Пиар жасауға уақыт табатын Мәсімов қазақша үйренуге қашан көңіл бөледі?

Dalanews 02 там. 2016 07:04 190

Біз де адамбыз ғой. Түйсігіміз, түсінігіміз бар. Жалған, жасанды дүниені тез аңғарамыз. Жоқ, рас. Айталық, қазіргі Астананың айналасынан шықпайтын қазақ сериалдарын көрсек, жынымыз келеді. Тақырыбы таптаурын, біріншіден. Әртістердің ойыны да, іс-әрекеті де, сөз саптауы да бәрі-бәрі жасанды. Киноны өмірге айналдыра алмаған. Сене алмайсың, сене алмағасын, көргің келмейді. Солай ғой? Сіз не дейсіз?

Әңгіменің арқауы сериал емес, негізінде. Басқа дүние. Шенеуніктер. Шенеуніктер туралы айтқымыз келіп отыр. Байқайсыз ба, соңғы кездері жылтыңдап көріну көбейіп кетті.

«Оңтүстіктің әкімі жұмысқа велосипедпен барыпты». «Оңтүстіктің әкімі автобусқа отырыпты». «Оңтүстіктің әкімі жұрттың бәрін көлігінен түсіріп, шайтанарбаға отырғызбақ екен».

«Мәсімов жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл төлепті». «Мәсімов таңғы жаттығу жасапты». «Мәсімов екі түрлі шұлық киіп алыпты».

«Астана әуежайындағы Исекешевті жұрт танымай қалыпты». «Неге танымай қалыпты? Өйткені әдепкі костюм-шалбарын шешіп, елге ұқсап қарапайым киініп алыпты».

 

Тағы не…

Көп. Қайсібірін айтамыз.

Әй, бірақ ішің жылымайды. Біртүрлі. Жасанды.

Иә, бұл таза пиар. Ілгеріде біз тізіп шыққан шенеуніктердің пиар-жұмысшылары қазір де кезекті жарнамалық жүрістің сценарийін жазып жатқан болар.

 

Айтар ақылымыз бар, оларға.

Пиардың өзін қазақша жасаса болмай ма? Болады, әрине. Қазақы пиар.

Елдегі қазақтілді аудиторияның ықыласына бөленудің бір жолы – қазақша сөйлеу, қазақша үйрену.

Айталық, Мәсімовтың айыппұл төлегені жаңалық па осы? Кімге қалай білмейміз, бірақ ол да адам. Ол да осы елдің азаматы. Заң бәрімізге ортақ. Оның ішінде Мәсімовке де.

Ал егер осы Мәсімов ертең ешбір акценттсіз қазақша сөйлесе, қазақша баяндама жасаса – таңғалар едік. Ішіміз жылыр еді. Бұдан ол да ұтылмас еді, Құдай біледі.

 

Бұл өзгелерге де қатысты

Біздің шенеуніктер алдымен қазақтілді аудиторияның жүрегін жаулауға ұмтылса. Бұл аудитория өсіп келеді, себебі. Бүгін болмаса ертең олармен (бізбен) санасатын кез туады. Көр де тұрыңыз!

Қазақша сөйлеу қажеттілікке айналған заманға да келіп жетеміз әлі. Әлі-ақ жетеміз.

Ал қазір қалай? Кеше бір пікір оқып қалдық. Авторы былай депті:

«Cүлейменовтің ұрпағы қазақша біле ме?

Мәсімовтің ұрпағы қазақша біле ме?

Тоқаевтың ұрпағы қазақша біле ме?

Жақсыбековтің ұрпағы қазақша біле ме?

Ыдырысовтың ұрпағы қазақша біле ме?

Білмейді.  Сорақысы бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Өзі де, ұрпағы да қазақша білмейтін шенеуніктер толып жүр билікте».

Олардың қазақы талғамнан мүлде алшақ, шетелден көшірілген өзін-өзін жарнамалауы кімге керек, айтыңызшы?

 

Дереккөзі: kaz.365info.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x