Back
| DalaNews

Б. Құранбек: “…Бердібек Сапарбаев неге қамсыз қалды екен?”

Ақтөбедегі жағдай қатты алаңдатып отыр. Қайырымды жандар қолдан келген көмекті көрсетіп жатыр. Өткен жылы Қарағанды облысына киім-кешек, азық-түлік тиеген екі КамАЗ жіберген Жетісулық азаматтар да бұл жолы бей-жай қарап отырған жоқ. Көп болып көмектесерміз-ау. Бірақ, «Жылда судың астында қала береміз бе? Оның алдын алуға болмай ма?» деген сұрақ көптің көкейінде тұрғаны анық.

Әрине, табиғаттың алапат күшіне ешкім қарсы тұра алмасы белгілі. Алайда, соңғы жылдардағы су тасқындарының арнасынан асып, тұрғын үйлерді басып қалғанына жергілікті атқарушы биліктің бейғамдығы себепкер екенін мамандар жақсы біледі. Әкім-қаралардың жүйелі жұмыс істемеуі, алдын-ала жоспарламауы, қауіпті біле тұра қам жасамауы, болашақты бағдарламай бүгінгі күннің мәселелерімен ғана бас қатыруы – осындай жағдайларға әкеліп отыр. Және ол болашақта қайталана береді.

| DalaNews

Ақтөбедегі су тасқыны

Мен қызмет барысына орай апта сайын облыс әкімінің жиналысына қатысамын. Шыны керек, басында ұнамайтын. Өйткені, Баталов ешкімді аямайды. Бетің бар, жүзің бар, басың бар, жасың бар демейді. Жұмысына салғырт қарағанның бәрін жұрттың алдында сойып салады. Жазықты болғандықтан бастары салбырап, ұнжырғалары түсіп тұрған ел ағаларын көріп кейде аяп кетесің. Бірде өзіне айттым да: «Елге неге ұрса бересіз?» – деп.

– Әй, Бейсен! Сен не білесің? Талап етпесең, жұмыс қалай жүреді? Ел бәрін біліп, көріп отыр. Елбасы бізге сеніп отыр. Біз соны ақтамасақ, ұят емес пе?! Сосын, айтшы, кімге кінәсіз, жазықсыз ұрыстым? Мен оларды жұмыстан кетірейін демеймін. Ширасын деймін. Білмесе – үйренсін, ел алдындағы жауапкершілігін сезінсін деймін, – деп өзіме шұқшия қарады. Әкімнің әділдігін мойындамасқа амал жоқ. Жұмысыңды жақсы атқардың ба, сенен жақсы адам жоқ. Арқаңнан қағады, атағын алып береді, жағдайыңды жасайды. Дұрыс істемейсің бе, онда – ДО СВИДАНИЯ!

Әкімімді мақтайын деп тұрғам жоқ. Ол кісі менің мақтауыма мұқтаж да емес. Қос өзеннің ортасында тұрған Талдықорғандықтар көктемде тыныш ұйықтаса, ол – атқарушы биліктің алдын-ала жоспарлап, арналарды ашып, қапталын бекітіп, сақадай-сай тұруының арқасы екенін көре тұра айтпасқа болмайды. Тура қаланың іргесінде ағып жатқан «күндіз күміс, түнде алтын» деп әспеттейтін Қараталымыз 4-5 жыл бұрын асау мінез танытып, іргесіндегі Еркін ауылы мен Резиденцияны басып кететіндей қаһарланған. Сонда марқұм Сәкен Жылқайдаров бастаған қала басшыларының түнімен арпалысып, судың бетін қайтарғанына, оны жұрттың сезбей қалғанына да куә болған едім.

Осы Қаратал өзені бұрында көктемде төмендегі ауылдарды басып, жайылып кететін. Соған екі жыл бұрын арнайы ауыр техникалар алдырып, бәленбай шақырым терең каналдар қазып, су бүгінде емін-еркін Балқашқа құйылып жатыр. «Бір оқпен екі қоянды алды» деген осы. Біріншіден, көктемде ауыл тұрғындары тыныш ұйықтайды. Екіншіден, Балқаштың көлі толып келеді. Үшіншіден, осы каналдардың арқасында біздің жігіттер алысқа бармай, Талдықорғанның іргесінен балық аулайтын күнге жетті.

«Жүйелі, жоспарлы жұмыс істеуді Баталовтан үйренсін» десем, басқа әкімдер ренжіп жүрер. Бірақ, табиғатқа жаба бермей, апаттың алдын алуды қарастырса деген ой ғой біздікі.
P.S. Жазарымды жазып алдым да, «Бәрін көрген, бәрін білетін Бердібек Сапарбаев ағам неге қамсыз қалды екен?» деп ойланып отырған…

Бейсен Құранбектің желідегі жазбасынан алынды.