Долларды неге ұстап тұр?

Dalanews 29 ақп. 2016 23:10 370

Редакция атынан: «Қала мен Дала» газетінің поштасына келген мына хатты оқи отырып қарапайым халықтың қазіргі жағдайға деген көзқарасын аңғаруға болады.  

Былайша айтқанда, бізге енді бəрібір емес пе? Доллардың өскенінен де, түскенінен де түк өзгермейді. Өмірімізді айтамын. 
Рас қой. Ертең доллар сəл-пəл түсіп, теңге бағамы көтерілсе, бұдан базардағы баға арзандай ма? Жоқ, енді арзандамайды. Бір өскен баға сол қалпында қалады. Біржолата.  

Демек, біз алдандық. 

Теңге мен доллардың айналасындағы хаостан қарапайым халық қана оңбай ұтылды. 
Бұрында əлгі бір дəу дүкендерге баратынбыз. Супермаркеттерге... Үйден алып шыққан 15 мың теңге артығымен болмаса да нақпа-нақ жететін сияқты еді. Қазір жетпейді. Қазақшалап айтқанда, жыртығыңды жамауға да жарамайды.

Барлық тауардың бағасын бізге байқатпай қымбаттатқан. Азық-түлік, дəрі-дəрмек, құрал-сайманның құнына дейін өсіп кетіпті. Долларға байланған өмір-ай...
Əйтеуір бəріне девальвация жақсы сылтау болды.

Осы күнге дейін өздігінен түк өндірмей келген Қазақстан «қара алтыннан» қадір қашқанда импорттың аузына қарап қалды. Одан бұрын мұнайдан түскен ақшаның арқасында өзінің биті тым семіріп кеткенін түсінді. Түсінген шығар деп ойлаймыз...Бірақ түсінбеуі де мүмкін. Түсінсек, шығыны шаш етектен келетін керексіз жобалардан, жарыстардан бас тартар едік қой. Солай ма?

Одан бұрын, қарап тұрып қазіргі жағдайға күлкің келеді. 
Сайлаудың алдында доллардың тұрақтана қалғанын қарасаңшы. Сайлау өткізердің алдында халықтың көңілін аулау ма, бұл не сонда? Мұндай алдарқату қаншалықты қажет болды екен?
Əйтеуір елдің арасында жүргеннен кейін көп нəрсені естисің. Əлгі биліктегілер сайлауды аман-есен өткізіп алғанша долларды ауыздықтай тұруды жөн көріпті.

Сонда сайлаудан кейін бізді не күтіп тұр? Тіпті елестетудің өзі қорқынышты. 
Биліктің өзі «сайлауды өткізіп алайық» деген баянсыз принциппен өмір сүрсе, қарапайым халыққа мұндай биліктен не қайыр, не үміт?

Анығы, сайлаудан кейін де өмір бар емес пе? Иə, бар. Бірақ оның қандай болатынын қазірден-ақ болжауға болатын сияқты.
Болжауымызша, доллардың алар асуы мен шығар биігі алда. Сайлауға дейін сəл тынысы тарылған ол осы жолы шын еркіндік алады дейді. 

Жанармай бағасы да осы сайлаудан кейін өседі деп жатыр. Билік «өсетін негіз жоқ» дейді. «Жоқ» десе, демек өседі деген сөз. О жақтың сөзіне сенбейтін адам ретінде бұған күмəнданбаймыз.
Байқайсыз ба, өмір бойы қымбатшылық біздің ізімізден қалмай келеді. Біресе алдымызға шығады, біресе артымыздан қуады. 

«Өседі», «қымбаттайды» деген сөздердің орнын «дамиды», «өзгереді» деген ұғымдармен алмастыру қашан мүмкін болар екен? 
Анығы, біз мұндай өзгерген, дамыған Қазақстанды көре аламыз ба? Біздің балаларымыз көре ала ма? 

Былтырғы ұлан-асыр науқанның алдында да (қай науқанды айтып отырғанымды білетін шығарсыздар) дәл осы сценарийге куә болғанбыз. Келімбетов «доллар өспейді» деп үйіп-төгіп уәде берген. Науқан аяқталғасын, былайша айтқанда, көздеген мақсатына жетіп алғасын долларға «бостандық» берілді.  Сонда билік бізді ақымақ деп ойлай ма?

Жұмаш ШҮЙКЕНОВ,


«Қала мен Дала» газетінің тұрақты оқырманы 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x