Олжас Сүлейменов ҰБТ-ның сорақы тұстарын ашып айтты

Dalanews 20 мау. 2017 08:17 229

Олжас Омарұлының пікірлері қоғамда қызу пікірталас туғызатын әдеті бар. Әдетте қазақтілді және орыстілді аудитория Сүлейменовтің пікіріне келгенде қақ жарылады. Бұл да жаман.

Қазақтілді сегмент өз кезегінде: «Олжекең, көп жағдайда да орыстілділердің сөзін сөйлейді. Сонысы дұрыс па? Орыс тілінің сойылын соғып жүргені өз алдына, келмеске кеткен КСРО-ны сағынып жүргенін де сан рет аңғартқан», – дейді.

Рас, байқағанбыз. Бірақ, Сүлейменовтің жасына келгенде адамды өзгерту қиын ғой. Ол өзгермейді. Оның өлшеміндегі Қазақстан Ресеймен бірге болуы тиіс. Ал орыс тілі Қазақстанды мәдениет көшінен қалдырмай жүрген жалғыз күш. Солай.

Солайы солай ғой. Бірақ, бұл Сүлейменовтың ылғи да қазақтың ұстанымына жат, түсінігіне кереғар пікір айтады деген сөз емес. Соңғы кездері Олжекеңнің сөзі түзелген сыңайлы. Сөз түзелсе, лайым іс те түзелуі тиіс қой.

Айталық, Sputnik Казахстан сайтына берген сұхбатында Сүлейменов Біріңғай ұлттық тестілеу жүйесін сын тезіне алыпты. Ақынның айтуынша, мұндай тестілеудің астарында мектептегі сапасыз білімді бүркемелеу амалы жатыр.

– Баланың ойын кітап қана өсіреді. Оны да адамға айналдыратын да кітап. Жұмбақ шешіп, «смс» жазып, жауап іздеп отырғаннан өспейді ол. Білмесеңіз, мынаны айтайын. Бұл әдіс алғаш Гарлемда (Нью-Йорктің ауданы) пайдаланылды. Нәтижесі не болды? Он жыл партада отырған оқушылар миында түк жоқ, шаласауатты болып шығатын. Сонда да тоқтатқан жоқ. Түлектер түк білмес болып шықты, – дейді Сүлейменов.

Бұл орайда Олжекең тағы да өткенге айналып соғыпты. Оның айтуынша, Кеңес кезіндегі білім жүйесі мықты асқаны жоқ. Ал қазір қалай?

– Сұрақ-жауаппен ғана шектелетін қазіргі ұрпақтың білім сапасы көр де тұрыңдар ертең Қазақстанның болашағына кері әсер тигізетін болады. Сәбет одағының білім жүйесі өздігінен ойлай алатын, өзіндік пікірі бар буынды тәрбиеледі. Қазіргі ұрпақ керісінше. Кітаптың не екенін ұмытқан. Бұл кезеңнен өтеміз бе, жоқ па?.. – деп ой түйеді Олжекең.

Оның пікірінше бүгінгі буынды барлық жағынан дамыған буынға жатқызуға болмайды. Бұл өз кезегінде мәдениеттен бастап, экономикаға дейінгі салаларға тұтас әсер етуі мүмкін.

Қалай ойлайсыздар, Олжас Омарұлы дұрыс айта ма?

 

Дереккөзі: kaz.365info.kz

 

 

https://dalanews.kz/14279

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x