Алтай қазақтарының дінтұтқасы Мұхаммед Мүһмин хазірет жайында не білеміз?

Dalanews 15 сәу. 2021 10:51 290

 

Мұхаммед Мүһмин Шахмансурұлы (1807-1902) арғы тегі Қоқан қожаларынан шыққан, Бұқара қаласындағы әйгілі Бахауаддин Нақышбанди әулиенің шәкірттерінен дәріс алған ірі діни қайраткер. Ол шекараның шеті, желдің өтінде өмір сүрген. ҚХР Шыңжан, Моңғолиядағы Баян-Өлгий қазақтарына ислам дінін таратып, Алтай қазақтарының мұсылмандық жолына бетбұрыс жасаған ардақты тұлға.

Оның діни ғибадат қызметі сан тарапта, жүйелі, ислам ілімінің шариғатына сай тиянақты да бірегей, жоспарлы, заманға сай озық тәсілдермен, терең парасатпен, табанды күреспен, жергілікті халықтың мінез-құлқы, тұрмыс-салтымен үйлесімділік тауып көрегендікпен жүзеге асқаны аңдалады. Мұхаммед Мүһмин Хазіреттің ислам дінін таратып орнықтырудағы еңбектері топшылап айтқанда негізінен төмендегі салаларда көрініс табады:

- Алғаш рет Ақмешіт, Сармешіт деген мешіттерді соғып, шәкірт оқытып, медресе ашуы;

- Жайлау қыстау, күзеуде жүрген көшпелі елдің басын қасиетті жұма, діни түрлі мейрамдарда тұрақты қосып, әлімкөже істеп тегін таратып, сап түзетіп, намазға ұйытуы, осылайша ислам дінінің басты шарттарын орындауға жағдай туғызуы;

- Алтай қазақтарын алғаш рет Меккеге қажылыққа өзі бастап апарып, қасиетті сапарға жол салуы. Сол сапарда Меккеге келген  қазақтарға  арнап мүсәпірхана салдырды деген әңгіме де бар;

- Осман империясының Сұлтанына кездесіп, мұсылмандардың бас Хазіретінен бата алып алқанып, ислам әлемінің ең шығысындағы шеп-қорған іспетті Алтай қазақтарына Мұхаммед пайғамбардың  (Ол кісіге Алланың салауаты ен сәлемі болсын) мүбәрәк мұрты «муй-мүбаракты» арнайы сандығымен тәбаракка әкеліп, «Муй-мүбарак» үйін соқтырып, шығыстағы қазақтарды табындыруы;

- Беделі дәуірлеген ол «Қазы» дәрежесіне жетіп, қазақ арасындағы сот ісіне төрелік етіп, шариғат үкімін бітімге  енгізіп, қара қылды қақ жарған әділеттілігімен мұсылманға  сыйлы болуы;

- Мұсылмандардың достық байланысын бекітіп, Бұқара, Қоқан, Қашқар, Стамбул, Мекке, Мединемен байланысты жалғап, өзінің және шәкірттерінің, ұрпағының білімін жетілдіре түсуге жол салуы;

- Жергілікті халықтың салты, шаруашылық болмысын дөп басып, қажеттілігін өтеу үшін дінмен бірге сауда кәсібімен де шұғылданып, халықтың әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігін арттыруға да күш салуы;

- Ұрпағы мен шәкірттеріне рухани жолын жалғастыруға жетерлік білім бере білуі және олардың ата жолын адал жалғастырып, көбінің 1928-1937 жылдары Шыңшисай, Сталин, Чойбалсан нәубатында шәйіт болуы;

Мұхаммед Мүһмин Шахмансурұлының ерлікке папарпар осынау қызметіне риза болған халық құрметтеп оның атын атамай «Хазірет атаң», «Керей ишан» деп  күні бүгінге дейін ұлықтайды.

Меккеден Мұхаммед Мүһмин Хазірет ата киіп келген киелі шапан ол кісінің тағы бір ұрпағы Моңғолия Қобда аймағы қазағы Әкей Исаұлы қажы атамыз үйінде сақталған екен. Сол қасиетті мұраны атамен кездесу жасап, ақ батасын ала отырып, өткен жылы тәуелсіз еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласына өз шаңығрағыма әкелуге мүмкіндік туды. Мұхаммед Мүһмин Хазірет ата бұл шапанды Меккеге қажылыққа барғанда киіп келген, шапанды ол кісінің ұрпағы Шаһхайым Амбы ата тәбаракқа алып, содан Шыңжаннан Моңғолияның Қобда бетіне қоныстанып имам болғанда киіп жүреді де «эсэргүү» (халық жауы) болып жаламен ұсталғанда ұрпақтарының қолында қалады. Шапанды ұқыпты, зерделі ата Әкей Исаұлы сақтаған екен.

Бұл туралы хабарды «Моңғол заман» (Р.Асылбек. Ғасырдан асқан шапан// Моңғол заман. 2019.12.15. N24) газетінің бас редакторы, белгілі журналист бауырымыз Асылбек Рахатұлы оқырманға жария етіп былай деп жазды: «Жанастың ұлы Мархамет жуықта Қобда аймағында И.Әкей қажының қолындағы Хазірет атадан қалған тәбарак – Мұхаммед Мүһминнің шапанын алып Қазақстанға қайтар жолында кездестік. И.Әкейдің анасы Құттықыздың қолында болған шапан 1951 жылы қайтыс болғанда келіні Биғайшаның қолында қалған көрінеді. Шамасы 150 жылға жуықтаған шапан кезінде сапалы матамен тігіліп, ішіне түйе жүні күсіліп, шебердің қолынан шыққаны көзге көрініп тұрды. Сарғыш қоңыр бұлдың жиегі толықтай қызыл тысты болып, шапан денелі, зор адамдікі екендігі байқалады. Шапанның ғасырдан асқандығы қолға ұсталғанда байқалып, үлбіреп, қатты ұстау, мыжғылау сияқты әрекеттерді көтермесі белгілі...Осылайша дін ұстаған «Хазірет атаңның  шапаны» атамекен Қазақстанға жол тартты».

Ғасырлар асуынан асып, ұрпағы 1937-1938 жылы түгелге дерлік қуғын-сүргінге ұшыраса да, тар жол, тайғақ кешулерде  кие  тұтып  жасырын сақтаған Хазірет атадан қалған асыл мұра сол бабалардың арманы болған ислам діні гүлденген  байтақ елімізге аман-есен жетті деген  хабарды  жамағатқа сүйіншілеп таратқым келеді.

Мархамет Жанасұлы Шаһхайымтегі, Нұр-Сұлтан қаласы, Хазірет атаның ұрпағы, жеке кәсіпкер.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x