Шораев: "Қазақ ұлтшылдығы біреудің басын жарып, көзін шығарды ма?"

Dalanews 10 қаң. 2020 08:01 1136

Редакциядан: Қазақ ұлтшылдығы кімге күн көрсетпей жүр?Кімге тізесін батырды ол осы күнге дейін? Жоғалтқанын түгендеп жатқан жоқ па, түптеп келгенде? Оны құбыжыққа қылғысы келетіндердің түпкі  ойы неде? Қазақ ұлтшылдығының саяси күшке ұласуы кімге қауіп, кімге қатер?

Танымал журналист Арман Шораев осы төңіректегі көңілге түйгенін тұжырымдап, орыс шовинистерінің шымбайына бататын шындықты айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Оларды тәуелсіздік «құтқарып» қалды


Шораевтың айтуынша, Қазақстандағы ұлтшылдықтың түп өзегі – Тәуелсіздікті сақтау, онымен тамырласып жатқан исі қазаққа қастерлі құндылықтарды дәріптеу, дамыту. 

[perfectpullquote align="full" bordertop="false" cite="" link="" color="" class="" size=""]«Қазақ ұлтшылдығы біреудің басын жарып, көзін шығарды ма осы күнге дейін? 
Қазақ ұлтшылдығының құрбаны болған кімді естідіңіз?
Қазақ ұлтшылдығы кімнің асына ортақтасты? Кімнің ішкі ісіне килікті? 
Қазақстандағы татулық пен тұрақтылықтың шайқалмай отырғаны да қазақтың көнбістігі мен төзімділігінің арқасы әрбірден соң. [/perfectpullquote]

 Әлдебіреу айтып жүргендей, қазақ ұлтшылдығы біреудің еңсесін езуді, оның дәстүр-салтын зорлықпен ұмыттырып, өз ұстанымын таңуды көздемейді. 
Тек өз құқын қорғай білетін табандылық пайда болды осы уақытта. Бұл табиғи құбылыс еді. Тәуелсіздікпен қатар дамыды», – дейді ол.  
Оның пікірінше, Тәуелсіздік әне-міне түп тамырынан, ата тегінен ажырағалы отырған қыруар қазақты "құтқарып" қалды. 
Орыстілді қазақтар осы уақытқа дейін «кім едік, кімнен таралдық, ата-бабамыз кім, балаларымыз кім болады?» деген көп сауалға жауап іздеумен келіпті. Көпшілігі түзелген. Өзгерген. Көпшілігі қазақ ұлтшылдарының қатарын толықтырған. 

Жұтып тынар еді


«Тәуелсіз ел үшін қазақ ұлтшылдығының өсіп өркендегені, керек кезде табандылық танытқаны, уақыт озған сайын құлашын кеңге жайып, қатарының көбейіп жатқаны табиғи құбылыс екенін кейбіреулер әлі түсінген жоқ. 
Олардың қазақ ұлтшылдығына қарсы күресі неге негізделіп отырғаны да түсініксіз», – дейді Шораев.

Ұққанымыз, ел ішінде қазақ ұлтшылдығын құбыжық қып көрсетуге құлшынып жүрген түрлі-түрлі топ бар. 
Олар қит етсе қазақ ұлтшылдығын кінәлайтын пропагандамен айналысады. Пропаганда әдетте сыңарезу сөйлейтіні белгілі.

Шораевтың пікірінше, Тәуелсіздік алмағанда қазақ жұтылып тынар еді. Кеңес үкіметі қазақ жерінде тағы 70 жыл аялдағанда қазіргі якуттар мен чукчалардың кебін киер едік біз.


Атымыз да, тегіміз де орысша жазылар еді. Кім екенімізді, кім болғанымызды ұмытар едік біржолата. Құдай сақтады... 

10-15 жыл...


Осынша уақыт керек Шораевтың шамалауынша.

10-15 жылдан соң ұлттық-патриоттық күштер кемеліне келіп, Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірін белгілі бір арнаға бағыттайтын ықпалды күшке айналады.
Қазақ ұлтшылдығына деген қажеттілік қағидасы қалыптасады сол кезде. Өзекті болады ол. 
Қазіргі сайқымазақ саяси ұйымдар мен қозғалыстардың жасанды ұрандары, жалған идеяларынан жұрт біржолата бас тартады сол уақытта. 

[perfectpullquote align="full" bordertop="false" cite="" link="" color="" class="" size=""]«Қазақ ұлтшылдарын қаралайтындар сол күннің жақын қалғанын іштері сезіп, байыз таппай жүр. 
"Ұлтшыл қазақтар жол бойындағының бәрін жапырып, осы күнге дейін өзі тұратын елдің тілін де, ділін де қабыл алмаған біздейлерді сергелдеңге түсіре ме" деп сезіктенеді олар. [/perfectpullquote]

Жоқ. Осы уақытқа дейін шетқақпай көріп келген қазақ ұлтшылдығы саяси-қоғамдық өмірдегі өзіне тиесілі үлесін алады, өзіне лайықты орынға жайғасады жәй ғана.
Бұл да Тәуелсіз елге тән табиғи үрдіс. Қазірдің өзінде қазақ тілінде білім алатын балалардың үлесі 80 пайызға жетті. 

10-15 жылдан өтсін...олар да қазақ ұлтшылдарының қатарын толықтырады. 
Қазақтілді сегмент саны жағынан да, сапасы жағынан да басым түсетін болады», – дейді ол.
Айтуынша, 10-15 жыл өткесін Қазақстанда қазақша сөйлемейтін адамды кездестірмейсіз. 
Ешкім сізге «говорите по русский!» деп тақылдап тұрмайды.

«Иә, ұлтшыл-патриоттардың өз арасында алауыздық бар. Бұл да қалыпты құбылыс», – дейді Шораев.
Уақыт өте ұлтшылдардың арасындағы сауатты, саналы азаматтар іріктеліп шығады. Өзгелері солардың төңірегіне топтасады деп сенеді ол.
«Ал қазақ ұлтшылдарына күйе жағатындар үрікпесін. Бұл орыс ұлтшылдығы емес. 
Екеуі екі бөлек әлем. 

Қазақ ұлтшылдығының қатарында скинхэдтер жоқ, болмайды да. 
Қазақ ұлтшылдығы біреудің басын жарып, көзін шығарды ма осы күнге дейін? 
Қазақ ұлтшылдығының құрбаны болған кімді естідіңіз?
Қазақ ұлтшылдығы кімнің асына ортақтасты? Кімнің ішкі ісіне килікті? 
Қазақ ұлтшылдығын орыс ұлтшылдығымен  шатыстырмау қажет сондықтан. Ілгеріде айтқандай, екеуі екі бөлек әлем. 

Қазақ ұлтшылдарының мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткені, өзгелерге қысастық көрсеткені емес. Әрбірден соң міндет қой бұл. Өзің тұратын елдің мемлекеттік тілін меңгеру - міндет.
Ұлтшыл-патриот ретінде мен қоғамдық орындарда, соның ішінде кинотеатрларда қазақтың ән-күйі шырқалу тиіс деп санаймын. 

Бұл да міндет. Қазақ ұлтшылдығы күш алған сайын мұндай талаптардың тізімі толыға түседі.
Ұлт, тіл, діл мәселесіне келгенде сұраусыз дүние жоқ. 
Солай екен деп қазақ ұлтшылдығынан қорқудың қажеті жоқ. Ол жоғалтқанын түгендеп жатыр. Көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың бәрі ұлтшыл. 10-15 жыл күтелік...», – дейді Арман Шораев.

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар