Шенеуніктерге сауал: біздің балаларымыз үшін не істедіңіздер? Түк те...

Dalanews 19 сәу. 2016 10:18 166

Редакция: Білім министрлігінің реформаларына қатысты өз көзқарасын білдірген мына бір әлеуметтік дүниені жарияламасқа болмады. Әлеуметтік желіде кеңінен талқыланған ата-ананың мақаласы тек бір адамның емес, тұтас халықтың ой-пікірін білдірген екен. 

Менің шенеуніктерге қояр сауалым бар: сіздер біздің балаларымыз үшін не істедіңіздер осы? Өзім айтып берейін бе? Түк те...


Балалардың мектептегі тегін тамағына таласып тартып алдыңыздар. Одан қалды оларды шіліңгір шілдеде зорлап сабақ оқытпақ ойларыңыз бар.

Одан да оқу бағдарламасындағы қажетсіз әрі түкке тұрғысыз пәндерді неге алып тастамайсыздар? Балаларға сабақ үйрету әдістемесін қайта қарап, сыныптардағы бала саны 25-тен асып кетпеуін неге қадағаламайсыздар?

Ең сорақысы, оқушылар енді үш тілде оқитын болды. Орысша мұны ботқа дейді. Айтыңыздаршы, осы үш тілді білім беруге ауысатындай сауатты, білікті, тәжірибелі ұстаздар даярладыңыздар ма? Болмаса, сапалы кітаптарыңыз қайда?

Шыны керек, кітаптың сапасына келгенде күдік көп. Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл толды. Бірақ осы уақытқа дейін мәнді әрі мазмұнды кітап басып шығара алмадық.

 Есесіне, пайдасынан бұрын зияны көп және ең сорақысы сіздер оқушылардан талап ететін білім деңгейіне сай келмейтін «дүбәра» кітаптар жетіп артылады.

Сіздер еліміздегі екі мектептің бірінде – ұстаздар Қазақстанда шығатын кітаптан іздегенін таба алмағасын қосымша Ресейде шығатын кітаптарға жүгінуге мәжбүр болатынын білесіздер ме?

Бұл мәселенің беткі жағы ғана. Мектептегі білім берудің көрсеткіші сапаға емес, санға негізделетін болды. Осының кесірінен оқушыларымыз ойлаудан қалып барады. Бұған да сіздер кінәлісіздер.

 Сіздердің «мектептегі білім сапасын көтереді» деген күдікті бастамаларыңыз негізінде оқушыларға тәжірибе жүргізуге арналған, солай емес пе?

Басқасын басқа, оқушыларға тәжірибе жүргізген не сұмдық? Оларға қандай сынақ жасамақсыздар?

Одан да мектептерге ақша бөліңіздер. Ата-аналар айтып таусылмайтын түрлі қорларға ақша жинап шаршады. Бұл өз алдына мектептің керек-жарағын да, атап айтқанда кітап,парта, стол және басқа да техникаларын ақша жинап ата-аналар алып береді. Біз бұған міндеттіміз бе? Әлде біздің қалтамыз қалың ба?

Ал сіздер болсаңыздар мектептерді тергеп-тексеруден шаршамайсыздар, мұндай кездері әлгі ақша жинау науқаны сап тыйылады. Мектепті кінәлағымыз келмейді. Сіздердің тараптарыңыздан тиісті деңгейде көңіл бөлінбегесін, тиісті деңгейде қаржыландырылмағасын мектептің басқа қандай амалы бар?

Бұл ғана емес.

Мектеп тағамының мәселесі өз алдына бөлек әңгіме. Ашығын айтқанда, нағыз масқараның көкесі осы. Алдымен мектептердің асханаларына бас сұғып көріңіздер. Сонда балаларды тамақтандыру үшін мектептің қандай әдіс-амалға баратынын көрер едіңіздер. Мұндай асқа ақша шығындаудың өзі обал, мұндай ас балаларға қорек емес, керісінше, денсаулығына зиян.
Мектеп формасын да қайта жұлқылай бастадыңыздар. Бұл кімге керек өзі? Жалпы, форманың не қажеті бар? Баланың үстіне киген киімі оның біліміне әсер ете ме?

Құрметті Сағадиев мырза, сіз мектеп формасының қандай болуы керектігін айтып шаршаған жоқсыз ба? Бұдан сіз не ұтасыз? Одан да мектептегі «Өзіңді-өзің таны» деп аталатын есуастау әрі психикалы ауытқуы бар адамдар жазған пәнді тізімнен неге алып тастамайсыз?

Сосын сіз мынаны білесіз бе: 5-ші сыныпқа арналған «Қазақ тілі» кітабы сапасы жағынан өте төмен. Оны оқыған баланың миына бірнәрсе қонады деу қиын. Бала ақылсыз емес, керісінше, кітаптың мазмұны төмен, тілі түсініксіз.

Білім министрлігі алдымен өзінің кемшіліктерін түзесе дұрыс еді. Бірақ, қасақана жоғарыдағылар өз кемшіліктерін көргісі және оны түзеткісі келмейді.

Айтатын дүние көп. Бірақ бәріне жүйке шыдамайды.

Соңғы 5 жылда мектептер мен оқушылардың көрмегені жоқ. Реформадан реформаға ұшырады. Киімдеріне килікті, кітаптарын бүлдірді, асханасынан айырды, енді келіп «үш тілде оқитын боласыңдар» дейді. Бұл қалай болғаны? Оқушыларға тәжірибе жүргізгу кімге керек болды?

Осының өзінен-ақ біздің шенеуніктердің халықтан қаншалықты алыстап кеткенін көресің. Сіздер мемлекеттің ең басты құндылығы – балаларды әбден әбігерге салдыңыздар. Бірақ, салмас бұрын алдымен халықтан сұрау, халықпен санасу керек еді. Ол жоқ сіздерде...

Оқушыларға тәжірибе жүргізбес бұрын олардың ата-аналарынан неге сұрамайсыздар? Қазақстандағы мектептердің білім беру деңгейін сіздерге дәл солар, ата-аналар айтып берер еді?
Халықты тыңдағыларыңыз келмейді. Басқа әлемде өмір сүретін сіздер жер басып жүретін біз сияқты пенделердің сөзін елейді дегенге сенбейміз.

Ата-ананың хаты


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x