Миллиондаған қазақтың жүрегіне қанжар сұқты

Dalanews 26 сәу. 2018 11:02 304

Адилям Ушурованың аккуынтын бұзып кірген белгісіз біреу күллі қазақты «мәмбет», «қи жеген» деп келемеждеген сәтте Qazkom-ның қызыметкерлері қырсығып ана тілінде сөйлемей, ту сыртымыздан қанжар қадады.



Өз тілін менсінбейтін жандардың осындай әрекетінен кейін қазақты кемсітушілердің қатары көбеймесе азайматыны анық.

Бүгінде біздің қоғамда бір қызық жағдай қалыптасқан. Айналаңнан қазақ тілінде сөйлеуді талап етсең, поупулист, саяси ұпай жинаушы болып шыға келесің.

Ал бауырлас Түркиядан келіп Қазақстанда жұмыс істеп, отандық компания қызметкерлерінің қазақ тілінде сөйлеуді талап етіп жүрген Оғыз Доғанның әрекетін не деуге болады?
Оны популист, саяси ұпай жинаушы деп айтуға ауызың бармайды. Өйткені Оғыз Доған сайлауға түсіп, депутат болатын ойы жоқ, бөтен елдің азаматы.

Біз білетін Оғыз Доған түрік және қазақ (мүмікін ағылшын тілін білетін шығар) тілін ғана білетін өзге елдің азаматы.

Ол Қазақстан заңдары қазақ тілінде қызмет алуға мүмкіндік бар екенін біледі. Тіпті, бұл жерде оны қазақ тілінің мүддесін көздейтін азамат деп дәріптемей-ақ қоялық. Оны өзінің заңды құқығын талап етуші азамат атаған жөн шығар.

 

Менеджерлер халық пен Qazkom арасына сына қақты

Ал  Qazkom банкінің филиалда отырған оншақты қызметкердің бір клиентіне заң аясында қазақ тілінде қызмет көрсете алмауын не деуге болады? Абыройсыздықтың бұдан асқан түрі бар ма?
Олар осылайша өздерінің заңды қызметінің мәнін түсінбей еліміздегі іргелі Qazkom банкі мен халық арасында сына қаққанын байқамады. Әлеуметтік желіге таралып кеткен видеоны көргенде банк қызметкерлерінің Qazkom-ды қалай «подствит» еткенін байқар еді.

Астана төріндегі Qazkom банкінің бір бөлімшесінде қазақ тілінде бір адамның табылмауы мүмкін емес. Оғыз Доғанның соткасына түскен қызметкерлердің бәрі қазақтар, қазақ тілін білетіндері де байқалып тұрды. Бірақ қырсыққан банк қызметкерлері меңіреу адам секілді қазақ тілінде үн қатпады.

 

Қатты қорландық

Клиент мүддесі үшін жұмыс істейтін менеджерлердің болмашы жерден дау туғызып, қаржы ұйымының абыройын аяқ асты еткенін қалай түсінуге болады? Мұндайда шетелдің банктері даукес қызметкерді сол заматта жұмыстан шығарып, клиенттен кешірім сұрайтыны анық.
Қазақ тілін біле тұра қазақ тілінде сөйлемеген Qazkom қызметкерлері өздерінің дөкір әрекетімен миллиондаған қазақтың жүрегіне қанжар сұғып алғанын біле ме?

Әлеуметтік желіне шарлап кеткен видеодан олардың өздерінің әрекеті үшін қымсынбағанын байқап, қатты қорландық. Qazkom қызметкерлерінің бұл әрекетін ел ішіне жік салу, тілдік дискримнацияны қозыдыру деп бағалауға болады.

Qazkom қырсық қазақ тілінде қызмет көрсетуге құлқы жоқ қызметкерлерін арылып, қысқа мерзімде осы жағдайды өзге қызметкерлеріне сабақ ретінде ұсынуы керек. Әйтпесе, Qazkom біраз клиентінен айырылып қалуы әбден мүмкін.

Нұрлан ЖҰМАХАН, журналист, блогер. 

 

 

 

 

 

https://dalanews.kz/35647

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x