"Мың қанатты тырна"

Dalanews 12 нау. 2015 07:55 197

    “Мың қанатты тырна” жөнінде әуелі оқымас бұрын, тақырыптың біздің санамызға түрткі салатыны; мифологиялық түсінік, мифтік ілкі дүниені іздеу. Оқу барысында ондай бір мифтік айқын деталдарға кездеспегенімізбен, миф шығарма өнбойына тіптен сіңіп кеткен. Яғни, мың қабатты мөлдір кристалдар тағанынан сәуле шашып тұратын жарық секілді, шығарманың терең түкпірінен мифтік сана сәуле шашады.

***

Кіріспе сөзде «Екінші дүние жүзілік соғыс жылдарында және соғыстан кейінгі уақытта саяасаттан аулақ болуға тырысты. Маньчжурияны ұзақ аралап, XI ғасырдағы жапон классикалық романы “Саги о Гендзиді” оқуға көп уақыт бөлді. Негізінен, жапон шай мерекесі жатқан жұмбақ. “Мың қанатты тырна”(1949) романында осы “Саги о Гендзидің” элементтері бой көрсетеді» делінген. Нақты толық түсініп жету үшін “Саги о Гендзиді”, сонымен қатар, жапон шай мадениетін зерделеп шығу керек болар. Дегенмен, ойлануға болады...

[caption id="attachment_9701" align="alignleft" width="336"]Ясунари Нобель сыйлығының иегері Кавабата Ясунари[/caption]

Егер біз ой жөнінде қандай да бір форма болуға тиісті дер болсақ, түрлі қалыпқа салып көрген болар едік. Біздіңше, ой эстетикасының маңызы оданда жоғары. Егер біз ойлау барысын форма немесе болмыс дейтін қалпаққа тығындасақ, онда бізге ешқашан ойланудың қажеті болмас еді.

Жазушы романның “Жолда айырылысу” деген бөлігінде өз кейіпкерін Жапонияның белгілі бір аумағы, әкесінің туған жері Такэдаға жібереді. Романның бұл бөлігі кейіпкер хаты негізінде баяндалған. Оқу барысында кенеттен тосын бұрылысқа кездескендей боласың. Бұл бұрылыс неге қажетті болды, қандай маңызы бар деген сұраққа қаласың. Шығарма жазылудың алдында ма, әлде, шығарма жазылып біткеннен кейін бе, Кавабата “Жапон сұлулығынан нұрланған жырлар” атты мақала жазған. Мақаланың бір қойнауында мынадай жолдарға кездесеміз: «Боттичелли мұрасын зерттеуші, арғы мен бергінің, Шығыс пен Батыс өнерінің есімі әлемге белгілі білгірі, профессор Ясиро Юкио бірде жапон өнерінің ерекшелігін өлең іспетті бірғана жолмен былай түсіндіруге болады дегені бар: «Достарың жайлы аппақ қарға, нұрлы айға, әдемі гүлдерге қарап отырғандағыдан артық  ешқашан терең ойлана алмайсың». Расында да, айдың немесе қардың сұлулығына сүйсініс, жылдың төрт мезгілінің тамаша көріністеріне таңданыс сәтінде, осы бір әдемілікті алыста жүрген достарыңмен бөліскің келіп, жаныңның маза таппай шарқұратыны бар емес пе? Сұлулықты сезіну адам жанында әлдебір сағынышты оятпақ, өмір мәніне үңілдірмек. Сана түкпірінде үлкен ұғымдар мен түсініктердің тамыр жаюына ықпал жасамақ, қарапайым ғана «дос» сөзін қасиетті «адам» деңгейіне көтермек», – дейді.

Жазушының жан әлемі өз еңбегінен бейтарап емес. Қасиетті «адам» сөзі деңгейіне көтерілген жазушының сөзге айналып кетуі, жай бір «адам» деген болмыстың қасиетті «сөз» деңгейіне көтерілуінде «ұдайы найза ұшында қалуға таласатындар мен соңыңда найза ұшында қалатын кім?» деген сұрақ арасын бөліп тұрған ауыр тыныстың бар екені аңғарылады. Шығармада баяндалған кейіпкер, затында, осы сұлулықты бөліскісі келген еді. Автор бұл нулы қойнауға өз жан дүниесінде рухани тамырына нәр берген қасиетті сіңірді.

Хатта кейіпкер әкесінің туған жері Такэдадағы жергілікті ақындар өлеңінен ой өрбітеді, осы бір әдемілікті алыста қалған сағынышымен бөліскісі келгендей.

[caption id="attachment_9699" align="alignright" width="255"]Кавабата-2 "Мың қанатты тырна" романы[/caption]

«Тауларда ылди құлайды,

Сылдырап бұлақ төменге.

Жүрегіндегі ардағын

Жасырған ары тереңге.

Жайғандай сырын, арманын,

Аспанмен жерге ортақ боп.

Жалғыз-ақ сәуле бойлайды,

Бала кезден ұстатпай

Әуенім көкте ойнайды.

Қайғырған жалғыз мен емес,

Ақ бұлт та түндей түнерген.

Қайғысы менен кем емес,

Тауларға барып түнеген.

Жүректе кейде бағынбай,

Ұмытты бәрін сағынбай.

Жоғалар бәрі сағымдай.

Тілегі жалғыз сүйгені,

Сансырап кетпей олдағы,

Дін аман болса болғаны», – депті ақын Акико Иосоя.

«Бірін бірі ауыстырып отыратын жылдың төрт мезгілінің сұлулығын сипаттайтын «қар, ай, гүл» сөздері жапон дәстүрінде сұлулық жайлы түсініктің де баламалары есептеледі» («Жапон сұлулығынан нұрланған жырлар» мақаласынан үзінді). Аталмыш шығармада кездесетін “Қираған қорғанға түскен ай сәулесі”, беткейге өскен жалғыз тал жабайы азалия гүлі жөнінде де бізге ойланудың түбі осындай мәнге кезіктірер еді. Менің бір кездері үйіндіге айналған Отырар қамалында болғаным бар, ол қазір жерден биік бір төбе, онда есіңе не түспейді, қираған қаланың даңқы, ерлік туралы дастандар, ең бастысы, қасиетті “сөз” деңгейінде тұрған кітапхананың ізім-ғайым жоғалуы. Үйіндіге айналған қираған қамал төбесіне көтерілуді сұлулық шыңына көтерілу емес деп кім айта алады?! Бірақ қирандыға айналған Отырар қамалына түскен ай сәулесіне куә болғаным жоқ...

“Жапон сұлулығынан нұрланған жырларда” жапондық, дәлірек айтқанда, шығыстық “бос сана”, “болмыссыздық” жөнінде ой түйіндегенде автор: «Менің әнгімелерімнен де “болмыссыздықты” тауып жататыны бар. Бірақ бұл батыстық түсініктегі нигилизммен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бағыттар. Еуропалықтар мен біздің жан дүниеміздің негізінде әртүрлі бастаулар бар», – деген ойын айтады. Бұл қойнаудың баяндайтыны осы бір өзіндік ерекше бояуды сіңіру болатын. Бұл жөнінде ой санамды құрсаған мұз “Қираған қорғанға түскен ай сәулесі” мен беткейге өскен жалғыз тал жабайы азалия гүлінің сыйлаған “болмыссыз” жылулығымен ери бастады. Бұл бүкіл шығарманың жанына айналғандай болды. Тақырыптан күткен мың қанатты тырнаның мифі қыз қолындағы қызғылт түсті фуросокийге салынған “Мың қанатты тырна” суретіне кездестірді де, ол автордың қолтаңба ретінде жиі жазып қалдыратын дзен тақуасы Догеннің (1200-1253) ''Бастапқы бейне'' деп аталатын:

Көктемде – гүлдер

Жазда – құстар.

Күзде – Ай.

Кіршіксіз аппақ қар –

Қыс күндерінде, –

дейтін бір шумақ өлеңіне жетелеп барды. Бұл шумақ та сұлулық шыңына бастайтын өзгеше байлам екенін түйсіне білу ләзім.

 

***

Шығарма желісі бес алты кейіпкер айналасында өрбиді, басталуы да шай мадениетіне қатысты дәстүр жалғастығынан сыр шертеді. Бұнда мыңдаған тамырын тіршілік өзегіне жалғаған адамдар болмысы бар. Бұнда бастапқы бейне жоқ болуы мүмкін, бастапқы бейнеге деген теңдессіз құрмет әрі алыс мезгілдермен байланыстырып тұрған сөзден салынған көпір бар. Ол алуан түске боялған, тіпті, сұрғылт тұманның сейіле-сейіле түссіздікпен жымдасып кеткені секілді. Бұнда көзқарас пен әрекет те көмескі түбіне шырақ жаққан.

Бізде әлемді және кейбір ұғымдарды сандық мән арқылы бейнелеу бар, бірақ, біз ол цифрлар кодының қандай мағына жүктейтініне, нақты қандай жауабы болар екеніне асыққан жоқпыз. Мысалы: жеті ата, жеті қат көк, жеті қат жер, жеті ғалам, тағысын тағылар. Бұл жөніндегі ұғымды санамызға, болмысымызға енгізген шежіре көкіректілердің түп мәнін жете түсінгені анық, өкініштісі, бүгінге жеткен жоқ, сол әуелгі қарт шежіре – түп тамырдың бастауында тұрған бабалармен бірге көміліп кеткендей. Бізге жеткені, тек «деген екен» деген жалпақшешейлік тыйым.

Мәдениет сан түрлі мәдениеттер алмасуынан гүл ашқан жаңа өркениет сабағында жасырынған улы тікендер әсерінен нақты мағынасынан біртіндеп алыстай бастайды, тіпті, уақыт өте келе рәсімдер мен сахналық қойылымдарға ғана керекті қуыршаққа айналып кетеді. Шығармада мынадай бір детал бар:

«Кикудзи өнер саласын дұрыс білмегендіктен, шай салтанатына лайық гүлді талдай алмайтын. Бұл жөнінен қызметші әйел де түк білмейтін, бірақ оған шырмауық  таңертеңгі шай салтанатына лайықтай көрінген. Кикудзиды үш жүз жылдық асқабаққа салынған бір күннен артық өмір сүрмейтін нәзік шырмауық ойландырды. Мүмкін, бұл үйлесімділіктің өз үндестігі бар ма?» (шырмауық – Жапон тілінде арам шырмауық - асаго “таң бейнесі” дегенді білдіреді. Ауд.). Адамдардың мәдениет пен мәдениетке қатысты заттарға деген нақты түсінігі ұмыт болған жағдайда, мағынасын түсінбей жасаған дұрыс ісінің өзі сана түкпірінде көмескіге айналған түйсіктің жұмыс істеуінің натижесі десек те, түйсік пен әрекет арасындағы қайшылық, бәрібір, мағынасыздыққа душар етеді. Мәдениет өз құндылығын жоя бастайды. Адамзаттың қажеттілікке жұтылып бара жатқандығынан... Бірақ шығарма кейіпкерлерін байланыстырып отырған бірден-бір дүние шай салтанаты екенін естен шығармағанымыз жөн. Олар өздерін байланыстырып тұрған нақты нәрсенің не екені жөнінде өздеріне сұрақ  қойған емес, бізге де сұрақ қоюдың қажеті шамалы.

Таласбек Әсемқұлов режиссер Аманжол Айтуаровтың “Қауышу” фильміндегі арба сүйреген қыз туралы детал жөнінде: «Қыз сүйреткен арба – сүйгендердің пәни мен бақи – екі дүниеде де арыла алмайтын масыл тағдырдың, пешенесіне жазылған жазудың символы», – дейді.

Менің ойымда қалғаны Кикудзи үшін, Юкико үшін, Пумико үшін қажеттіліктен қалған шай салтанаты емес, тіпті, Кикудзидың әкесінің көңілдесі Оота ханыммен көңілдес болуы да емес. Масыл болып жабысқан Тикако.( Кикудзи, Юкико, Пумико,  Оота, Тикако – кейіркерлер.) Басқалар одан оңашаланғысы келеді, бірақ, ол да бір жабысқақ масыл тағдыр іспетті.

Мәдениет уақыт кеңістігінде өз алдына еркін өмір сүрген кезінде сақталатыны, ал ол адамдардың нашар әрекетіне қызмет ете бастағанда, қажеттіліктен біртіндеп қалатыны, жойылатыны белгілі болғандай. Біз осындай жауапқа кездестік, ол адамдарды жиіркенішті сезімнен кейінгі үрейлі мағынасыздыққа шырмады...

 Шалқар ДӘУЛЕТКЕЛДІ, ақын


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x