Президент: "Маған мұрагердің керегі жоқ"

Dalanews 04 сәу. 2017 10:15 253

Мұрагер туралы әңгіме Орта Азия кеңістігіндегі аса өзекті әрі жиі талқыға түсетін тақырыптардың бірі. Бұл туралы болжам да, өсек-аяң да көп. Сарапшылардың сөзін бақсақ тақтан дәмелі бірнеше үміткер бар. Бірақ, оларды халық қолдай қояр ма екен? 

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев елді тұрақты дамыту ұлттық кеңесінің бесінші отырысында мұрагерінің кім екендігі туралы айтып берді, деп жазды kabar.kg. 

Оның айтуынша, ол қайда барса да, кіммен кездессе де барлығы одан мұрагер ретінде кімді лайықты санайтынын сұрайды.
«Бұл туралы менен Ангела Меркель де, Владимир Путин да сұрады. Кейбір саясаткерлер мен журналистер өзімді қорғайтын мұрагерді таппай жүргенім туралы мақалалар жазуда. Мен тек Алладан қорқатынымды мәлімдеймін. Маған мені қорғайтын мұрагер емес, біздің ұлттық және мәдени құндылықтарымызды сақтап, халқымызды қорғайтын мұрагер керек»

- деді Атамбаев.

«Еліміздің барлық азаматтары - менің мұрагерлерім. Біздің әрқайсысымыз, әрбір қырғыз азаматы - ата-бабаларымыздың мұрагері болып табылады. Келесі президенттің кім болатынын - сайлау көрсетеді. Мен оны білмеймін. Менің міндетім - әділ және ашық сайлау өткізу», - деп мәлімдеді Қырғызстан президенті. Бұрын хабарланғандай, Қырғызстанда президент сайлауы конституциялық заңға сәйкес, 2017 жылдың 19 қараша күні өтеді.
Дереккөз: ҚазАқпарат  

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x