"Алтын сақа" республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды

Dalanews 22 қыр. 2022 12:49 423

«Балалар жылы» аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ және «Қазақстан Жазушылар одағы» РҚБ «Алтын сақа» балалар әдебиеті шығармаларының республикалық байқауын  ұйымдастырды.

Байқауға қазақ әдебиетіне үлес қосып жүрген және шығармаларымен танылып келе жатқан 18-35 жас аралығындағы қаламгер жастардан 150-ден аса шығарма келіп түскен.

Байқау шарттары бойынша қатысушылар еркін тақырыпта проза жанрында ертегілер (бастауыш және орта буын мектеп оқушыларына арналған) және шағын әңгімелер (жасөспірімдерге арналған) бағыттары бойынша бақ сынады.



Салтанатты шараның шымылдығын түрген Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров қазақ халқының "тәрбие тал бесіктен" деген қағиданы ұстанып, баланың болашағына үлкен жауапкершілікпен қарағанын тілге тиек етті.

"Бала тәрбиесінің заманауи құралдары арқылы дәстүрімізді, ұлттық тарих, әдебиет, мәдениетімізді насихаттап, жаңғыртуымыз керек», - деді Д.Қадыров.

Өз кезегінде осы шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған "Қазақстандық қоғамдық даму институтының" басқарма төрағасы Қазыбек Майгелдинов биылғы «Балалар жылында» балалар жазушыларына ерекше көңіл бөлініп, олардың шығармашылығына қуат беретін түрлі бастамалар қолға алынып жатқанын айтып өтті.

"Мұндай іс-шараның бірі әрі бірегейі – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты және Жазушылар одағы тұңғыш рет ұйымдастырып отырған «Алтын сақа» балалар әдебиеті шығармаларының республикалық байқауы.

Байқау балалар әдебиетін ары қарай дамытып, қазақстандық жазушыларға қолдау көрсетуді көздейді.


Ұлттық сананы тамырынан үзіп алмай, жаңа заманға сай етіп бейімдеудің басты тетіктерінің бірі – жас ұрпақты ұлттық әдебиетіміздің қайнар-көзімен сусындата білу өте өзекті. Қазіргі таңда қазақ тілінде балалар әдебиеті бағыты бойынша жаңа есімдер көп емес. Сондықтан осы жобаға ерекше көңіл аударып отырмыз.

Байқауға балаларды адамгершілікке, парасаттылыққа, отансүйгіштікке, сананың ашықтығы мен ұлттық бірегейлікті сақтауға, өскелең ұрпаққа қызықты, заманауи әрі өзекті тақырыптар бойынша шығармалар келіп түсті. Мұндай туындылар балалардың әдебиетке, шығармашылықа, кітап оқуға деген қызығушылығын арттырады деген сенімдеміз", – деді ол.

Институтының төрағасының тоқталып өткеніндей мұндай байқаулар өскелең ұрпақтың бойында мейірімділік, өмірлік мақсат қою, әділдік пен еңбекқорлық сияқты құндылықтарды қалыптастырады.

"Институтымызбен бірлесіп ұйымдастырған Қазақстан Жазушылар одағына, әділ қазы алқасына және байқауға қатысқан барлық жас қаламгерлерге толағай табыс тілеймін, қаламдарыңыз ешқашан мұқалмасын", – дейді Қазыбек Майгелдинов.



Ал қазылар алқасының құрамында ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Ақберен Елгезек, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Бейбіт Сарыбай, балалар жазушысы Ділдар Мамырбаева, Халықаралық «Алаш», «Сорос-Қазақстан» сыйлықтарының лауреаты Қуандық Түменбай, балалар жазушысы Зәуре Төрехан болды.

Жоба балалар әдебиетін дамыту, қазақстандық балалар әдебиеті жазушыларына қолдау көрсету мақсатында, қыркүйек айының 28-і дүниеге келген қазақтың үш классик жазушысының туған күніне орай өткізілді.


Айта кетелік, 28 қыркүйек – қазақ әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА академигі Мұхтар Әуезовтың, Қазақстанның халық жазушысы, Қырғызстанның халық ақыны, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Шерхан Мұртазаның және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының,  Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың иегері Оралхан Бөкейдің туған күні.

Іс-шараны үш жазушының туған күніне орайластыру арқылы қазақ әдебиетіне деген қоғамның қызығушылығын арттыру, салтанатты шараның мәртебесін көтеру, классиктеріміздің еңбектеріне деген құрметті көрсету, байқау жеңімпаздарына әдебиет саласы майталмандарын үлгі ету мақсаттары орындалды.



Қазылар алқасы 2022 жылғы 5 қыркүйек күні, онлайн кездесу өткізіп, байқау жеңімпаздарын анықтады. Олардың шешімімен «Әңгіме» бағыты бойынша:

І орын - Досхан Жылқыбай.

ІІ орын - Дәметкен Сағынбаева.

ІІІ орын - Жантас Еркінұлына бұйырды.

 

  1. Ерзат Молдабекұлы.

  2. Ділназ Есболатова.

  3. Айгөлек Өмірбек.

  4. Гүлден Жылкелдиева.

  5. Нұрсұлтан Серікбаев ынталандыру сыйлықтарына ие болды.


 

«Ертегі» бағыты бойынша:

 

І орын - Азамат Әбілқайыр.

ІІ орын - Нұржан Нұрбек.

ІІІ орын - Қазим Тілекқабылдың қанжығасына байланып,

 

  1. Көкбөрі Қизат.

  2. Гүлбақыт Әбсат.

  3. Ержан Күркеев.

  4. Айым Махаева.

  5. Азиза Урах ынталандыру сыйлықтарын алды.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x