Сіз қашан қазақша сөйлейсіз, Әлішер?

Dalanews 21 желт. 2015 02:03 245

Редакция атынан: «Қағынан жеріген...» атты айдарымыз бар еді. Аты айтып тұрғандай «адасқандарды» жазамыз. Тілін, ұлтын ұмытқандарды... Бұл жолғы кейіпкер танымал блогер, PR маман – Әлішер Елікбаев.

 Негізінде біз сіздерден əлдеқашан айырылып қалғанбыз, Әлішер. Білесіз бе осыны? 
Бізге сіздей адамдардың қазақша сөйлегені керек еді. Жоқ, біз сіздерге мұқтаж емеспіз, бірақ сіздердің Қазақстан атты қостілді мемлекетте ешнəрсені білмей, ешнəрсені көрмей, бейқам өмір сүріп жатқандарыңызға таңғаламыз. 
5951b54e2f4b1c61c5530e4a7d8de830-bigСіздер қандай бақыттысыздар. Сіздерде бəрі бар. Белгілі бір дəрежеде бізде де бəрі бар. Ішіп-жем, киер киімді айтамыз (егер «бəрі барды» осымен өлшейтін болсақ).
Бірақ, іс жүзінде көп жеріміз кетік. Көп жеріміз. Тіліміз тілінген, екіге...
Әлішер, сіз біздің не айтып отырғанымызды түсініп отырсыз ба? Сөзімізді, алтын уақытымызды текке шығындап жатқан жоқпыз ба? Түсінбеуіңіз мүмкін емес. Ең жеңіл тілмен жазғанымыз ғой бұл. Жамандап жатқан жоқпыз, қорықпаңыз. 
Əлішер, сіз ойлауыңыз мүмкін, ыналар маған бекерге соқтығысып отыр деп...
Жоқ. Бекер емес. 
Әлішер, Жүсіпбек Аймауытовты оқыған шығарсыз? Сол кісі былай депті: «Қара халықтың мәдениетті болуынан, мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын».
Бұдан бір ғасыр бұрын айтқан. Дəл сіздей адамдарға арналған сияқты.  Адасқандарға... бəлкім біржолата, мəңгілікке. 
Əлішер, Сіз қашан қазаққа айналасыз? Біз күтіп жүрміз. 
Осыдан бірнеше жыл бұрын əлдебір басылымға берген сұхбатыңызда «қазақша үйреніп жүрмін» дегенсіз. Білеміз. Бір емес, бірнеше жерде айтыпсыз. 
Үйрендіңіз бе? Қалай, қиын бе екен туған тіліңді үйрену? Əлде, үйренбедіңіз бе?
Асылы, бізге сіздей адамның қазақша сөйлегені, қазақша ойлағаны керек. Сіз бір ауыз қазақша жазсаңыз (айталық, тіл туралы) бір орыстілді досыңыздан айырылуыңыз  мүмкін, бірақ он қазақтілді дос табасыз. 
Одан бұрын ешнəрсені білмей, ешнəрсені көрмей, бейқам өмір сүріп жатқан қазіргі қамсыз қалпыңыздан айырыласыз. Қайғырасыз. Біздің қайғымызды түсінесіз. 

Мəселе, бұл сізге керек пе? Сіз мұндай тəуекелге бара аласыз ба? 
Білесіз бе, Əлішер, негізінде жылдар бойы адасып келген, орысша сөйлеген, орысша ойлаған, былайша айтқанда болмысы өзгерген, бірақ айналып келіп бəрібір де тегін таныған (оларды шалақазақ деуге аузымыз бармай отыр) қазақтар əлдеқайда патриот болады. Патриот дегеніміз аз, орыстың сойылын соғатындар, жалпы, қазаққа қатысты дүниені жақтыра бермейтіндер олардың көпшілігін «нацпат» деп атайды. 
11082573_10152717721040950_2245186419067786611_nСол дəстүр сізбен жалғасса деген ой ғой біздікі....Жоқ, сізден жұлынған патриот болуды сұрап отырғамыз жоқ.
Жарнамаға жұтап отырған қазақ сайттары мен газеттеріне жан бітірсеңіз, белгілі бір тауарды орысша емес, қазақша жазып жарнамаласаңыз, кем дегенде бастап көрсеңіз қатып кетер еді, Əлішер.  Қайталап айтайық, біз сізге мұқтаж емеспіз. Біздікі адасқандар үйірін тапса деген ой...
Сіздерге біздің ортамыздан əрдайым орын табылады. Бірақ ешқашан орыс бола алмайсыз. Орыстарда Әлішерлер көп, олар мыңдап саналады. «Адасқандар» – бұлар қазақ та емес, орыс та емес. Бұлар өмір бойы осы екеуінің ортасында өзінің кім екенін білмей өтетін бөлек топ. «Адасқандардың» арасында ақыл кіргендері аз, ақылынан адасқандары көп.

Əлішер, таңдау сізде. Əлі де кеш емес. Ақыл кіргендердің қатарында сіздің атыңыз жүрсе, досыңыз да, өкінішке орай дұшпаныңыз да көбейеді. Дұшпаныңыз бұрынғы досыңыз болуы да бек мүмкін. Айттық қой, сіз бір ауыз қазақша жазсаңыз (айталық тіл туралы) бір орыстілді досыңыздан айырылуыңыз  мүмкін, бірақ он қазақтілді дос табасыз.
Ұялы телефондармен қонақ үйлерді, тоңызытқыштар мен шаңсорғыштарды жарнамалай беріңіз. Тек тым құрымағанда бір жаман үтіктің жарнамасын қазақша жасап көріңіз. Бұл сіздің қолыңыздан келеді, білеміз. Мысқылымыз емес. Негізінде бұл да талант. Қолымыздан келсе, біз де... Жарайды, бұл жағы басқа əңгіме. 
Белгілісі, Қазақстан атты қостілді мемлекетте ешнəрсені білмей, ешнəрсені көрмей бейқам өмір сүруге болмайды, Əлішер. 

Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x