Ердоған АҚШ-тан саяси баспана сұраған ба?

Dalanews 17 шіл. 2016 13:49 277

Шілденің 15-нен 16-сына қараған түні Түркияда бір топ әскерилер Анкара мен Ыстамбұлда бірқатар стратегиялық маңызды нысандарды басып алып, мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылғанын естідік. Алайда халықтың көмегімен бірнеше сағат ішінде көтеріліс тұмшаланды. Төңкеріс жасауға ұмтылды, бүлікшілерді бастады деген айыппен Түркия Әскери Әуе Күштерінің бастығы, генерал Акын Өзтүрікке қарсы қылмыстық іс қозғалды.

Бұл Түркиядағы 1960 жылдан бергі бесінші әскери төңкеріс! Бастапқысы Жемал Гурсел бастаған әскерилер төңкерісі 1960 жылы 27-мамырда орын алған еді. Сол кезде түрік президенті Жәлел Баяр қамауға алған  болатын. Түрік жеріне қоныс аударған қазақтарға көп жақсылық жасаған Үкімет басшысы Аднан Мендерес өлім жазасына кесіліп, олардың демократиялық партиясы таратылды.

[caption id="attachment_17658" align="alignright" width="420"]dalanews kegan Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Кенан Эврен[/caption]

Бұдан кейін 1971 жылы 12-наурызда Мамдуг Тагмач бастаған тағы бір әскери төңкеріс Премьер-министр Сүлеймен Демирелді биліктен тайдырған еді. Араға 10 жыл салып, яғни, 1980 жылы 12-қыркүйекте Түркия Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Кенан Эврен бастаған кезекті әскери төңкеріс кезінде билікке қайтып оралған Сүлеймен Демирелді тағы да төңкеріп тастаған еді. Әскерилер Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесін құрып, партиялар мен кәсіподақтардың жұмысына тыйым салғаны есімізде. Бірақ Түрік елі біртіндеп демократиялық бастауларға қайтып оралды.

1997 жылы 28-ақпанда бейбіт сипатта тағы бір әскери төңкеріс орын алды. Әскерилер Ататүрік өсиет еткендей мемлекеттің зайырлы сипатын сақтап қалу туралы меморандум жариялады. Осы әрекеттің салдарынан Үкімет басшысы Нежметдин Ербакан қызметінен кетті. Ал оның жақын әріптесі, Ыстамбұл қаласының мэрі болған Реджеп Тайып Ердоған қуғынға ұшыраған еді. Бұдан кейін Ердоған саяси күресті жалғастырып, өзінің Әділеттілік пен даму партиясын құрғаны есімізде.

2002 жылы қиын жолмен Үкімет басына әзер келген Ердоған елге инвестиция тартудың мүмкіндіктерін жақсартып, девальвация тоқтатқаны белгілі. Экономика күрт алға басты. Ердоған басқарған 2012 жылға дейінгі он жылдың ішінде елдегі шынайы ЖІӨ 64 пайызға, жан басына шаққандағы ЖІӨ 43 пайызға өскен. Сонымен бірге Ердоганнның беделі де өрлеп, халықтың қолдауына ие болды.

Жалпы, Түркияда 2000 жылдарға дейін әскерилердің ықпалы жоғары болғаны белгілі. Әскерилер ел дамуында діни бағытқа бетбұруын тосқауыл қойып, партиялық егесте тараптарды тежеуші күш болды.

Ердоған өзі билік еткен жылдарда Түркияның ішіндегі әскерилердің ықпалын төмендетуге, азаматтық билікті күшейтуге ұмтылды. Сондықтан әскерилерге қарсы жазалау шараларын қатаң жүргізгенін білеміз.

Әсіресе 2011 жылы «Эргенекон» ісі бойынша коррупциямен айыпталған үш жүзден астам генерал мен офицер жазаға тартылды. Оның бұл қадамын халық та түсіністікпен қабылдаған еді.

dalanews turkeyСоңғы жылдарда Ердоған авторитарлық, диктаторлық жүйеге бет бұрғаны жасырын емес. Конституцияны өз ыңғайына қарай өзгерту, билікті сақтап қалуға ұмтылуы, әлеуметтік шаралар (үйде отырған әйелдерге ай сайын 400 доллар шамасында қаражат төлеуге ұмтылу) арқылы электоратты өзіне бұру сияқты саяси қадамдарға барды. Халықаралық қатынастарда да кейбір қателіктерге (Ресеймен жағдайды ушықтыру) жол берілді. Осыдан кейін бірқатар сарапшылар Ердоғанды тирандар қатарына қоса бастады.

2014 жылы 25-ақпанда Түркияда сыбайлас жемқорлық ісі бойынша тергеу кезінде Премьер-министр Реджеп Тайып Ердоғанның ұлы Білалмен телефон арқылы сөйлескен сөздері жария болды. Әңгіме барысында әке мен бала  үйлерінде коррупциялық жолмен сақталған орасан мол ақшаны (кейбір деректерде 1 млрд АҚШ долларындай) жедел түрде жасыру сөз болған еді. Ертесіне қалған 30 миллиондай долларды не істеу керектігі жөнінде сөйлеседі. Министрлер кабинетінің сайтында бұл туралы дереу «аморалдық монтаж» яғни жала жабу екендігі туралы жазба пайда болады. Бірақ көп адамдар бұған сене қойған жоқ.

Ердоған болса «сасқан үйрек артымен жүзеді» дегендей мұндай әрекетті жалақорлық деп атап, оны көрнекті мұсылман ойшылы, бүгінде АҚШ-та тұратын Фетхуллаһ Гүленнің ісі етіп көрсеткісі келді.

dalanews taip_erdogan_ишдфдОсы тұстан Ердоғанның халық алдындағы беделі түсе бастады. Бүлікшіл әскерилердің бірі кеше мойындағанындай олар «коррупцияға батқан Ердоған билігін құлатпақ болған». Яғни, бұл түрік режимі тарапынан «тілеп алынған» төңкеріс сияқты. Өйткені, түрік қарулы күштері өздерінің мәлімдемесінде «бұзылған конституциялық тәртіпті қалпына келтіру, адам құқығы мен бостандығын, заң билігі мен жалпы қауіпсіздікті сақтау үшін ел билігін толықтай қолына алмақ болғандығын» айтты.

Қызық болғанда кейбір деректерге қарағанда төңкерістің алғашқы сағаттарында Ердоған АҚШ-тан саяси баспана сұраған. Олар бас тартқан соң Ердоған скайп арқылы халыққа үндеу тастаған. Түрік жұрты қазір бұрынғы симпатиялық инерциясымен Ердоғанды қолдап тұр. Ертеңгі күн қалай боларын бір Алла біледі.

dalanews marat_tokashbayevЕрдоған кеше күтпеген жерден Түркия әскерилеріне дем берген Фетхуллаһ Гүлен деп Барак Обамадан оны Түркияға ұстап беруді талап етті. Енді Ердоган бүлік бастаған әскерилерге қатысты қатаң шаралар қолданатыны анық. Тіпті, мораторий жарияланған өлім жазасын қолданысқа қайта енгізбекші.

Кешегі әскерилердің мемлекеттік төңкеріске ұмтылуы кезінде барлығы 265 адам қаза болды. Бәрінен осы өкінішті.

 

Марат Тоқашбаев

(мақала автордың Фейсбуктағы парақшасынан алынды)

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x