Көкек аналарға қалай тосқауыл қоямыз?

Dalanews 22 шіл. 2016 03:05 477

Қазір тастанды сәбилер неге күн сайын табылып жатыр... Баласынан жеріген көкек аналар сәбилерін қайда қалдырып жүр? Туған баласынан бас тартқандардың жазасы қандай болмақ? Осы сұрақтарға 31 арнаның «Сөздің шыны керек» хабарының тілшілері жауап іздепті.

04.07.2016 жыл. Алматы облысында құрылысы бітпеген нысанның ішіне әлдебіреу жаңа туған сәбиін тастап кеткен. Жылаған нәрестенің дауысын ойнап жүрген балалар естіп қалып, тауып алған.  Артынан анық болды. Жаңа туған нәрестені анасы Қапшағай қаласында босанып, қапқа салып әлгі құрылыс нысанына апарып тастай салған. Мерзімінен бұрын  жеті айлығында дүниеге келген нәресте қыз бала екен. Бірден Қапшағай қаласындағы ауруханаға жеткізілгенімен, денесі жаурап қалған сәби,  көп ұзамай шетінеп кетті.

– ҚР «Қылмысты кодексінің» 119 бабына сәйкес яғни, қауіпті жағдайда қалдыру бойынша қылмыстық іс қозғалады. Өкінішке орай нәресте сол ауруханада көз жұмады. Сол себепті 119 бапты қайта жіктеп, басқа одан да ауыр бапқа ауыстыру жоспарлануда, – дейді Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі Ернар Сайділдин.

Араға бір күн салып, 05.07.2016 жылы Алматы облысында тағы да тастанды бала табылды. Бейкүнә сәбиді бұл жолы дәретханада босанып, тастап кеткен. Жантүршігерлік жағдай Іле ауданы Ақши ауылында болған. Қыз баланы таңғы сағат жетілер шамасында Ақши ауылының тұрғыны тауып алған.

Шырылдап жатқан сəбиді тауып алған тұрғындар тереңдігі 3 метр болатын дəретхана шұңқырынан сəбиді аман алып шыққан. Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, әйел адам осы дәретхана маңында босанған сыңайлы. Өйткені, сол маңнан әйел адамның іш киімі табылған. Және баланың кіндігі де сол жерде кесіліпті.

Араға бір күн салып, бауыр еті баласын дәретханаға босанып, тастап кеткен көкек ана табылды. Ол  Қарасай ауданының 1992 жылы туған тұрғыны болып шықты. Одан жауап алу кезінде әйелдің бұған дейін де бір баласын тастап кеткені анықталған.

Ақтөбелік дәрігерлер де көп қабатты үйлердің бірінің алдынан табылған Әділет есімді шақалақтың анасын іздеп жатыр. Сәбидің есімін – балалар үйінің қызметкерлері қойыпты. Сәуір айында табылған тастандының  тегін – Сәуірбаев атап, сәбидің туу туралы куәлігін де жасатып қойыпты.

Тек анасы баласын іздеп, келмей жатыр. Заңгерлер болса, екі күннің бірінде даладан табылып жатқан тастанды балалар легін тоқтату үшін, олардың көкек аналарына қатысты заң  талабын  күшейту керек екенін айтуда. Себебі, баласынан бас тартқан ана – біздің елде тек ата-аналық құқынан ғана айырылады екен.

– Қазір біз осындай қатаң шараларды қолданбасақ немесе осындай жазаларды қабылдамасақ, демографиялық ахуалымыз күрт нашарлап кетеді. Сондықтан мен ойлаймын, екі жыл бас бостандығынан айырып, осындай қатаң қылмыстық іс әрекеттерге бармау үшін осындай қатаң жазаларды қабылдауымыз керек, – дейді заңгер Кәмиша Есмұхамбетқызы.

Кәмиша заңгер, көкек аналардың көзін құртпасақ, бұл қасірет – ұлт үшін аса қауіпті дейді.  Дегенмен көкек аналарды көгендеу –  бұл сорақы деректерді азайтудың бір ғана жолы. Ал «Нұр» қайырымдылық жанұя балалар үйінің басшысы Тұяқ Есенқожина мұндай әрекетке тек әйелдерді ғана кінәлауға болмайды, баланы дүниеге әкелудің – әйел мен еркек үшін де үлкен жауапкершілік екенін ұғындыру үшін, ұлдың да, қыздың да медициналық, заңдық сауатын  кішкене күнінен  ашу керектігін алға тартты.

– Қыз бала қалай тұрмысқа шығады, қалай киім кию керек, қалай өзін сақтау керек, соның бәрін айту керек. Айтпаса, біз түзелмейміз. Тастанды бала азаймайды, дейді Тұяқ Қаскенқызы.

Айта кету керек, Тұяқ Қаскенқызының өз баспанасын сатып, ашқан балалар үйінде 628 бала тәрбиеленіп, олардың 350-і жоғары білім алған. Бүгінде 30 ұлын үйлендіріп, елу қызын жасауын жасап, тұрып  ұзатқан  ананың осы балаларынан 35 немере сүйіп отырған жайы бар. Көп балалы ана, сәбиін балалар үйінің босағасына тастап кететін көкек аналардың ең болмаса, баланың аты-жөнін жазып, құжатымен тастап кетпейтіндеріне қапалы.

Қазір Тұяқ Қаскенқызы алты баласының құжаттарын рәсімдеумен жүгіріп жүр екен. «Жүгіремін-ау, бірақ бұл қауырт шаруа – басқа балаларымның тіршілігін жасап жүрген менің уақытымды алады» – дейді көп балалы ана...

17 жылдық тарихы бар балалар үйінің басшысы, осы уақыт аралығында өз тәрбиесіндегі бірде бір баланы туған анасының іздеп келмегенін айтты.

Яғни, сүрініп опық жедім, қателестім деп баласын қайта бауырына баса алмаған ана, Ақшиде табылған сәбидің көкек анасы сынды бұл қателегін тағы бірнеше мәрте қайталамасына кім кепіл? Ендеше, заң күшейтілуі тиіс!

Туған баласынан жерініп, сәбиін далаға, дәретханаға, айдаладағы құрылыс нысанына, балалар үйінің босағасына тастап кететіндердің бұл сорақы әрекеті қасақана адам өлтірумен пара-пар. Өйткені, шырылдап жылаған сәбиді дәл сол сәтте ешкім көрмей қалса ше? Немесе дәретханада нәжіске тұншығып өліп, болмаса туған анасы қалдырып кеткен нәресте қараусыз құрылыс нысанында ит-құзғынға жем болса ше? Яғни анасының – баласын қараусыз қалдырып кетуін қылмыс демей, не дейміз?!

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x