Кекшіл қасқыр

Dalanews 05 ақп. 2015 13:16 403

Белгілі ақын, марқұм Асқар Кіребаевтың көзінің тірісінде жазылған мына әңгіменің танымдық жағы бар екенінде күмән жоқ. Сондықтан да оны оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Дереккөз: Ras.kz

Бұл бала кезімде өзім куә болған оқиға еді.

Қарақұмдағы бір құдықтың басында екі үй едік. Көршіміз Дүйсен деген шопан. Сол кісі бір күні біздің үйде әкеме бір әңгіме айтып отырды. Осы жерден кө­рініп тұратын биік төбенің баурайында мал жайып жүріп, ол қас­қырдың апанына кездесіпті. Апанның алдында үш-төрт кү­шік ойнап жүріпті. Ертеңіне кетпен алып барып, інді ерінбей қазып, күшіктің бәрін ұстап алып, өлті­ріп тастапты.

– Ертең өсіп алғасын бұлар малға шабады, – деді Дүйсен.

– Әй, бекер қылған екенсің, – деді әкем оған ренжіп. – Қас­қыр көршісіне шабатын ба еді. Енді бәле болатын болды. Малыңа сақ бол! Тып-тыныш ұйқымды қандырып жүрген мені де қара­лай түнімен мал күзеттіретін бол­дың-ау.

Айтқанындай, екі-үш күннен соң Дүйсеннің екі-үш қойын қасқыр өлтіріп кетті. Одан соң тағы бір-екі рет. Жемейді. Қой­лар­ды тек тамақтап өлтіріп кете бе­реді. Жиырмадан аса малы шығын болды.

Ал ол үйден бірер жүз метр жерде отыратын біздің отар аман.

Бір күні түн ішінде Дүйсеннің үй жағынан шыққан ойбайлаған жаман дауыстан бәріміз өре түрегелдік. Дүйсеннің әйелі зар жылап жүр. Не болған?

Сөйтсек, қожайынның мал күзетінде жүргенін «зерттеп» алған қасқыр оның үйіне келеді. Киіз үй ыстық болғасын, түнеме­лік іргенің шиін ашып, киізін түріп қояды екен. Ол кезде шопан байғұста қандай жөні түзу үй бар. Шиі ысырылған ашық іргедегі керегенің сағанағы сынық та, ол жерде еңбектеген ересек адам еркін сыйып кететіндей тесік бар екен. Жанкешті қасқыр сол тесіктен кіріп, шопан әйелінің құшағында жатқан емізулі ба­ланы алған да қашқан ғой. Бала­ның анасы әуелі қорыққанынан үні шықпай қалып, сәлден соң есін жиып барып, ойбайын сал­ған екен.

angry_wolf-1392941Қасқыр тістеп кеткен бала тас қараңғы түнде қайдан табыл­сын, ертеңіне таң ата жыртқыштың ізі шықты. Үйден шыға бір төбеден асып, екінші төбенің басына шыққан соң  тама­ғынан тістеп өлтірген сәбиді тастап кетіпті. Жемеген. Денесін бүлдірмеген. Тек өлтірген. Өлге­ніне көзі жеткесін барып, сәби мүрдесін «енді ала қойыңдар» дегендей төбе басындағы ашық шағыл құмның басына, көзге түсетін жерге қалдырып кеткен.

Болған оқиғаның бары осы.

Дала тағыларының ең жырт­қы­шы да жүректісі – қасқыр. Олар ақылды да мәрт болады. Ол өз ініне тақау қоныстанған отарға еш уақытта тиіспейді екен. Бұл – көршісімен бейбіт өмір сүруді қалағаны. Сол заңды бұзған адам – Дүйсенді ол қанды құныкер сана­ған және оның иісінен кү­шікте­рін өлтіруші сол екенін қапысыз анықтаған. Сосын өзі­не-өзі ант берген: «Баладан баланың артығы жоқ. Қанға – қан!»

Ол және өзіне-өзі берген сертін орындап, өз балаларын өлтіруші­ден қан қақсатып тұрып кек алды!
Дала тағыларының ең жырт­қы­шы да жүректісі – қасқыр. Олар ақылды да мәрт болады. Ол өз ініне тақау қоныстанған отарға еш уақытта тиіспейді екен. Бұл – көршісімен бейбіт өмір сүруді қалағаны.

1988 жылы Алматыдағы «Жа­лын» баспасынан менің балалар­ға арналған өлеңдер жинағым шықты. Мақтанғаным емес, кі­тап­тың ішінде көшпенді жұрты­мыздың салт-дәстүрін қамтыған жабдықтар, дала шөптерінің түр-түрі түгелдей қамтылған тәп-тәуір өлеңдер бар еді. Осы ұлттық-экзотикалық өлеңдерімнің жинағын бастауыш сыныптар мұғалімдері, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметкерлері өзіме де үлгертпей кітап дүкендерінен пышақ үсті­нен сатып алып кетті. Сол кітапта осы оқиғаны сюжетті өлеңге айналдырып бере отырып, түз тағы­ларының қасиетінен балаларды хабардар еткім келген. Өкінішке орай, баспагерлер дәл сол өлең­дерімді жинаққа енгізбей қойып­ты. Неге?

Кейінірек баспаға ба­рып, ондағы жігіттермен сөйлес­кенімде:

– Алдында бір отар қой тұр­ғанда, жанын жалдап киіз үйге кіріп, одан бала алып қашып, оны және жемей тастап кететін ол қасқыр ауыш па, әлде вегетариа­нец пе?! – деді олар.

Қасқырды суретінен ғана көрген жігіттерге мен табиғат за­ңы­ның күрделілігі, тілі жоқ болғанымен әрбір жаратылыс иесінің өзіне тән ақыл-санасы, жазыл­ма­ған бұлжымас заңдары бола­ты­нын қанша дәлелдесем де, тү­сіндіре алмадым. Ал әдебиеттің төңірегінде жүрген олардың түй­сігі осылай болса, көп нәрседен бейхабар, асфальтта өскен ұрпағымызды біз ата-бабамыз мекен­де­ген дала заңы мен ұлттық сана­ға қалай тәрбиелемекпіз?!

Жаныңды кейде осындай нәр­­селер де құлазытады.

Асқар Кіребаев


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x