан жастарының 66 пайызы көп әйел алуға қарсы. Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі: бұл әйел адамның ар-намысына тиетін әрекет деп есептейді.

Қазақстан жастарының 44 пайызы көп әйел алудың қолдамайтынын, бүгінгі қоғам бұл дәстүрді қабылдамасын айтқан.

Олардың саяси көзқарасы 


«Аймақ жастарының 40 пайызы саясатқа мүлде қызықпайды», – дейді қор мамандары. Олардың ата-аналары өз кезегінде саяси оқиғаларды үзбей бақылап отырады. Содан да болар өскелең буынның саяси көзқарастары көп жағдайда ата-анасының ұстанымымен ұқсас.

Сауалнамаға қатысқан жастардың 60 пайызы Орта Азиядағы ахуалды, аймақтағы оқиғаларды жіті бақылап жүретінін айтқан.

«Орта Азия жастары аймақтың бір одаққа бірігуіне қарсы емес. Тәжікстан жастарының 73 пайызы, Қазақстан жастарының 63 пайызы, Өзбекстан және Қырғызстан жастарының 42 пайызы Орта Азия одағының құрылуын қолдайды.


Ал аға буын арасында мұндай одақты құрылуын құптайтындар аз. Өзбекстандағы ересек тұрғындардың 20 пайызы ғана мұндай ұйымның құрылуын қолдаған», – дейді өзбек саясаттанушы Бахтиер Ерғашев.

Ал қырғыз сарапшы Шерәділ Бақтығұловтың айтуынша қырғыз қоғамындағы саяси өзгерістерге жастар қауымы бастамашы болып отырған жоқ.

«Саяси наразылықтың ұйытқысы әсте жастар емес, бұлар негізінен 40-50 жастағы әйелдер. Қырғыз қоғамында әйелдердің саяси белсенділігі жоғары», – дейді ол.

Ал толеранттылыққа келгенде Тәжікстан жастарының 68 пайызы, қырғыздардың 66 пайызы, өзбектердің 65 пайызы және қазақ жастарының 58 пайызы қоғамда «көгілдірлердің» пайда болуына түбегейлі қарсы екенін айтқан.

Қазақстан жастарының 4 пайызы, Тәжікстан жастарының 26 пайызы қылмыскермен көрші тұрғысы келмейді.

Өзбекстан жастарының 4 пайызы, Қазақстан жастарының 16 пайызы көгілдірлер және лесби бойжеткендермен көрші тұруға қарсы.

Өзбекстан саясаттанушы Бахтияр Ерғашев мұны Орта Азия қоғамындағы дәстүршілдіктың тамырын тереңге жаюыман түсіндіреді.

P.S.  Зерттеу негізінде қор сарапшылары «Орта Азия жастары дәстүрлі құндылықтарға адал, оларға құрметпен қарайды» ұйғарымға келген. «Аймақтағы елдердің билік басында отырғандар қоғамдық-саяси шешім қабылдарда бұл факторды ескеруі тиіс» дейді олар.

 

Ляйля Болтаева


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x