Терроршы қайдан шықты?

Dalanews 19 шіл. 2016 14:17 236

Редакциядан. Белгілі журналист Қанат Әуесбай bnews.kz сайтына Қазақстанда тероризмнің пайда болуына қатысты өзінің байламдарын жасапты. Салмақты сараптаманы dalanews.kz сайтының оқырмандарымен де бөлісуді жөн санадық. 

Теракті дегеннің елімізге тән емес шетелдік сұрқия құбылыс іспетті қабылдатыны күні кеше ғана еді. Жатжұрттық жаман құбылыстың жұқпалы дерттей Қазақстанға дендеп ене бастағанына иланудан гөрі қиналуымыздың көп болғаны сондықтан. Жағдайдың масқаралығы да сонда, терроршылар салған лаңға бой үйрете бастадық. Ал, маңыздысы, теракттің болғаны оның салдарымен күресуден гөрі, себебін ауыздықтауды ойлап, шара қолдануға себеп. Қалай болғанда да шаңырағымыздың шырқын бұзып, ел ішіне дүрбелең туғызғандар кімдер? - деген сауалды өзімізге төтесінен қояйықшы.

Қазақстандағы лаңкестер дегенде айырып алатын бір мән-жай бар. Еуропада, Америкада теракті жасайтындардың дені көбіне-көп мағриптік Африкадан немесе таяу шығыстың тумалары болса, Қазақстанда өз азаматтарымыз.

Қазақ жерінде кіндігі кесіліп, осы жердің суын ішіп, осы жерде өсіп-өркендегендер. Басты айырмасы осы.

Олар көктен салбырап түскен жоқ. Қазақстандағы балабақшаға барған шығар, осы жердің мектебінің бірінші сыныбына барған шығар, осы жердің колледжі, университетінде оқыған болар.

terorЯғни, олар Қазақстанның реалийінде өсіп-өнді, яғни қазақ жерінің тәлімін көріп ер жетті. Алайда біздің балабақша, мектеп, колледж, институт оларды терроршы болсын деп оқытпағаны анық. Отбасыда ата-ана терроршы болсын деп тәрбиелемегені де айқын.

Соған қарамастан олар неге қолына қару алып, елді қырып салады? Өздері сияқты адамдарды қалайша өмірінен оңай айыруға дәті барды? Ол да біреудің бауыры, береуге бала, бір үйдің үміт күтіп отырған перзенті ғой. Риторикалық сауалға себепті жауап көп әлбетте. Соның бірін қарастырып көрейік.

Лаңкес атанып, ел ішін дүрліктіргендердің дені 80-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың бас  кезінде туғандар. Олардың балалық шағы тәуелсіздік жылдарының елең-алаң кездеріне тұспа-тұс келді.

Елдің тұрмысы төмендеп, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен заман. Ұрпақ тәрбиесі түгіл күнкөрістің тауқыметі бас қайғы болған кезең. Күндіз базар жағалап, Түркия, Қытай саудаға кеткен ата-ананың салдары баланың тәрбиесіне кері әсер еткенін жоққа шығара алмаймыз.

Осылайша осы сөздің шын мәнісінде бетімен кеткен посткеңестік кезеңнің «new generation», жаңа ұрпағы пайда болды. Социология тілінде оларды «мойнында кілт асынған ұрпақ» дейді екен. Мұның мәнісі, баласына қарауға шамасы жетпеген әке-шеше үйдің кілтін баланың мойнына асып қойып, өзімен-өзі болуына шектен тыс мүмкіндік беріп қоюын меңзеп тұр.

Ұрпақтар теориясын америкалық экономист, демограф Нейл Хоув пен драматург, тарихшы  Вильям Штраус өздерінің «Буындар» (Generations) кітабында тәптіштеп жазып кеткен.

dalanews terorЕкі ғалым осы еңбектерінде 80-ші, 90-шы жылдары туылған «мойнына кілт асынған ұрпақ» туралы, тағы бірде «белгісіз буын» деп ат қояды. Олардың заманы тұрып қалып, сасып, борсыған лай суды елестетеді. Еш даму жоқ, тек қана кері кеткен заман, ұрпақ.

Ата-ана күнкөріс қамымен, мектептегі ұстазы да шәкіртіне шамшырақ болу орнына, білім беру мекемесін сауда орнына айналдырды. Тұтастай алғанда азық-түлік дефициті, қайта құру, рэкет, есірткі, жасөспірімдер қылмысы...

Бұл анықтамалардың барлығы да сол тұстағы жастардың бет-бейнесін айқындап тұр. Бетімен кеткен буын қала, ауылды өз бетімен аралап, тамақты жылытуды ғана емес, дайындауды да үйреніп алды.

Ғалымдардың айтуынша, олардың артықшылығы, олар кез-келген өзгерістерге дайын тұрады. Олар тек өз күшіне, жеке тәжірибесіне сенеді. Тиісінше, олар біреудің көмегіне сирек жүгінеді. Яғни, бұл ұрпаққа асқан индивидуализм тән. Бұл әлбетте, осы «мойнында кілт асынған буынның» ізгі тұстары. Ал, кемшілігі неде?

Басты кемшілігі, әлбетте сол заманда қалыптасқан буынның білім сапасының төмендігінде. Өйткені, мектеп не колледж не университет ұстазына білім беруді ойлайтын жағдайы болмады. Тиіп-қашып, атүсті алған білімнен не қайыр, не үміт?

Осындай білімі таяз, тәрбиені даладан көрген ұрпақ дінді ұстанды. Бірден айта кетері, білімі төмен, ішкі мәдениеті қалыптаспаған, өз ісінің кәсіби маманы болмаған адамдардың дінді берік  ұстануы қауіпті екені айтпаса да түсінікті.

Қазіргі заманда жаһандық желі – интернетің көмегімен ғаламтордағы барлық ақпарат қолжетімді. Бірақ, бар мәселе – өскелең ұрпақ оны қалай кәдеге жаратып отыр. «Дін ұстана алсаң қасиетің, ұстана алмасаң қасіретің» деп белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков те жиі айтып жүр.

Ақпараттың молдығы өз алдына, оны ағартушылық мақсатта пайдаланудың маңызы өз алдына бөлек әңгіме. Білімі таяз, надандау ұрпақтың қолындағы ақпарат нәрестенің қолындағы пышақ сияқты. Қай кезде жарақаттап аларын білмейсің. 90-шы жылдардың жоғалған  ұрпағының басты кемшілігі де осында деп білемін. Олар сапалы білімге зәру. Тиісінше, білімге жарымаған буынның дінге экстремистік тұрғыдан келу қаупі басымырақ.

Екінші бір мәселе, ақпарат, білімді алу бар да оны дұрыс тұрғыда тиімді пайдалану жағы өте кемшін. Ол үшін сыни ойлау ( critical thinking) машығы аса қажет.

Әлемдік білім беру тәжірбиесінде осы сыни ойлай білу машығын игерудің маңыздылығы алдыңғы қатарда. Өйткені, сыни ойлау қай ақпараттың қайсысы қауіпті, қайсысы сананы дамытуға пайдалы екенін білу үшін керек. Ақпарат, білімнің молдығы заманында қайсы оң, қайсы теріс екенін ажыратып алу үшін білімді сараптап, тиісті қорытынды жасай білу қырлары заманауи ұрпаққа аса қажеттігін айтпаса да түсінікті.

Оның үстіне ұстазы да шәкіртке сай жаңа формацияда болғаны абзал. Жаңа формацияда дегенді қалай түсінеміз? Заманауи ұстаз бұрынғы Кеңес Одағы тұсындағы ұстаздың кейпінен әлдеқайда алшақ.

Кеңес Одағы тұсындағы ұстаздың беделі қазіргіден жоғары еді. Ол түсінікті де. Ол замандағы ұстаз шәкіртінен білімі озық тұратын еді. Себебі, Кеңес заманында қазіргідей ақпарат, білім қолжетімді емес. Бүгінгінің шәкірті білімді, ілімді электронды кітапханадан, ғаламтордан алады. Осы жағынан оның мүмкіндігі зор.

Кеңес уақытында болса, ұстаз білімді кітапханадан, қоғамдық мекемелерден ғана ала алатын. Сол тұрғыдан алғанда заманауи ұстаз шәкіртімен қатаң бәсекелестікке түсіп отыр. Мұғалімнің білетінін шәкірті де біледі. Мұғалім тек шәкіртке емес, шәкірті де мұғаліміне көп жағдайда үйрете алатын кезге келіп жеттік. Заман талабы сол.

Ендеше осындай бәсекелестікке түсіп отырған ұстазға жаңа заман бедерінде қайтпек керек? Әлемдік білім беру жүйесінде заманауи мұғалім үйретушіден гөрі, шәкіртіне достық рәуіштегі тәлімгер, яки дұрыс арнаны бағыттаушы дос, тура жолдан адаспауға үгіттейтін тұсбағдар рөлін көбірек атқарады. Бұл тұрғыдан алғанда қазіргінің ұстазына өмірлік тәжірибе көп сеп болса керек.

Ал, ең бастысы бүгінгінің мұғалімі педагогикалық талантын шәкіртінің бойындағы сараптаушылық, сыни ойлау қабілеттерін дамытуға бағыттағаны ләзім. Өйткені, тағы да қайталап айтамыз, сыни ойлап, сараптай біліп және тиісті қорытынды шығара білу машығы – бүкіл әлемдегі бүгінгі ұрпақтың басты қасиеті болса керек.

Осы тұрғыдан алғанда өз басым ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім берудің жаңаланған мазмұнды бағдарламасын толық қуаттап, қолдайтынымды білдіргім келеді. Дәл осы заманауи бағдарлама жас буынды тиімді сараптап, қисынды ойлап, ақ қараны айыра білетін машыққа баулиды деп үміттенемін. Біздің көзі ашық, көкірегі ояу қоғамда терроршылар тәрбиеленгені үлкен әбестік, болашаққа балта шабатын кемістік. Надандық, білімсіздік агрессияны тудырады. Сондықтан, өскелең ұрпақ тиісті дәрежеде білім алып қана қоймай, оны қорыта білуді үйренуі де аса маңызды.

Қанат ӘУЕСБАЙ

 

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x