GooGoosha

Dalanews 28 шіл. 2017 12:37 191

Қызық иә? Билік те, байлық та қолдың кірі екен. Тағында өлген өзбек диктаторы Ислам Кәрімов үлкен қызы Гүлнәрға осыны ұғындыра алмай өткен сияқты. Қызы әкесінен асып түсті. Асып түсе жаздады. Әкесі «әй» демегенде Гүлнәрдің құлқыны тыйылмас еді, құдай біледі.


Гүлнәр қамауға алыныпты. Қылмыстық топ құрған дейді. Оффшорға ақша тасыған. Жекенің мүлкін тартып алған. Жазықсыз жандарға бір жарым млрд. доллар зиян келтірген. Ол Қылмыстық кодекстің 6 бабы бойынша айыпты саналыпты.

Осыдан 7-8 жыл бұрын ол қандай еді? Өзбекстанда одан асқан талант иесі жоқ еді ғой...
Кәсіпкер, дипломат, ғалым, дизайнер, әнші. Тағы не? Алмаған дипломы, айналыспаған ісі жоқ-тын.

Айтпақшы, WikiLeaks-та жарияланған құжаттарда Өзбекстанда істеген америкалық дипломаттар Гүлнәрға «сыланып сипанып қалған керағар жан әрі елдегі ең сүйкімсіз тұлға» деп баға беріпті.


Оған бәрі аздық етті


Алдымен Ташкент университетінде оқыды. Экономист мамандығын алды. Аздық етті. Гарвардқа тапсырып магистр болды. Аздық етті. Ташкенттегі әлемдік экономика және дипломатия университетіне саясаттану мамандығы бойынша тапсырып докторлық дәрежені алып шықты.

Кезінде оған таң қалған. Ғылыми жұмыс жазуға Гүлнәр уақыт қайдан табады деп... Шынымен, қайдан тапқан? Ешкім білмейді әлі күнге дейін.

Оның ғылыми жұмыстан әлдеқайда маңызды жобалары көп еді, өйткені. Поп-әнші болғанды армандады. Орындалды.

2006 жылы GooGoosha (айтпақшы, марқұм әкесі үйде оны солай еркелеткен) деген лақап атпен сахнаға шыққан ол алғашқы клипін шығарады. Клипті Unutma Meni (Ұмытпа мені) деген әнге түсірген. Аздық етеді.

Араға аз уақыт салып Besame Mucho деген танымал әнді әйгілі Хулио Иглесиаспен бірігіп айтады, Гүлнәр. Аздық етеді.

2012 жылы өзінің айтуынша қиын да күрделі өмір тәжірибесінен жинақталған әрі соның негізінде жазылған тұтас ән-жинақты жарыққа шығарады.

Айттық қой, Гүлнәрдай талант иесі жоқ деп. Сән әлеміне де тұмсық тығады. 2010 жылы анау-мынау емес Нью-Йорктің төрінде Guli деп аталатын өзінің жеке сән үлгісін таныстырады. Коллекция өзбектің ұлттық киімдеріне қатты ұқсас етіліп тігіледі. Мақтау естиді. Келер жылы тағы келмек болады. Келтірмейді. Кіргізбейді.

Америкада демократия ғой. Адам құқығын қорғау ұйымының өкілдері (Human Rights Watch) Гүлнәрға қарсы бас көтереді. «Өзбектің бесіктен белі шықпаған балалары өліп – талып ала жаз мақта тереді. Ойнамайды. Сабаққа бармайды. Олардың құқығы тапталып жатқанына бас ауыртып жатқан Гүлнәр жоқ. Бейшара балалардың бейнетпен жиған мақтасын қай бетімен мақтанып көрсетіп жүр?» дейді олар.


Дипломат


Басқасын басқа сән әлемінде демократиялық құндылықтармен бет-бетпе келерін ойламаған Гүлнәрдің тауы шағылады. Беріспейді, бірақ. Сол баяғы Guli деген брендпен Швейцариянның Chopard компаниясымен бірлесіп зергерлік бұйымдар шығаруға көшеді.

Қызық, иә? Мұның бәріне қайдан уақыт тапқан? Ол ғалым емес пе еді? Қалай үлгерген?


Айтпақшы, ілгеріде оның дипломат болғанын айттық. Әуелде Мәскеудегі Өзбек елшілігінде істейді. Кейін БҰҰ штаб-пәтері жанындағы (Нью-Йоркте) Өзбекстанның өкілдігінде қызмет атқарған.


2008 жылы Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалады, Гүлнәр. Әрі БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінде орналасқан Өзбекстан өкілдігін қоса басқаратын болып бекітіледі.

2010 жылы Испанияға аттанады. Осы елдегі өзбек елшісі болады.

Айтпақшы, ілгеріде оның ғалым екенін айттық. Ол 2005 жылдан бертінге дейін Өзбекстанның Саяси зерттеулер орталығын басқарған...

600 млн. доллар


Бір жылдары Швейцарияның Bilanz журналы Гүлнәрді елдегі ең ауқатты адамдардың қатарына кіргізді. Байлығын 600 млн-ға бағалаған. «Өзбекстандағы мұнай-кен өндіретін, әрі банк, ауылшарушылығы, текстиль саласындағы ең ірі кәсіпорын Zeromax корпорациясының иесі осы – Гүлнәр » дейді білетіндер. Компания Швейцарияда тіркеліпті.
Спортқа да араласқан. «Білсек, ол «Бунедкор» футбол клубын қаржыландырған. Әйтпесе Ривалдо Өзбекстанға өлсе де келмес еді» дейді ұзынқұлақ.

Бір жолы қызық болады. «Бунедкор» ішкі біріншіліктегі басты қарсыласы «Пахтакормен» (мақта жинаушылар) кездеседі. Жеңіліп қалады. 1:0. Ойын әу деп басталған 10 минуттың ішінде «Бунедкордың» сапындағы барлық бразилиялықтар қызыл қағаз алып алаңнан қуылады.

Америка жердің түбіндегі біледі ғой. WikiLeaks-та жарияланған құжаттарда америкалық дипломаттар былай деп есеп берген: «Ойыннан кейін бас төреші «Бунедкордың» бапкеріне хабарласып: «Кешірім сұраймын. Айыптымын. Бірақ отбасымды асырау керек, амал жоқ» депті. Төреші Өзбекстанның футбол федерциясы президентінен «Пахтакор» 1:0 есебімен ұтуы керек деген тапсырма алған».

Демек, өзбек элитасының Кәрімовтың қызына қарсы күресі сол тұстан басталған деп болжауға да болатын шығар.

Ол ажырасқан...


1991 жылы Гүлнәр ауған текті америкалық бизнесмен Мансұр Мақсұдиға тұрмысқа шығады. Мақсұди Ташкенте Кока-Коланың филиалын ашады. Екі балалы болады. Бәрібір сыйыспайды. 2001 жылы үлкен дау шығады. Өзбекстанда тұратын Мақсұдидің бірқатар

жақындары қамауға алынады. Қалғандарын Ауғанстанға жөнелтіп жібереді.

Өзбекстандағы Мақсұдидің компаниялары бірінен-соң бірі тергеуге ұшырайды.

Гүлнәр мен Мансұр ажырасқаннан кейін бір айдан соң Кока-Коланың Ташкенттегі филиалына салықшылар, кеденшілер, тіпті есірткіге қарсы күрес қызметінің өкілдері басып кіреді. Филиал жабылып тынады. Мақсұди Өзбекстандағы барлық бизнесінен айырылады.

Мансұрдың өзіне де айып тағылады. «Жедің, салық төлемедің, оның үстіне мұнай бизнесін бізден жасырып Саддам Хусейінмен бірігіп жүргіздің» дейді өзбек билігі.

Кездейсоқтық па, қалай ойлайсыз? Гүлнәрмен ажырасқан Мансұрдың басынан бақ осылай тайған...

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ



 



(жалғасы бар)


https://dalanews.kz/9680

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x