Қазақстандағы 50 бай: Әділбек Жақсыбековтың ұлы қалай байыған?

Dalanews 20 нау. 2017 18:10 221

Елімізде жыл сайын тұрмысы өте жоғары адамдардың рейтингі жарияланып тұратыны белгілі. Осы дәстүр бойынша «Forbes.kz» порталы Қазақстандағы ең бай азаматтардың 2016-жыл қорытындысы бойынша рейтингін жариялады.

Бұл азаматтардың қатарын қаржы, телекоммуникация, мейманхана бизнес­терімен айналысатын 58 жастағы Болат Өтемұратов бастап тұр. Оның байлығы 2 миллиард 400 миллион долларға бағаланған. 2-ші, 3-ші орындар ерлі-зайыпты Тимур және Динара Құлыбаевтарға тиесілі. Бизнестің бірнеше түрімен айналысатын олардың әрқайсысының байлықтары тиісінше 2 миллиард 100 миллион долларға тең деп көрсетілген.

Бүгінде 62 жастағы Алиджан Ибрагимовтің байлығы 1 миллиард 800 миллион долларға тең деп бағаланыпты. Ол аталған рейтингте 4-ші орынды иеленген. (Бұл адамның металл бизнесімен айналысатыны белгілі). Тағы бір металл магнатыВладимир Кимнің байлығы 1 миллиард 700 миллион долларға бағаланған. Ол 5-ші орында тұр.
Бизнесі қаржы саласымен байланысты, бүгінде 51 жастағы Нұржан Сұбханбердиннің байлығы 946 миллион долларға тең. «Қазкоммерцбанк» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы, 36 жастағы Кеңес Рақышев аталған рейтингте 7-ші орында тұр. Бизнесі қаржыдан бөлек, қамсыздандыру және тағы бас­қа да бірнеше салаларды қамтитын оның байлығы 718 миллион долларғатең деп бағаланған.

Бұл тізімге Д.Құлыбаевадан басқа тағы да бір әйел еніпті. Ол – қаржы және телекоммуникация бизнесімен айналысатын Айгүл Нұриева. 41 жас­тағы А.Нұриева 675 миллион доллар­ға тең деп бағаланған байлығымен рейтингтің 8-ші орынын иеленген.

Қазақстандық байлар қатарындағылардың басым көпшілігін жасы 40 пен 50-ден асқан адамдар құрайды. Жасы 60-тан асқан бес-алты адам бар. Солардың бірі – бүгінде 67 жастағы Рашит Сәрсенов мұнай және металл саудасымен айналысады. Оның байлығы 669 миллион долларға тең деп көрсетілген. Ол аталған рейтингте 9-шы орында тұр.

Бұл тізімнен кезінде Шымкент мұнай өңдеу жауытында бірнеше жыл басшылық қызмет атқарған Нұрлан Бизақовтың есімін көрдік. 52 жастағы Нұрлан Бизақов 420 миллион долларға татитын байлығымен аталған тізімде 14-ші болып тұр.

Сондай-ақ рейтингтің бел ортасынан жерлесіміз, «Саутс-Ойл» компания­сының президенті Серікжан Сейіт­жановтың отбасы да орын алыпты. Олар 23-ші орында тұр, байлығы 238 миллион долларға бағаланған. 
Қазақстандық байлардың қатарында жасы 30-дан асқан үш-төрт адам бар. Солардың бірі Дәурен Жақ­сыбектің жасы – 37-де, ол 486 миллион доллар­ға бағаланған байлығымен 10-шы орында тұр. (Д.Жақсыбек – Әділбек Жақсыбековтің ұлы, ол қаржы және агроөнеркәсіп саласы бизнесімен айналысады).

Ал байлығын қаржы және химия өнеркәсібі саласындағы бизнесі арқылы жиған Ғалымжан Есеновтің жасы қазір 34-те екен. 302 миллион долларға татитын байлығымен ол аталған рейтингте 18-ші орында тұр.

35 жастағы Игорь Школьник болса (кезінде еліміздің Индустрия және сау­да министрлігін, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясын, Энергетика министрлігін басқарған, Владимир Школьниктің баласы), 220 миллион долларға бағаланған байлығымен рейтингтің 26-шы қатарынан бой көрсетіпті. (Бұл азамат мұнай және газ өңдеу салаларындағы бизнеспен шұғылданады. 2014-жылы оның өзі ең басты акционері болып табылатын Орск мұнай өңдеу зауытын Ресейдің «Руснефть» акци­онерлік қоғамына сатқаны жұрттың есінде).
Бұқаралық ақпарат құралдары саласында еңбек етіп жүріп те байығандар бар. Мысалы, бірнеше ақпарат құралдарының құрылтайшысы болып табылатын Арманжан Байтасов 47-ші орынды иеленіпті. Оның байлығы 77 миллион доллардеп бағаланған.

...Жалпы, әлемдік экономикадағы кей құбылыстардың байлыққа тікелей әсер ететіні белгілі. Мысалы, биылғы жария­ланған рейтингтегі байлықтың ортақ көрсеткіші 21 миллиард 652 миллион долларды құрайды, ал осыдан бұрын­ғы жарияланған рейтингте оның сомасы 25 миллиард 519 миллион долларға тең болған екен. Яғни жоғарыдағы тізімдегілердің байлығы 4 миллиард доллардай азайған. Есесіне мұнай мен металл бағасының қымбаттауы есебінен Болат Өтемұратов пен Тимур және Динара Құлыбаевтардың байлығы әрқайсысы 100 миллион долларға, Владимир Кимдікі – 200 миллион долларға, Алиджан Ибра­гимовтің байлығы 300 миллион доллар­ға көбейген.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x