Қытайлар баланы қалай жейді?

Dalanews 18 ақп. 2015 01:55 423

[caption id="attachment_9256" align="alignleft" width="180"]Мо Янь Мо Янь, Нобель сыйлығының иегері[/caption]

Соңғы жылдары ғаламторды кезген түрлі видеоларды көріп, Қытайлардың қаншалықты азғындыққа батқанына таңдана да, жиіркене де қараған едік. «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» деген рас қой... Қытай жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Мо Яньның «Шарап елі» романында сәлемнен кейінгі дәстүрлі сауалы  «тамақ іштің бе?» деп басталатын қытай халқының тарихи санасы қазіргі былыққан һәм жемқорлық жайлаған қоғамында қандай трагедиялар тудырғанын, үрейлі сырларын жазушы алуан түрлі формалармен жеткізген. Әлемдегі алпауыт байлардың жерік асына айналған нәресте баланы қалай қақтап пісіретіні, қарлығаштың ұясынан қайнатылып жасалған сорпадағы титімдей құстың көз жасы – арақ ашыту өнері неше мың жылға созылатын және онысы эпикалық сарында суреттелетін халық үшін ең тәуір «тіскебасар» ғана саналатыны төбе құйқаңды шымырлатады.  Бір романның бір үзігін беріп отырмыз. Әрине, көркем шындықты реал өмірмен шендестірген дұрыс емес, бірақ астарлы ойдың ар жағында тоталитарлық жүйенің, ұлттық азғындаудың көрінісі жатқаны анық. Газеттің бұл нөмірінде сол романда кездесетін бір детальдың шағын үзіндісін беріп отырмыз.

 Мо ЯНЬ, Қытай жазушысы, Нобель сыйлығының иегері

 Қыстығып шыққан әтеш үні Джин Юнбаудың әйелін селт еткізді. Ол көрпеге оранып отырып, жүрегінің дүрс-дүрс соққанын естіді. Бозарған Ай сәулесі терезе көзінен төгіліп, қара көрпені ағартып тұр. Күйеуі ұйықтап жатыр, сол жағында баласы Шяу Бау пыс-пыс етіп, жеңіл тыныс алады. Ол шапанын жамылып, сыртқа шығып еді, Үркер батысқа қарай еңкейіп, Шолпан туып, таң қылаң беріпті. Әйелі қайта үйге кіріп, күйеуінің аяғынан түртті.

– Түрегел, тез түрегел! Таң атып келеді.

Күйеуі қорылын тоқтатып, аузын бір-екі шылпылдатып алды да, орнынан  тұрды. Көзін сығырайтып, әйеліне қарап:

– Таң атты дейсің бе? – деді.

PPPTmxM5Sgo– Таң атайын деді, ертерек бар, алдыңғы жолғы секілді құр жүріс болып жүрмесін – деді әйелі. Күйеуі ыбылжып жүріп тұрып, темекісін тұтатты. Білтешамды жақты. Темекісін шегіп болған соң шамды өшірмекші болып еді, әйелі:

– Жанып тұра берсін – деді.

– Неге?

– Жана берсін. Байлық пен кедейлік осы шамға қарап қалып па?..

Ерлі-байлы екеуінің көз жанарлары тоғысып барып, мағынасыз басқа жаққа бұрылды. Балалары ұйқысырап, шулап, айқайлап қояды. Біреуі жылайды. Күйеуі жылап жатқан баланың басынан түртіп:

– Неге жылайсың, қарыз буған албасты, – деді. Әйелі күрсініп:

– Су ғана қайнатамыз ба? – деп сұрады.

– Қайнат, екі шөміш қайнатсаң болды, – деді.

Әйелі балауыз шамды жағып, қазанды жууға кірісті. Әбден тазартып жуып болған соң, қазанға су құйды да қақпағын жапты. Күйеуі аласа орындықта отыр, жүзі жасаңғырағандай болып көрінген әйеліне тамсана қарайды. Қазандағы су сарқылдап қайнай бастады... Әйелі ошаққа отын салғанды тоқтатып, зайыбына:

– Бет жуатын тегенені алып кел, – деді. Күйеуі сыртқа шығып, тегенені алып келгенде қазаннан көтерілген бу шамды өшіре жаздады. Әйелі шөмішті алып, ыстық суды тегенеге құйды.

– Азырақ суық су құямыз ба? – деді. Әйелі саусағын малып көріп:

– Болады, бабында екен, сен оны көтеріп әкел, – деп бұйырды. Күйеуі ұйқыда жатқан кішкентай баланы көрпенің ішінен суырып алды. Бала қыңсылап, жылай бастады. Әкесі оның құйрығынан қағып:

– Жылама, алтыным! Қазір сені жуындырамыз, – деді. Әйел баланы алды. Бала құшағына тығылып, былдырлап жатыр:

– Мама бер, мама бер...

Әйел шарасыз табалдырыққа отырып, түймесін ағытты. Баланың аузы омыраудың үрпіне сап ете түсті. Әйел баланың салмағынан бүкірейіп кетіпті. Еркегі тегенедегі суға қолын малып көрді де:

– Енді емізбе, су суып қалады, – деді. Әйел баланың құйрығына қағып:

– Балам, сора бермеші, сүліктей сордың ғой. Суға жуынып ал, жуынып болған соң қалаға барып, бақытқа кенелесің, – деді. Ол баланы итеріп еді, баланың омырауға жабысқан аузы шығар емес. Семіп қалған омырау, шектей созылды. Күйеуі баланы жұлып алды, бала баж етті.

Ашуланған әкесі:

– Бажылдама, –деп баланың құйрығынан ұра бастады. Әйелі көңілсіз ғана:

– Байқасаңшы, денесі көгеріп қалса, сатқанда дәрежесі төмендеп, бағасы арзандайды, – деді. Еркегі баланың киімін жыртып лақтырып жіберіп, тыр жалаңаш баланы ыстық суға салды. Баланың шырқырап жылаған ащы үні жота-қыраттардан шарықтап, асқар таудың қақ төбесіне бір-ақ жеткендей болды. Бала екі аяғын бүгіп, жоғары шоршиды, әкесі төмен басады. Ыстық су әйелдің бетіне шашырап кетіп еді, ол бетін басып күбірлеп:

– Әкесі, бұл су тым ыстық екен, баланың еті қызарып қалса, алушы жақ бағасын түсіре ме деп қорқамын, – деді. Еркектің өңі қуқылданып:

– Бұл қарыз буған неменің ыстық пен суықты білетінін қарай гөр, әкел, жарты шөміш суық су құй үстіне, – деді. Әйелі орнынан ұшып түрегелді. Кеудесін жабуға да мұрсасы келмей, екі омырауы салақтап, киімі жалбырап тізесіне түсті. Ол жарты шөміш суды тегенеге құйды да, қолмен араластырып жіберіп:

– Енді ыстық емес, балам жыла ма, жыла ма, жарай ма? – деді.

Бала жылап жатыр, қол-аяғын тепкілеп, суға түспей әлек салды. Әкесі оны күштеп тұрып суға батырды. Қасында меңірейіп тұрған әйеліне:

– Өлікпісің! Көмектессеңші, – деп зекіді.

[caption id="attachment_9258" align="alignleft" width="354"]сат2 Ібіліс[/caption]

Әйелі шошып оянғандай тегененің қасына отыра қалып, суды шашыратып, баланың құйрығы мен арқасын жуа бастады. Сол кезде олардың үлкен қызы (жеті-сегіз жаста) шашы дудырап, жалаңаяқ ішкі үйден шықты. Көзін уқалап тұрып:

– Әке, мама, оны неге жуындырып жатырсыңдар? Бізге асып бересіңдер ме? – деп сұрады. Әкесі шатынап:

– Жоғал! Барып ұйықта, – деп айқайлады. Ыстық судың ішінде тепкіленген бала әпкесін көріп, онан сайын айқайлап жылады. Қыз қорқып үндемеді, ішке қарай беттеді.

Баланың жылай-жылай тамағы қарлығып, шырылы басқа нәрсеге ұқсай бастады. Үстіндегі кір ыстық сумен жуылып, бара-бара жап-жалтыр май балшыққа айналды. Судың да бетіне май қалқып шықты. Ол әйеліне қарап:

– Балдыр мен кір сабынды бере сал, – деді. Тапсырған заттары дайын болғанда:

– Сен көтеріп тұр, мен ысқылап жуайын мұны, – деді әйеліне бұйыра сөйлеп. Сонан соң әкесі баланың мойнын, көтенін, бармақтарының арасына дейін ысқылап жуды. Үйдің ішін сасық иіс басты. Әйел:

– Әкесі, абайласаңшы, оның терісін зақымдап алма, – деді. Әкесі:

– Оны қағаз ғой деп пе едің, терісі оңайлықпен жыртыла қоймайды. Сен анау бала сатып алушылардың алаяқтығын білмейсің, олар баланың құйрығының арасына дейін ашып көреді. Титтей кір болса, бағасын түсіріп жібереді, – деп кейіді

Ақыры олар баланы жуындырып болды. Әйел таза орамалмен баланың үстін құрғатты. Шамның жарығында бала қып-қызыл болып, одан бұрқырап еттің иісі шықты. Бала емшек іздеген соң, әйел оны емізе бастады.

Әкесі қолын сүртіп, темекісін тұтатты. Әйеліне қарап:

– Бұл жүгірмек мені әбден шаршатты, – деді. Бала еміп жатып, ұйықтап қалды. Әйелдің баланы құшақтап отырғанда қимастық сезімі оянды. Әкесі зілдене:

– Баланы маған бер, жол алыс, – деді. Талығып ұйықтап кеткен баланың аузынан әйел омырауының үрпін шығарғанда, аузын тамсанса да бала оянбады.

Әкесі бір қолына қағаз шамды, бір қолына шырт ұйқыда жатқан баласын көтеріп сыртқа шықты. Тар көшеден өтіп, қыстақтың қақ ортасындағы үлкен жолға түсті. Тар көшеде келе жатқанда есіктің алдында өзінің соңынан қарап тұрған қос жанарды еске алды. Іштей қатты құлазығанымен үлкен жолға түскен соң, бәрін ұмытты...

(Жалғасы бар)

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x