МҰСТАФА ШОҚАЙ КӨШЕСІ. 1000 ҚАДАМ

Dalanews 14 қыр. 2015 00:57 307

Мұстафа Шоқайдың кiм екендiгiн қарақты жұртшылыққа түсiндiрiп жату артық болар. Оның қазақ тарихындағы орны мен қайраткерлiгi өз алдына бөлек әңгiме. Сөйте тұра, жасыратыны жоқ, бүгiнге дейiн Алматыда Мұстафа Шоқай атында көше барын өз басымыз бiлмеппiз. Бiлмей де жүре берер ме едiк, жуырда редакцияға бiр хат келiп түспегенде.

actX10HrХат авторы Мұхидiн Күләшбекұлы: «Қонысымыз Кеңсайдың бойында, бұрынғы Микоян, қазiргi Мұстафа Шоқай көшесi. Көшенiң ұзындығы 1000 метр» деп бастапты. Барып, көрмекшi болдық. Мұхидiн ағамыз бiздi бiр сандалтқысы келдi-ау деймiн, аталған көше қаланың қай тұсында екендiгi жайлы нақты ештеңе жазбапты.

Дәтке қуат қыларымыз — Кеңсай ғана. Кеңсайға да қай автобус баратынын бiлмеймiз. Сондықтан:

— Мұстафа Шоқай көшесi! — дедiк алғашқы кезiккен таксистке.

— Ондай көше жоқ, — дедi таксист жiгiт.

— Бар! — дедiк бiз де есемiздi жiбергiмiз келмей.

— Ол қайда?

— Кеңсай жақта.

Жiгiт аз-кем ойланды да, «отырыңдар» дегендей ым еттi. Такси әл-Фараби көшесiмен жоғары қарай зулап жөнелдi. Сәлден кейiн үнсiздiктi таксистiң өзi бұзды:

— Жаңа қай көше дедiңдер?

— Мұстафа Шоқай.

— Мұстафа Шоқай?.. Қызық екен. Осы қалада қанша жыл шопыр болсам да, ондай көшенi естiмеппiн. Айтпақшы, Мұстафа Шоқай дегендерiң әлгi атақты таэквондошы ма? Бiрақ оған бұрынғы Патрис Лумумбаның көшесiн бермеп пе едi?

— Жоқ, ол Мұстафа Өзтүрiк қой. Мұстафа Шоқай оның атасындай адам.

— Е, бәсе! — дедi таксист күлiп.

Солай әр нәрсенi сөз етiп отырып Кеңсайға да жеттiк.

— Ендi Мұстафа Шоқайды қалай табамыз? — дедi шопыр жiгiт.

— Өзiмiз iздеп көрейiк, — дедiк бiз тар көшелерде таксидi «әурелегiмiз» келмей.

Жолай кездескен көлденең көк аттылардан сұрастыра бастадық. Бiрi басын шайқайды, бiрi иығын қиқаң еткiзедi, тағы бiрi Шоқай атын тұңғыш естiгендей бетiмiзге бажырайып қарайды.

«Шын жыласа соқыр көзден жас шығады» дегендей, кенет есiмiзге көшенiң бұрынғы Микоян атауы түсе кеттi. Сол-ақ екен, жолымыз ашылып сала бердi. Баяғының адамы «сұрай-сұрай Меккеге де жеткен» ғой. Бiз де қараңғы үйден қара мысық iздегендей болып жүрiп, әрең дегенде Мұстафа Шоқай көшесiн таптық-ау, әйтеуiр. Тапқаны құрысын, ел көшкен ескi жұртқа барғандай күй кештiк. «Арқаның қысы жайлы болса, арқар ауып несi бар?» дегендей, ағамыз хатты бекер жазбаған сияқты. Расында да, көшенiң ұзындығы бiр шақырымның ар жақ, бер жағы. Енi де ауыз толтырып айтарлық емес — тым тар, үш-төрт метрдiң айналасы. Қатар келiп қалған екi көлiк еркiн сыймайды. Жаяу жүргiншiлер ары-берi ағылған көлiктермен қабаттасып, әрең жүредi. Өйткенi адам жүретiн табанжол төселмеген. Көше лас, қолқаны қауып әр жерде шашылып жатқан күл-қоқысқа көз сүрiнедi. Әйтеуiр көшенiң бойымен 60-бағдарлы автобус жүредi екен. Соған бола орнатып қайтемiз дей ме екен, аялдама атымен жоқ. Оны орнатқан күнде көлiк жүретiн жол қалмауы да мүмкiн. Есесiне, қалаған жерiңiзден автобусты такси ұстағандай тоқтатасыз да мiнiп жүре бересiз. Рахат!

Жабырқап, жан-жағымызға қарадық. Қақпасының сыртында бiр орыстың кемпiрi күншуақтап отыр екен.

— Мұстафа Шоқайдың кiм екенiн бiлесiз бе? — дедiк сөзге тартып.

— Откуда мне знать?

— Микоянды ше?

— А как же? Ол — Кеңес Одағының Батыры. Дана саясаткер. Сталиннiң жақын досы… — деп тiзбелей жөнелдi апамыз.

Көңiлге кiрбiң ұялатқаны да осы болды — көшенiң бiр жағында көзге сүйел болып бұрынғы «Микоян» атауы бадырайып тұр. Екiншi бетiне қазiргi атауы жазылған. Оның өзi «Улица Мустафы Шокая» деп Микоянның тiлiн әстпеттейдi. Неге екенiн қайдам, бұл бізге қылышынан қан тамған кешегi қызыл империяның «қаһарманы» мен алаштың арда туған арысын әдейi қарама-қарсы беттестiрiп қойғандай әсер еттi. Мiне, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сынды қайраткерлермен есiмi қатар аталатын, күнi кеше келешек ұрпақ қамы үшiн бар ғұмырын сарп еткен Мұстафа Шоқай атамызға ұрпақтарының берген көшесi.
Обалы не керек, оншақты жыл бұрын бiрқатар алаш азаматтарына көше берiлiптi. Мысалы, «Барахолка» маңындағы Аэродромная көшесi Әлихан Бөкейханның атымен ауыстырылған. Түу қиян шеттегi, 1-Алматыдағы Локомотивная көшесi Жүсiпбек Аймауытовқа, Железноводская көшесi Жақып Ақпаевқа, Варшавская көшесi Мiржақып Дулатовқа, Тесленко көшесi Мағжан Жұмабаевқа берiлген. Бiрақ бұл өзгерiстердi жалпақ жұрт бiлiп жатыр ма? Жоқ.

Iшiмiзден қанды бұрау өткендей болып, манағы хаттың жалғасына үңiлдiк: «Қарындасымның төрт баласы және менiң кенже ұлым М. Шоқай көшесi барып тiрелетiн №53 мектепте оқиды. Осы мен атап отырған мектепке Мұстафа Шоқай атын берсе қалай болады? Егер менiң бұл ұсынысым қолдау тауып жатса, сол мектептiң алдына М. Шоқай атамыздың мүсiнiн орнатып, мектепте шағын мұражайын ашуға болар едi. Осындай игi бастамаға мектеп ұжымы мен ата-аналар да бiр кiсiдей ат салысар едi деп ойлаймын. Тап солардың ортасында мен өзiм де жүрер едiм. Осы мәселенi сiздiң газетте көтерудi жөн көрiп отырмын» дейдi хат иесi. Бiз де осыны жөн көрдiк. Жөн көрдiк те мектепке қарай жол тарттық. Әдемi, еңселi мектеп екен. Шоқай атамыздың атын ұялмай-ақ беретiндей. Мұндай игi бастама жүзеге асса, кiм-кiмнiң де қуанары анық. «Өлi разы болмай, тiрi байымайды» дейдi қазақ. Бәрiнен бұрын Мұстафа Шоқай атамыздың әруағы алдында бiр парызымыздан құтылар едiк-ау! Тым құрығанда бiр мектептi сол кiсiнiң атымен атасақ, көптiк етпейтiн шығар.

Осы арада бiр жаман жараның аузын ашуға тура келедi. Ахмет Байтұрсынұлына берiлген көшенi айтпағанда басқа алаш арыстарының алдында ұяттымыз.

2be6c0478a3a711116bac05e1cb9d62eОбалы не керек, оншақты жыл бұрын бiрқатар алаш азаматтарына көше берiлiптi. Мысалы, «Барахолка» маңындағы Аэродромная көшесi Әлихан Бөкейханның атымен ауыстырылған. Түу қиян шеттегi, 1-Алматыдағы Локомотивная көшесi Жүсiпбек Аймауытовқа, Железноводская көшесi Жақып Ақпаевқа, Варшавская көшесi Мiржақып Дулатовқа, Тесленко көшесi Мағжан Жұмабаевқа берiлген. Бiрақ бұл өзгерiстердi жалпақ жұрт бiлiп жатыр ма? Жоқ. Себебi олардың аттарын көше бойына жазып, жарқыратып көрсетiп отырғанымыз жоқ. Жалпы, ономастика комиссиясының жасап жатқан жұмысы күдiк те тудырады, күлкiнi де келтiредi. Тарихта болған-болмағаны беймәлiм баян кiтабының өзi атажұрттағы бiзге ендi-ендi жетiп отырған Өтебойдаққа да көше берiп үлгерiппiз. Ономастика комиссиясы көше аттарын бергенде қандай принциптерге сүйенетiнi белгiсiз. Десек те, кейбiр көшелерге Ұлытау, Жасыбай, Алакөл, Қобда, Нұра, Марқакөл сияқты қазақтың әдемi жер-су атауларының берiлгенiн көргенде, iшiмiз жылып қалды. Қандай жарасымды! Құлаққа жағымды естiледi, әрi жас ұрпаққа тағылым.

Қазақтың маңдайына қарағайдың безiндей болып бiткен кесек, тарихи тұлғалардың атына көшесымақтар жерлердi бере салу — ономастика комиссиясының өз iсiне немқұрайды қарайтындығын танытады.

Мәселен, Сырым батырға 2006 жылы «Шаңырақ-2» ықшамауданынан «ықшам» көше бұйырыпты. Ұзындығы — 1400 метр ғана. Сырымның Қабанбай, Бөгенбай батырмен иықтас тұлға һәм баһадүр болғаны бесенеден белгiлi. Тiзе берсек, мiн көп. Мұстафа Шоқайға берген «көшемiздiң» сиқы анау. Қыл аяғы қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жат жұрттықтарға да даңғыраған даңғылдарды берiп жатырмыз ғой. Мәселен, бұрынғы Новосельская көшесiн иеленген Герасим Колпаковский. Алматы көшелерiне тал еккендiгi үшiн болмаса, бұл генералдың қазақты құйтырқылықпен қалай қолға қаратқанын соңғы нөмiрлерiмiзде жаздық. Ескерткiш орнатқанымыз аздай, қоқырайтып көше де берiппiз. Әрине, бұл iс те жөнделер. Сонау 80-жылдардың басында қырымды қаламгер Дидахмет Әшiмхан «Қазақ әдебиетi» газетiнде «Алтынсарин көшесi. Ұзындығы 100 метр» деген мақала жазып едi. Араға үш жыл салып, бұл мәселеге қайта айналып соққан. Ақыры газеттiң араласуымен (қайран Шерхан аға-ай десейшi!) қаланың батыс бөлiгiндегi Правда көшесi Ыбырай Алтынсарин атына өзгертiлдi. Ол бiр қазақ отар күйден арылып болмаған жаутаңкөз шақ едi. Содан да бiр көшенiң атын өзгерту бес-алты жылға созылған. Қазiр бәрi де өз қолымызда. Бес-алты жыл тұрмақ бес-алты ай сарсылып күтудiң өзi ретсiз. Олай болмаған күнде қазақ баспасөзiнiң ежелгi үрдiсiмен бiз де қашан жағдай түзелгенше қаламымызды құрғата қоймаспыз.

Еркебұлан Нүрекеш


Дереккөз: "Ана тілі" газеті


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x