Экономикалық романтизм

Dalanews 07 ақп. 2017 13:40 158

Осыдан ширек ғасыр бұрын ел алдында тәуелсіздікті ұстап қалу мен күйреген экономиканы орнынан тұрғызу міндеті қатар тұрды. Еліміз нарықтық экономиканы таңдады.

Құрмет ҚАБЫЛҒАЗЫ




   Жоспарлы экономикалық қатынастар мен әкімшіл-әміршіл жүйенің қазанында қайнап шыққан “өнім” бола тұра, Елбасының сол тұста либералды нарықтық экономика үлгісіне соншалық бой ұруының қандай бір идеологиялық, тәрбиелік немесе дәстүрлік қайнары болғандығын бүгіндері біздер дәп басып айта алмаймыз. Біздің білетініміз және көргеніміз Елбасы нарық заңдылықтарына – сол бір “көрінбейтін қолдың” барлығын реттейтіндігіне имандай сенді және ел экономикасын тығырықтан шығаруды сол “қолға” тапсырды да. Соның нәтижесінде біз бүгінгі жетістіктерге жеттік: түбегейлі нарықтық экономика құрдық; ішінара мемлекеттік стратегиялық салаларды санамағанда, экономиканың барлық қойнауы нарықтық тәсілдермен реттеледі; құқықтық базалар толықтай нарықтық қағидаттармен әзірленген; ел нарығы әлемдік интеграцияның құрамдас бөлшегі; экономикадағы беймонополиялық сектордың үлесі қарқынды өсіп келеді, олар және салық,баға сияқты нарық құралдарымен реттеледі. Бүгінде еліміз өткен ғасырдың 80-90 жылдарындағы ''Азия жолбарыстарынан'' кейінгі жаңа көркейіп келе жатқан елдер легінде тұр.

   Қош,енді жармақтың екінші бетіне назар салайық. Біз нарық заңдылықтарын экономикалық өміріміздің бағдар шамына айналдырдық, сонымен бір уақытта нарық заңдылықтары іске қосылады екен, экономиканың барлық түйткілдерін манағы ''көрінбейтін'' қол өз-өзінен реттеп тастайды деп түсіндік, түсінген емес, солай сендік. Әрі осы сенімнен айныған жоқпыз, яғни экономикалық романтизмге елітумен келеміз. Бүгіндері дөп келіп отырған экономикалық мәселелеріміздің идеялық, теориялық қайнары осында жатыр.

   Біздің құқықтық құжаттарымыз, айтары жоқ, классикалық-либералды үлгіде жазылған, онда жетілген нарықтық экономиканың талаптары көрініс тапқан, Еуропа елдерінде қандай болса, бізде де сондай. Әңгіме, осы құжаттардың осы елдің жағдайымен, оның менталитетімен, тұла ғасырдың төрттен үш бөлігін жоспарлы-әміршіл жүйеде өткізген елдің психологиялық әлеуетімен қабысуының қаншалық дәрежеде екендігі ескерілген емес. Мәселенің мәні, нарыққа сай заң болса болды, бәрі де ''ок'' деген романтикада. Ал осы заңдарды нақтылы экономикалық өмірге енгізудің яғни оған жұмыс істетудің тетіктерінің айқындалмауы мен қамтамасыз етілмеуі өз алдына бөлек әңгіме

Бұрынғы жүйеден бас тартып, капиталистік-нарықтық жүйені енгізудің алғышарты есебінде жекешелендірудің қарастырылғаны белгілі. Кеңестер одағының құлауының ең бұлтартпас себебінің өзі мүліктің халықтық меншікте, түптеп келгенде, ешкімнің меншігінде болмағандығында жатыр. Бірақ біз көпірдің екінші басына өте шықтық. Барлығы жеке меншікке берілсе, меншік иесі субъектілері нарық заңдылықтары арқылы нарықтағы және бүкіл қоғамдық өмірдегі өз орындарын табады және өздігінен үйлесімге келіп, ықпалдасып кетеді деп шештік.
Жекешелендіру мен ырықтандырудың өмірімізді басқаша жүйелегендігі шындық, бірақ романтикалық ыңғаймен іске асқан жекешелендіру туындатқан стихиялық бейберекетсіздіктің, әлеуметтік әділетсіздік пен үйлесімсіздіктің зардабын қазір де көріп отырмыз.

Экономикалық романтизм біздің стратегиялық шешімдерімізге ғана емес, экономиканың барлық салалары мен секторларындағы саясатқа да салқынын тигізді. Мысалы, банк секторы. Қаржы нарығын коммерциялық банктерге тапсырдық, олар өздеріне тиесілі нарық құралдары арқылы, айталық, депозит-несие мөлшерлемелері арқылы халықтың ақшасын тартып, оны белгілі үстемемен экономиканың қажетсінген салаларына бағыттап отырады, сөйтіп қаржы нарығы тоспадағы су сияқты өз өзін теңшеп отырады дедік. Нәтижесі қазір халықтың көз алдында.

Тарихи қалыптасқан шикізаттық экономикадан бас тартып, экономиканың өңдеу салаларын дамытуға ден қойдық. Ниет қалыс.
Бірақ, экономикамыздың іргелі салалары қайсылар, біздің басқалардан салыстырмалы артықшылығымыз қай секторда, көмескі басымдықтарымыз қайда т.с. мәселелерді саралап алмай тұрып, ұлтанды ауылшаруашылық әлеуетіміз бола тұра, осы бағыттағы өңдеу тетіктерін жетілдірудің орнына, Жапониямен жарысып жеңіл автомобил жасап кеттік. Біз әлі өңдеу өнеркәсібі деген ұғымды өз мәнінде түсіне алған жоқпыз, немесе өңдеуді машина жасау деп түсінеміз

Халықтың наразылығын қозғаған жер мәселесіне де осындай қиялдау кесірін тигізді. Жер экономикалық ресурс ретінде негізінде жекешелендіруге болатын капитал. Біз мәселенің осы жағын ғана қарастырдық. Ол жекенің қолына берілсе күтімге алынады, нарқы бағаланады, өнімділігі де әлдеқайда артады дедік, қысқасы ресурс сипатымен иесіне, мемлекетке пайда әкелетіндігін назарға ұстадық. Оның қатардағы емес, ерекше, мөралдық, сезімдік, психологиялық мәнге ие ресурс екендігіне мән бермедік. Елітіп отырып ай мен күннің аманында арандап қала жаздадық.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x