Қазаққа сіңген «Алматы» сөзі – Олжекеңе неге сіңбеді?

Dalanews 14 қаз. 2021 10:46 98

Кезінде ақындығымен аты шыққан Олжас ағам (иә, Сүлейменов қой) тамыз айында «Вечерняя Алматы» газетіне берген сұқбатында Алматы қаласына баяғы большевиктер қойған «Алма-Ата» атауын қайтарып беру туралы ойларын баяндапты. Сол жерде бұл атау жоңғар шапқыншылығы кезінен қалған-мыс деген тәрізді болжам-ойларын да қосып жіберіпті. Бұл тақырыпқа бұрын да бірнеше рет қалам тербегендіктен бұл жолы да үнсіз қала алмадым.

Жалпы бізде «Алматы» топонимикасына байланысты бір-біріне қарама қайшы екі түрлі көзқарас қалыптасқан. Біріншісі, отаршылдық жүйеден басталып, советтік кезеңде жалғасқан орыс тілдік көзқарас болса, екіншісі, ежелден осы жерді мекендеген жергілікті қазақ халқының өзіндік ұстанымы.

Жергілікті қазақтар дегеніміз Алматы мен Алматы төңірегін мекендеген Ұлы жүздің Дулат, Сарыүйсін, Ысты, Шапырашты, Қаңлы, Албан тайпалары. Алматы – Дулаттың ішіндегі Жаныс руының қонысы.

Орыстар келгенге дейін бұл өңірде аталған тайпалардан шамамен 110-130 мыңдай адам тұрған. ХІХ ғасырдың ортасында Алматыны Жаныс Жанақ би деген кісі билеген. Алматының жазбаша түрде аты мәлім алғашқы мэрі сол кісі дер едік. Қалашық ол кезде қазіргі Таулы қыратта («Горный гигант») болыпты. Жергілікті қазақтар өз атамекенін үнемі Алматы деп, кейде Үш Алматы деп атаған.

Верный атауы 1867 жылдан 1921 жылға дейін орыс тілінде 54 жыл қолданылды. Бұл жылдардың бәрінде жергілікті қазақтар қаланы «Алматы» деп атап келді.  Түркістан АССР-і Орталық Атқару Комитетінің 1921 жылы 14-наурыздағы Декретімен қаланың аты орыс тілінде «Алма-Ата» деп өзгертілгенімен қазақтар сол бұрынғысынша «Алматы» атауын қолданды.

Алматыға астана мәртебесі 1927 жылы берілгенімен Үкімет іс жүзінде  Қызылордадан Алматыға 1929 жылы 5-қарашада ғана көшіріп әкелді. Қазақтардың қазақ тілінде Алматыны «Алма-Ата» деуі ұлттың үндестік заңына мүлде үйлеспейтін. «Алма-Атаға барамыз» деп еш қазақ сөйлеген емес. Сондықтан «Алматы» атауы қазақтар үшін өзгеріссіз сақталынып, осы уақытқа дейін жетті.


«Алматы» атауын осы жерге алғаш келген отаршыл отрядтың  бастығы майор Перемышельский де қолданған. Ол 1853 жылы 8-тамызда корпус командиріне жазған баянхатында «Я имел честь доносить Вашему Высокопревосходительству о намерений моем обозреть вершины Алматов. Осмотрев с инженер-поручиком Александровским первыя и вторыя Алматы и долину между ними, мы нашли по удобству добывания леса, большому количеству прекрасной, изрезанной арыками хлебопахотной земли, пажитей и сенокосных мест, далеко превосходящими урочища на Иссыке и Талгаре, почему и предложили Алматы местом будущего поселения, при том через занятие этого пункта все лучшие кочевья и хлебопахотные места Дулатов будут у нас под руками» (Орт. мем. архив, 3-қор, 1-тізбе, 7-іс) деп өзінің отаршылдық пиғылын жасырмастан көрген жерін «Алматы» деп жазады.

«Алма-Ата» атауы жоғары айттық, большевиктердің орысша қойған атауы. Ол атау қазақтарға мүлде сіңбеді. Көп мәселеге Мәскеудің призмасынан қарайтын Олжекең сол отаршылдық пиғылдың отына тағы май құйғысы келеді.  «Алматы» атауын жоңғарларға теліп, оны орысша атауға өзгерткісі келуі соның көрінісі. Бұл ақиқатқа үйлесе ме?

Жоңғарлардың қазақ жеріне басқыншылығы ХҮІІ ғасырдан басталғаны белгілі. Ал олардың шабуылынан екі ғасыр бұрын, XV ғасырда өмір сүрген қазақтың ұлы ойшылы, жыршысы Асан Қайғы бабамыз Жерұйықты іздеп шыққан сапарында желмаясымен желіп жүріп, Алатаудың етегіне келеді.

Сонда: «Үш Алматы деген жерге бардым. Сарымсағы сабаудай, бүлдіргені бүйректей, алмасы бар жүректей, сол жерді қимадым» («Бес ғасыр жырлайды», І том, Алматы, «Жазушы» басп, 1989 ж) дейді ғой. Қазақтар ертеден Үлкен Алматы, Орта Алматы, Кіші Алматы өзендері аумағын қосып Үш Алматы деп атай беретін. Асан Қайғының осы сөздері бұл өңірдің жоңғар басқыншылығынан да ерте қазақтар қонысы болғандығын, жердің жиынтық түрінде «Үш Алматы» аталғанын дәлелдейді.

Қаланың атауын орысша «Алма-Ата» деп өзгерткенмен қазақтар еш бір өзгеріссіз «Алматы» деп атап келгенін төмендегі құжаттар дәлелдейді. Латын қарпімен басылған «Қазақстан бәлшебегі» журналының 1931 жылы қыркүйек айында шыққан №9 саны, «Алматы» жазуына қараңыз.

Илияс Жансүгіровтың 1935 жылы латын қарпімен шыққан «Жол аузында» әңгімелер жинағының титулдық бетінде орыс тілінде «Алма-Ата», қазақ тілінде «Алматы» деп жазылған.


Сәкен Сейфуллиннің латын қарпімен 1936 жылы басылған «Тар жол, тайғақ кешу» романында да шығарылған жері тап осылай көрсетілген. 1944 жылы кіріл қарпімен шыққан «Майдан» журналының №1 саны. Мұнда да шыққан жері «Алматы» екендігі көрсетілген. 1954 жылы жылы кіріл қарпімен шыққан «Сталин жолы» журналының барлық 12 санында басылған жері «Алматы» деп көрсетілген.

Мұның бәрі Олжас Сүлейменовтің отаршылдықты қолдаған орысшыл көзқарасының орынсыз екендігін дәлелдейді!

Марат БӘЙДІЛДАҰЛЫ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x