Алтынай Асанова: "Ләззаттың жетісі мен қырқында жайған дастархан сол күйінде бос тұрды"

Dalanews 16 желт. 2018 05:03 665

[caption id="attachment_8520" align="alignright" width="333"]Сканировать10008 Ләззат Асанова[/caption]

Желтоқсан көтерілісі кезінде қыршын кеткен қазақтың жауқазын қызы Ләззат Асанованың анасы Алтынай Асанова тұлабойы тұңғышының қасіретті тағдыры өзегін өртейтінін жасырмайды. Иә, кез келген ана құрсағын жарып шыққан баласын еш уақытта жамандыққа қимасы анық. Желтоқсан мерекесі қарсаңында қазақтың батыр қызының анасымен жолығып, аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті. Көкөрім жасында қыршын кеткен қызы жайында Алтынай Асанова үлкен тебіреніспен әңгімелеп берді. Ләззаттың бала кезінен елгезек, айналасында болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарай алмайтын әділетсүйгіш болғанын алға тартты.

 Аналық сезім бәрін жеңді


– Алтынай апай, Желтоқсан көтерілісі сіз үшін өмірдегі үлкен сынақ болғанын білеміз. Кейбір ата-аналар баласының әділдік үшін күрескенін ашық айта алмай іштей егілді. Ал сіз болсаңыз бір сәтке болса да қызыңыздан бас тартпай, Ләззаттың әділдік жолында құрбан болғанын сот алдында дәлелдеп шықтыңыз? Мұншалықты күш қайрат, мұқалмас ерік-жігер қайдан пайда болды?

–  Қазақ "басқа түссе баспақшыл" деп бекер айтпаған ғой. Басқа салған соң бәріне көндігуге тура келді. Мен морт сынсам, Ләззатымның соңынан ерген іні-сіңлілерінің жайы не болар еді? Он екіде бір гүлі ашылмаған көкөрім жасты кеңестік жүйенің сонша қаралауы орынсыз екенін түсіндім.

О баста Ләззатымның сүйегін ауылға алып келгенде үш әріптің адамдары «бұл қыз өкіметке қарсы шыққан, отбасында теріс тәрбие алған» деп жел сөз таратып, елдің зәресін алған-ды.


Талай нәубетті бастан өткерген біздің халық мұндай сұрқия саясаттың соңы қайда апарып соғатынын жақсы біледі ғой. Сондықтан бір күнде жұрт бізден теріс айналуға мәжбүр болды. Әрине, бұл үшін ауылдастарымды кінәламаймын. Әдетте ауыл аймақта өлім-жітім болғанда марқұмның жетісі мен қырқы кезінде қарақұрым халық жиналып, қайғыға душар болған үйге барынша қолдау көрсететін-ді.

Ал Ләззаттың жетісі мен қырқында жайған дастархан сол күйінде бос тұрды. Ауылдастарымыз келіп, қайғымызды бөлісуге қорықты.


Бірақ олардың іштей тілекші болғанына сенімдімін. Үш әріптің адамдары мені күнде ауданға шақырып алып, өмірі ойыма келмеген сұрақтарды қойып, жүйкемді жүн қылғаны әлі есімде. Қызыма жабылған орынсыз жала ес жиғызды десем болады.

Сканировать10007– Аналық сезіміңіз бар қиындыққа төтеп берген екен ғой?

– Иә, солай десе да болады. Алдымнан шыққан барлық қиындықты жеңуіме аналық қасиетім әсер етті деп ойлаймын.

Бүгінде өзімді мәңгілік арман мен өкінішті кеудесіне құйып алған, қасіретті күн қаншама жыл артта қалса да қайғы-мұңы бір сәтке ортаймайтын анамын деп есептеймін.

Қайта жылдар жылжып, Ләззатым менен алыстаған сайын қайғым еселеніп, сағынышым артып, арманым мұңға айналып бара жатқанын сеземін. Күнде қара түн құшағында жатып, қалжырағанша көз жасымды төгемін. Мен періштедей көзімнің қарашығымды, тас емшегімді жібіткен тұла бойы тұңғышымды күнде іздеймін.

Ләззатымның өмірге құштарлығы, намысқойлығы, нәзіктігі бәрі-бәрі көз алдымда. Сондықтан бейкүнә сәбиімнің орынсыз жалаға ұшырағаны менің жан дүниемді дүр сілкіндірді. Сондықтан одан бір сәтке де бас тартпай, оған қара күйе жағушылармен жылдар бойы айқасып, заң алдында да, Құдай алдында да қызымның иненің жасауындай күнәлі емес екенін ақтап шықтым!

 Ләззат менің сырласым еді


– Ләззат бәріміздің көкейімізде бейкүнә періштедей жатталып қалғаны ақиқат. Қаһарман қыздың балалық шағы жайында көпшілік біле бермейді ғой. Ләззаттың қандай бала болғанын айта отырсаңыз?

Сканировать10006– Ләззат 1970 жылы 27 шілдеде дүниеге келген болатын. Ол кезде біз Алматы облысы Панфилов ауданына қарасты Айдарлы деген шағын ауылда тұратынбыз.

Қызымның кішкентайынан тілі де, қылығы да тәтті болды. Қолымыз бос кезде оның былдырлағанын қызық көріп жиі сөйлете беретінбіз. Әлі есімде шамасы жетпесе де үйдегі домбыраны сүйреп жүруші еді. Қайсарлығы мен намысқойлығы бала кезінен байқалатын. Ойы алғыр, зерек болды.

Алты жасқа толмай жатып, мектепке баратын көрші қыздардың тақпақтарын жаттап алып, үйде айтатын. Сіңлісі Ләйләға да жаттап алған тақпақтарын үйретуден жалықпайтын-ды. Кейіннен мектепке барғанда оқуда озат атанып, алғырлығымен көзге түсті. Мектепке барған жылы домбыра үйірмесіне қатыса бастады. Ән айтып, домбыра тартқанды жаны сүйейтін.

Мектеп қабырғасында жүріп пианино тартуға да машықтанғаны есімде.

Екеуміз жиі сырласушы едік. Ол маған кішкентайынан қолғанат болды. 8-ші сыныпты тәмамдаған соң «Апа, қарсы болмасаңыз, менің оқуға түскім келеді» деді. Содан кәмелеттік жасқа толмастан Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыкалық училищеге келіп құжат тапсырдық. Сынақта орыс тілінен диктантты 5-ке жазса, шеберлік сынағында «Ерке сылқымды» 4-ке орындап оқуға түсті. Қызымыз оқуға түскеннен кейін қуанышымызда шек болған жоқ. Училищеде де алғырлығынан танбай, жақсы оқыды. Өнер ордасында жүріп домбырадан басқа қобыз сынды бірқатар саз аспаптарын еркін меңгеріп алды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өз курсында сектор меңгерушісі болды.

Отбасында тәрбие көрмеген жас осындай жетістікке жетер ме еді! Осыдан-ақ, Ләззат отбасында дұрыс тәрбие алмаған деген сөздің жала екенін байқауға болады.


Ләззат оқуға түскеннен кейін «армандаған оқуына түсті, бәрі жақсы болар» деп Аллаға аманаттап ауылға қайтқаныма әлі күнге дейін өкінемін.  

Кінәсіз құрбандар


– Суық хабарды естігенде қатты қиналған шығарсыз?


– Алматыда жастардың көтеріліп жатқанын ұзынқұлақтан естідік қой. Жүрегім бір жаманатты сезіп, атша тулағанын білемін. Бірақ жаман ойға бой алдырғам жоқ.

Қазалы хабар бізге 1986 жылдың 24 желтоқсанында жетті. Түс кезі болатын. Бір топ адам үйге сау етіп кіріп келді. Есіктің алды қызылжағалыларға толып кетті.

Қолдарында екі қағаз бар бірінде «қыздарыңыз нашар», екіншісінде «қыздарыңыз қайтыс болды» деп жазылған. Мен есімнен танып қала жаздадым.

«Барамын» десем, «Жоқ бармайсыз, Өзіміз арулап алып келеміз» деп бір аңыратса, екіншіден үйден қарыс қадам шығармай одан сайын зарлатты.

Кешкі сағат 8 шамасында қызымның сүйегін алып келді. Мені қақпайлап табытқа жолатқысы келмеді. Бірақ олардың дегеніне көнбей табытты ашып көрдім.

Байқағаным, Ләззатымның тұла бойы сап-сау, тек шүйдесі ғана ойылған. Сүйегін ашып, шариғат жолымен жуындырдым. Өзі қандай сүйкімді болса, сол әдемі қалпында жатты...


Баламның өлімі маған үлкен қасірет болды. Бұдан кейін мен өзімді «халық жауының» анасындай сезіндім. Жүріс-тұрысымның бәрі аңдулы болды. Қайта-қайта шақырып, сұрақтың астына алды. Бұл жағдай 1991 жылға дейін созылды. Желтоқсан көтерілісінің 5 жылдығына орай Жамбыл облысында ұйымдастырылған іс-шараға мен де шақырту алдым. Осы жолы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесудің сәті түсті. Желтоқсан құрбандарының кінәсіз екенін Елбасының өз аузынан естігенде көңілім жай тапты. Осыдан кейін ғана көзіміз ашылып, өшкенім жанғандай болды.

– Ләззат әпкемізге берілген үйді сатып, естелік кітабын шығарыпсыз. Үйді сатпай-ақ кітапты шығаруға болмас пе еді?

– Мен үшін Ләззатымның аты өшпей, жастардың санасында жұлдыздай жарқырағанын қалаймын. Өйткені желтоқсан құрбандары тәуелсіздікке ұмтылған алғашқы қарлығаштар ғой. Сондықтан осыған дейін бастан өткерген қайғы-қасіретім, қыршын кеткен құлынымның тағдырлы өмірі ізсіз қалмасын деп осындай қадамға бардым.

«Ақжазықтың ақмаңдай аруы» деп аталатын кітапқа осыған дейін жинақтаған естеліктер мен мақалаларды топтастырдым.


Әрине, бұл кітапты демеуші тауып шығаруға болар еді. Бірақ жасым егде тартқанда қай кәсіпкерге барып, мұң шағымын. Сондықтан өз күшіммен құлыныма ескерткіш қалдырғанды жөн санадым. 

Cұхбаттасқан, Нұрлан ЖҰМАХАН


Мақаланы көшіріп басарда редакция рұқсатын сұрау қажет. Мақала "Қала мен Дала" газетінің эксклюзивті дүниесі болып саналады



Бас тақырыптың суреті Азаттық сайтынан алынды

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x