Украин дағдарысы: біздің ел қандай сабақ алды?

Dalanews 11 сәу. 2015 06:17 146

«Украина. Бір жыл өткесін. Бұдан Қазақстан қандай сабақ алды?». Өткенде Қазақстандағы аузы дуалы деген саясаттанушылардың, сарапшылардың басын қосқан үлкен талқылау өтті. Мәскеудің сойылын соғатын бір топ пен Украинаны жақтайтын, Ресейді агрессор деп атаудан қорықпайтын енді бір топ бетпе-бет келді. 

Әрине, Кремльдің сөзін сөйлейтіндер мұнысын аңғартпауға тырысты. Рустам Бурнашев, (шамасы тарихшы болуы керек): «Бұл әлсіз мемлекет» деді. Бұл дегені – Украина. Саясаттанушы Марат Шибұтов: «Украина уақыт өте келе қайыршы елге айналады. Молдовадан өткен кедей ел болады. Тұрғындардың табысы төмендеп «Майдан- 3», «Майдан- 4» болады» деді.

Ой-тұжырымын 4 минутқа сыйдырған саясаткер Әміржан Қосановтың пікіріне жиынға қатысқан біраз адамның жыны келгені анық. Онысын аңғарта алмайды, әрине.

[caption id="attachment_9196" align="alignright" width="336"]Амиржан Косанов Әміржан Қосанов[/caption]

Қосанов не деді дейсіз ғой?

– Сіздердің сөздеріңізді мұқият тыңдай отырып қазақ тілінің қаншалықты бай, қаншалықты құдіретті тіл екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздім. Сіздер біресе «в Украине», біресе «на Украине» дейсіздер. Ал біз (қазақтар) Украинада дейміз. Пікірімді қазақша айтсам да болар еді. Жарайды... жалғастыра берейін.

Менің ойым, украин дағдарысына қатысты қандай да бір қорытынды шығаруға әлі ерте. Соғыс жүріп жатыр. Украин халқы кейбір ел 15-20 жыл бойына еңсеретін саяси оқиғаларды қысқа мерзім аралығында басынан кешіруде.

Сосын ол жақтағы жағдайды әркім өзінше талқылайды. Біреулер Батыста отыр. Олардың пікірінде демократиялық Еуропаның ұстанымы басым.  Ал енді біреулер Донбасстың тап іргесінде тұрады. Көрші дегенім ғой. Олардың да не деп жатқанын білеміз. Сол сияқты Орталық Азия мен алыстағы Америка да бұл жағдайды өзінше бағалайды. Бізде Украинаның іші-сыртын бүге-шігесіне дейін білетін мамандар, сарапшылар жоқ. Дегенмен, ол жақта не болып жатқанын бәріміз жақсы білеміз. Және бір жылда көп нәрсеге көз жеткіздік.

Маратқа айтарым (Шибұтовты айтады) сандарды сөйлеткен дұрыс. Бірақ, Украинаның бейбіт жағдайдағы даму көрсеткіші бір бөлек те, тәуелсіздігін, территориялық тұтастығы үшін күресіп жатқан украин экономикасынан кемшілік іздеу бір басқа екенін білгейсің.

Бұл аймақтық дағдарыс емес. Бұл өркениет қақтығысы. Бірі көнерген, ескірген, империялық пиғылынан айықпаған, әлі күнге өткен ғасырда өмір сүретін, халықаралық құқықты бұза салу түкке тұрмайды деп ойлайтын өркениет. Аты – Кремль.

Ал енді бірі 1994 жылы Будапешт келісіміне қол қойған, халықаралық қауіпсіздік талаптарын сақтайтын, ХХІ ғасырдың жаңа өркениеті.

Ауылда өскендер біледі. Екі бала төбелесіп қалса, ақсақалдар алдымен «кім бастады?» деп сұрайтын. Төбелес шығарған кінәлі саналатын . Ендеше, қазіргі Украина дағдарысына кім кінәлі?  Соғысты Украина бастады деп ойлайсыздар ма? Олар өзімен көршілес жатқан Ресейдің облыстарын басып алды ма? Жауабын біліп отырсыздар ғой.
Маратқа айтарым (Шибұтовты айтады) сандарды сөйлеткен дұрыс. Бірақ, Украинаның бейбіт жағдайдағы даму көрсеткіші бір бөлек те, тәуелсіздігін, территориялық тұтастығы үшін күресіп жатқан украин экономикасынан кемшілік іздеу бір басқа екенін білгейсің.

Қазақстан бұдан қандай сабақ алды? Ресейлік ресми тұлғалардың қазақстандықтардың (қазақтардың ғана демейінші) ашу-ызасын туғызатын пікірлері көп нәрсеге көзімізді ашты. Соған қарамай «Солтүстік Қазақстанды тартып аламыз» деген Жириновский де, Лимоновты да біздің Сыртқы істер министрлігі сотқа тартқан жоқ. Бірақ, бұға берсең сұға береді емес пе?

Кез келген әрекетке қарсы әрекет бар. Қазір қазақ баспасөзі Омбы, Томбы, Түмен, Жаңасібір қазақтың жері деп жатыр. Яғни, арандату арқылы көздеген мақсатына жетем деген Кремль өзінің Пандора жәшігін ашып қойғанын байқамай қалды.

Меніңше, халықаралық кепілдік жүйесін қайта жаңалау керек. Будапешт меморандумын қайта жазған жөн. Әйтпесе, ертеңгі күні Солтүстік Қазақстан мен Шығыста басынан бақайына дейін қаруланған өте сыпайы «жасыл киімді адамдар» (зеленые человечки) пайда болуы мүмкін.

Кремльдің сөзін сөйлейтін телеарналардың ауруы асқынып бара жатыр, күн өткен сайын. Олардың жаласы, арандатуы, өсек, өтірігі Қазақстанға да тарауда. Соловьев пен Киселев мырза Кремльдік насихаттың провайдеріне айналған, әлдеқашан.

Халықтың бәрінің көзі ашық болса, бір сәрі. Әлгіндей ақпарат біздің қоғамды дуалап, арбап алған.  Ресейлік жаңалықтан көрген мысалдарды алға тартады. Ал қазақстандық ақпарат құралдары бұған толымды жауап қата алмай отыр. Реакция жоқ. Мен бұл каналдарды жабуды талап етпеймін. Алайда, әр кеш сайын Украинаға қатысты Айдос Сарым немесе Расул Жұмалы сияқты өзіміздің салмақты саясаттанушылардың сараптамасын емес, Киселев пен Соловьевтың сөзін тыңдаймын. Осы дұрыс па? Бәлкім, Кремль Ақорданы «зомбилеп» тастаған болар.

Биыл Еуразиялық одаққа ендік. Келісімде ортақ сыртқы саясат туралы тармақ бар. Сайып келгенде, Қазақстан әлем сыртқа теуіп отырған, орысша айтқанда «изгой» Кремльмен ортақ сыртқы саясат жүргізуге мәжбүр.

Биылғы жылдың 9 мамыры кімнің кім екенін көрсетеді. Бәлкім, Меркель келетін болар. Бірақ осы соғысты немістер ұйымдастырғаны үшін ұялғанынан келеді. Келмеуі де мүмкін. Ал біз қайтпекпіз?
Биыл Еуразиялық одаққа ендік. Келісімде ортақ сыртқы саясат туралы тармақ бар. Сайып келгенде, Қазақстан әлем сыртқа теуіп отырған, орысша айтқанда «изгой» Кремльмен ортақ сыртқы саясат жүргізуге мәжбүр. Биылғы жылдың 9 мамыры кімнің кім екенін көрсетеді. Бәлкім, Меркель келетін болар. Бірақ осы соғысты немістер ұйымдастырғаны үшін ұялғанынан келеді. Келмеуі де мүмкін. Ал біз қайтпекпіз?

Соңғы жиырма жылда мемлекеттік хатшылар тоқтаусыз ауысумен болды. Ешкім идеологияға жауап берген жоқ. Қазір Қырымда тұратын, Донбасс пен Луганскіде соғысып жатқандар бір  кездері Украинаның Ата заңына адал боламыз деп ант берді... Меніңше, сайлаудан кейін қазақстандық патриотизм, бейбітшілік деген ұғымдарды тағы бір тәртіпке келтірген, терең саралаған жөн сияқты.

Менің болжамым – бұл соғыста Украина жеңеді. «Қырымды қайтармайынша, санкцияның күші жойылмайды» деген Меркель мен Кэмеронның сөзіне сенемін. Бәлкім, келер жылы үлкен өзгеріс болар. Күтейік. Кремль қайда барар екен... Мұндай жиында Еуромайданға қарсы пікір айту қисынсыз, ағайындар. Янукович болмаса, майдан да болмас еді...

Осы арада ду қол соғылды. Қосановпен келісетіндер көп екен. Келіспегендер де болды. Олардың пікірін газетіміздің келесі санында береміз. Міндетті түрде.

Думан БЫҚАЙ


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x