Жаңа Парламент кімдерден жасақталуы тиіс?

Dalanews 18 қаң. 2016 22:44 213

Аяқ астынан мәжіліс депутаттары өз жұмыстарына көңілдері толмайтындығын мойындап, өздерін таратуды өтінді. Бұл, әрине, жаңалық емес, біздің елде қандай да бір жоспарлар мерзімінен кейін атқарылса, сайлаулар мерзімінен бұрын өтеді. Сайлау болса, өздеріне көңілі толмағандарға халықтың көңілі толатыны «дәлелденіп», орындарына қайта отырғызады. Дегенмен де, халықтың көңілі аз санды депутаттарымызға толмайтын болып шығады. Ендеше, сол орындарға кімдер лайық?

Кім келерін болжамай тұрып, кімдердің кетіп бара жатқанын, несімен есте қалғанына бір көз жүгіртіп шыққанымыз жөн болар. Естеріңізде болса, 2012 жылы 15 қаңтарда республикада ҚР Парламенті Мәжілісіне кезектен тыс сайлау және ҚР мәслихаттарына кезекті сайлау өтті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметтері бойынша, сайлауда «Нұр Отан» партиясына – 80,99%, «Ақ жолға» – 7,47%, ҚКХП-ға – 7,19%, «Ауыл» партиясына – 1,19%, ЖСДП-ға – 1,68%, «Әділетке» – 0,66%, Қазақстанның патриоттар партиясына 0,83% дауыс берілген еді. Сөйтіп, мәжіліс құрамынан «Нұр Отан» – 83, «Ақ жол» – 8, ҚКХП – 7 орын алған. Ал, қалған 9 орын Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен толыққан.

Соңғы кезде жұрт арасында «зейнеткер парламент» аталған бұл мәжіліс депутаттарының кейбірінің өз жұмыстарына көңілдері толмаса, енді біреулері өздерінің төртжылдық қызметтеріне дән риза көрінеді. Мәжілісті таратуды ұсынғаннан кейін депутаттарымыздың Парламент мінберінен сөйлеген сөздерінен білуге болады(http://24.kz/kz/zha-aly-tar/sayasat/item/100966-mys-istedi).

Nurtay-SabilianovҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов:

«V шақырылымның Мәжіліс депутаттары халықтың игілігіне жұмыс істеді. Сайлаушылармен тығыз байланыста болды. Ашық түрде кездесулер өткізді. Әр мәселелерді көтерді. Мен бесінші шақырылым өз жұмысын жоғары деңгейде атқарды деп ойлаймын», – десе, әріптесі  Мейрам Бегентаев: «Жақсы жұмыс істедік деп ойлаймын. Өзіңіз білесіз, 5 институционалды реформаны қолдап, 80-нен астам заңды шығардық», – деп алтыншы шақырылымнан үмітті екендерін білдірген.

Ал, біздің есімізде, бұл шақырылым депутаттары халықтың қалауынан гөрі биліктің талабын орындаумен қалды. Өйткені, қаншама халықтың наразылығын тудырған заңдарды қабылдады. Алғашқы жұмыс жылында аналарымыздың зейнеткерлік жасын ұзатуға табандылық танытса, екінші жылы қазақ көшіне тоқтау салатын заң жобасын қабылдады. Үшінші жылы ел тәуелсіздігіне төнер қауіпке қарамастан «Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялау туралы» Заңды қабылдағанымен қоймай, балаларымызды мектептегі жарты тоқашынан қақты және сәбилерді авто орындыққа таңдырмақ болды. Ал, төртінші жылы бұл елдің қарапайым дәрігерлері мен ұстаздары 50, 60 мың теңгемен, қара халық күнделікті мың теңге тапса да көңілі тоқ болып жүргенде, депутаттарымыз өздерінің 500, 600 мың теңгелік жалақыларын азырқанып, халықтың наразылығына ұшырады. Жыл ортасында барымызды базарға салып, саудалауға жол берді. Ал, бесінші жыл басталғанда Мәжіліс өз қызметтерін тоқтатуды өтінсе, Сенат төрағасы мемлекеттің заңдарына мемлекеттік тілдің қатысы жоғын айтып, айды аспанға шығарды. Парламенттің бас мінберінен мемлекеттегі екінші заңды тұлға ұлтқа қарсы сөйлеу арқылы Парламенттің қос палатасының бірдей тарауы керектігін дәлелдеп берді.

Заң талқылау барысындағы белсенділікке келсек, «Нұр Отанның» 83 депутатына қарағанда, «Ақ жолдың» 8, ҚКХП-ның 7 және ҚХА-ның 9 депутаты басым болып отырған кездер де болды. Алайда, олар көпшіліктен озып, ойларын айтқанымен арттарынан қалған әріптестерін ерте алмай, көпшілікке бағынумен болды. Жалпы ұлттың сөзін сөйлеп, ұлттық құндылықты Парламент мінберінде насихаттайтын депутаттарымыз бұл шақырылымнан аса байқалмады. Әрине, ұлтшылдар ол сайлауда қатысып, ұлттың сөзін ұлттық мінберден айтуды мақсат етіп еді. Алайда, олар біздің үмітті сайлауға жетпей үзді. Айналдырған 5,6 депутаттан басқалары жиналыстарға келіп-кетуден басқаны білмей, біздің Парламент үндемес Парламентке айналып, депутаттар алдындағы бір батырманы басудан ары асалмады.  Қарсы уәж айтбаса да, алдындағы қарсы дауыс беретін батырмаға қателесіп баспаған жағдайда қолының ұшын тигізбеді. Тіпті, ол батырманы басуды ойлаған да емес, бар-жоғын білмейтін де шығар. Бәрі тек «иә» деген батырманы басуды жақсылап «үйреніп» алған еді.

Ел аузында биылғы сайлауда Парламентке «Ауыл» партиясы өтуі мүмкін деген болжамдар бар. Мейлі, қай партия өтсе де қарапайым қазақтың үнін Парламентке жеткізе алатын ұлтын, елін, жерін сүйіп, еліне қызмет жасайтын азаматтар өткені абзал. Жалпы бесінші шақырылымда «Ақжолдықтар» аз да болса ұлттық мәселелерді көтере алды. Ол да болса партия құрамында ұлттық рухы жоғары адамдардың ықпалының басымдылығын білдірсе керек. Қазіргі кезде билік қалай да осы елді құраушы ұлтпен санасуы керек. Сондықтан, Парламентке өткен қай партия болсын ұлтшыл тұлғаларды өз қатарларына тартқаны жөн. Келесі шақырылымнан аз да болса үміт күтеміз, себебі қазір бас партиямыз «Нұр Отанның» басшылығында ұлтқа адал берілген Асқар Мырзахметов пен кеңесшісі болып Берік Уәли мырзалар отыр. Ол кісілер «Нұр Отаннан» өтетін үміткерлерді ұлттық сүзгіден өткізе алар.

22315Бесінші шақырылым депутаттары екі жыл ішінде бір заңды екі рет екі бағытта қабылдады. Яғни, 2013 жылы қазақ көшіне тұсау салатын, 2015 жылдың соңында сол тұсауды алатын заң қабылдаған еді. Осы екі заң қабылдану аралығында Парламенттің «үшінші палатасы» пайда болды. Олар Елбасы мен үкіметке 2013 жылғы заңның қазақ халқы үшін тиімсіздігін түсіндіре отырып, қазақ көшінің жандануына әсер ететін заңның іске асу жолында нағыз Парламенттің жұмысын атқарды және олардың жұмысы нәтижелі болды. Олар – ақын Ауыт Мұқибек бастаған елімізге тәуелсіздік таңы атқан кездері, «жан емес маған керегі, көк тудың желбірегені» деп келген азаматтар еді. Сол азаматтардың еңбегімен, «Қамшы», «Абай» сияқты ақпарат құралдары мен оқырмандарының дем беруімен көш қайта жандануға бағыт алды.

Көш демекші, Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері алыс-жақын шетелде тұрып жатқан 1 миллионға жуық қазақ қазақтың қара шаңырағы – жалғыз Отанымызға келдік. 1 миллион қазақтың ішінде тәуелсіз елдің таңы үшін әр салада қызмет етіп жатқан азаматтар бар. Қарапайым жұмысшы шаруа қазақтан бастап спортта ел мерейін асқақтатқан Мұстафа Өзтүрік, Қанат Ислам, Бақыт Сәрсекбев сияқты батыр оғыландар мен бірге ақын-жазушы, журналистер, саясаткер мен кәсіпкерлер,  шығыстанушы Нәбижан Мұхаметжанұлы сияқты әр саладағы өзіндік орны бар ғалымдар келді. Бірақ, әлі де болса шетелдерде 5 миллионнан астам қазақ тұрып жатыр. Сондықтан, шетелдегі қазақтардың бүгіні мен ертеңі Парламент қабырғасында жиі сөз болып тұрары ақиқат. Ендеше, Парламенттің құрамында іштегі және сырттағы қазақтардың қал жайынан толық мәліметі бар азаматтар болуы керек. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген қазақ мақалы бар. Шеттегі 5 миллион қазақ үшін шетелден келген 5 қазақтың Парламент құрамында болуы қажеттілік деп санаймын. Біз үшін әр қазақтың тағдыры маңызды, ал, сырттағы қазақтың жайы да Парламентке жетіп отыру керек. Қазақтың бәрі бауыр, бәрі туыс, бәрі де сырттағы қазақ үшін күйінеді, сүйінеді. Бірақ, көз көріп, қолмен ұстағандай болмасы анық. Елімізге келген қонақтарымызға да Парламенттен (ҚХА)  арнайы орын босатып отырмыз ғой. Сондықтан, шеттегі қазақтың тағдыры үшін Парламентте арнайы орын болғаны жөн деп білемін. Қалайда осы жолғы алтыншы шақырылымдағы Парламент Мәжілісі депутаттарының ішінен шетелден келген қандастарымызды көргім келеді. Біздегі «Нұр Отаннан» бастап негізгі партиялардың құрамына кірген қандастарымыз жоқ емес, партия жетекшілері осы жағын ойластырғаны жөн.

Мәжілісті таратуды айтпас бұрын ақпарат құралдары депутаттарымыздың бірталайының зейнеткер екенін жарыса жазған болатын. Жоғарыда да жаздым, Парламент үнсіз Парламентке айналды деп. Оған себеп, қазіргі Парламент зейнеткерлер болуымен бірге заман талабына сай емес. Әлемдік дағдарыс пен шиеленіскен халықаралық жағдайға сараптама жасайтындай білікті экономистер мен саясаттанушылар кем. Дос Көшім, Досым Сатпаев, Расул Жұмалы, Айдос Сарым сияқты саясаткерлер мен Мұхтар Тайжан сияқты экономистердің экономикалық, саяси сараптамалары Парламент төрінен айтылар болса, елдің де ертеңіне үміті болар еді. Сондықтан, Парламент шынымен жаңа құраммен жасақталар болса, басты орынды экономистер мен саясаттанушылар иеленуі керек. Қалған орындарға әр саланың білікті мамандарын тартқан жөн. Әрине, ол адамдар алдымен, ұлттық құндылықтарды басты орынға қоятын тұлғалар болуы керек.  Бұның бәрін біз үмітпен айтып отырмыз ғой. Бірақ, билік «қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» деп, сайлау да, сайлаудан кейінгі депутаттар да Абай атамыздың:

«Болыс болдым мінеки,

 Бар малымды шығындап.

 Түйеде қом, атта жал,

 Қалмады елге тығындап.

Сөйтсе-дағы елімді,

 Ұстай алмадым мығымдап.

 Күштілерім сөз айтса,

 Бас изеймін шыбындап.

Әлсіздің сөзін салғыртсып,

Шала ұғамын қырындап», – деп бейнелеген болыстың күйін кешпесе болғаны. Бір анығы, ұлтшылдар мен шеттен келген қандастар бар малын депутат болу үшін шығындай қоймайды.

Тұрдыбек Құрметхан


 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x