Жаркенттің таңғажайып петроглифтері

Dalanews 13 қаз. 2020 13:09 319

Қазақ жеріндегі Жетісудың оңтүстік – шығысын  алып жатқан Жаркент өңірінің аумағы көне дәуірлерге жататын тылсым тарихына тұнып тұр. Осынау қасиетті мекенде тіршілік  еткен ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігінің белгісі болып ғасырлар мен мыңжылдықтарды артқа тастап бізге жеткен құнды мұралар да жетерлік. Мәселен, атап өте болсақ олардың қатарында – балбал тастар, тас менгирлермен қоршалған алып және орташа көлемдегі обалар, археолегиялық қазбалардан табылған тұрмыстық және әшекей заттармен қатар, қару – жарақтар мен қыш құмыралар, тағы басқа тас беттерінде бейнеленген жазулар мен суреттер, яғни,петроглифтерді де айтып өтуге болады. Сол себепті бүгінгі мақаламыз құпиясы біздерге беймәлім ерте заманғы шеберлердің тасқа қашап салған таңбалары туралы болмақ.

Жалпы тастағы суреттер шежіресі адамзат баласының даму тарихымен етене байлынысты екендігін ежелгі жазбалардан білеміз. Оған дәлел жер шарының 120 мемлекеті аймағынан 35 млн. астам тастағы таңбалардың табылуы. Солардың қатарына жататын біздің Қазақ  жеріндегі қойтастар мен жартастағы жазулардың көбі қола, сақ  дәуірінен басталып, Түркі заманының таңбаларымен ұштасып, одан бергі уақыттарды да қамтиды. Қазақ жеріндегі тасқа басылған жазу, сызулардың мемлекет тарапынан көңіл бөлініп зерттелуі ХХ ғасырдың 50–ші жылдарынан басталады. Олардың ішіндегі ең әйгілісі, көлемі жағынан да үлкені «Таңбалы тас» екендігі баршамызға аян.

Ал, біздің өңірдегі тарихи ескерткіштердің  қағазға түсіп тізімделуі сол өткен ғасырдың 70-ші жылдарының ортасына тура келеді. Солардың қатарында жерұйық Жетісудың бір бөлігі, біздің Жаркент  өлкесінен табылған петроглифтер мен жазуларды  да атап өтуімізге болады. Мысалы, Ырғайлы сайдағы құпия жазу, Кіші Қойтас пен Бұрхандағы суреттер, оның шығысындағы Шежін  өзені   аймағындағы  қойтастардағы  салынған бейнелер мен  сан – қилы қашалған жазу  таңбалардың да ата тарихтан   хабар беретіндігі даусыз.Аталмыш дүниелер біздің білетініміз ғана, әлі де бізге  белгісіз тарих шаңына көміліп жатқан қаншама құнды заттарымыз зерттелмей, жарияланбай көптеген ғасырлар бойғы құпиясын бауырына бүгіп жатыр десеңізші...

    Бабаларымыздың көзіндей болған осынау құнды тарихи жәдігерлерді тауып, кіші-гірім зерттеу жүргізіп, бұқаралық ақпарат құралдарында  жариялап, бүгінгі ұрпақтарымен қауыштыру біздің азаматтық парызымыздың бірі деп санаймын. Осындай келелі істің басын ұстап, жүзеге асыруда мұрындық болып отырған Алматы облыстық «М.Тынышпаев» атындағы тарихи – өлкетану музейінің директоры Р.Ә. Аязбаева, (директордың орынбасарлары- К.Исабекова, А.Чанбаева мен О. Қуандықов), оның бірлескен филиалдары - Жаркент қаласындағы «Жауынгерлік Даңқ музейінен»(Қ. Ибрайымжанов) «Жаркент мешіті» көркемөнер – сәулет музейі(М. Раев)  қызметкерлерінің де  үлесі зор.

Мәселен, біздер өзіміздің осынау музейлер тарапынан ұйымдасқан тобымызбен өлкетану бағытындағы тарихи – танымдық саяхатымызда ойлаған ойымызды жүзеге асыру үшін (03.10.2020 ж.) жолға жиналдық. Жол талғамайтын жеңіл көлікке мінген біздер Жетісу Алатауын бетке алып, Лесновка ауылының солтүстігіндегі каналдан  өткен соң, Қызылжарды жағалай тоғай ішіндегі жүруге жайсыз қисық-қыңыр жолмен тауға қарай тура тартып кеттік. Жолбасшымыз Аслан, бұған дейін де барып көрген тастағы түрлі бейнелер туралы таң–тамаша әңгімелерін айтып, бізді қызықтырып келеді. Жол бойындағы алғашқы аялдамамыз ені кең  цементтелген көпірден өте салысымен кездескен, өзеннің шығыс беткейінде,сонау өткен ХХ ғасырдың 50–ші жылдары басында салынып, 1970–ші жылдарға дейін біршама ауылды электр қуатымен қамтамасыз еткен шағын су электр  станциясының (ГЭС) тоналған қирандысы болды. Беткейде қиялай тартылған тас тоған арқалы келген сулар электр қуатын бөлгіш генераторларды қозғалысқа келтірген соң, біз өткен көпір астымен өтіп барып қолдан қаланған тас тоғандар арқылы қайтадан Өсек өзеніне құйылатынын байқадым. Көліктен түсіп айналаға көз тастадық, фотоаппаратпен бірнеше түсірілім жасаған Мұрат көлікке отырысымен әрмен қарай жүріп кеттік. Одан әрі, кезінде аталмыш станция тұрғындарына арналып салынғанымен, кейінгі 80–ші жылдардан соң балалардың жазғы демалыс орнына айналған «Қарлығаш» лагерін де артқа тастадық. Арай қызымыз осы лагерьде демалған балалық шағын еске алып, балалықтың бал дәуренінен біраз әңгіме тиегін ағытты.

Көп кешікпей алғашқы олжамыз, көне түркі руникасымен жазылған «қазақ» деген сөзі бар тасқа  да жеттік. Түркі дәуірінде «қазақ» этнонимінің болмағанын тарихтан білемін, бірақ кейін таңбаланған бұл жазуды, «Кім?...» қандай мақсатпен жазды екен..?! Кім болса да, тарихтың тамырынан хабары бар сұңғыла адам болды ғой. Иә, бұл өзі ой – санамда шешімі жоқ жұмбақ болып қала берді...

---«Міне, енді осыдан әрі қарай, тастағы суреттер көп..» - деген, Асланның сөзінен кейін бәріміз елеңдесіп, бір көтеріліп қалдық.

Cөйтіп, келген жұмысымызды Өсек өзенінің шығыс беткейіндегі аласа тау жотасындағы беті тегіс қойтастарға  салынған суреттерден бастадық. Біріншіден, ондағы көнеден келе жатқан тастағы беймәлім бейнелер мен жазуларды, бізге белгісіз таңбаларды  тізімдеп, суретке түсіріп және олардың орналасу координатарын анықтау жұмыстарымен айналыстық. Нақтылап айтар болсақ: біз жазып жариялап отырған суреттер шоғыры Талдыдағы аспалы көпірден бастау алатын өзеннің сол жақ  аңғарының солтүстіктен оңтүстікке қарай көлбей жатқан аласа таулы жоталы алқаптың, ұзындығы 15 шақырымды алатын бір бөлігі ғана. Онда біздер түгелдей сыпыра сүзіп шыққан жоқпыз, әр-әр жерге тоқтап, мөлшерлі аумақтан ғана түсіріп, одан келесіге ауысып дегендей жұмыс жасадық. Суреттер мен түрлі бейнелер тау сағасы ландшафтына орай күн сәулесі мен атмосфералық құбылыстардың әсерінен беткейдің теріскейіндегі қоңырқай күрең тартқан қойтастарда шашырай орналасқан. Бұдан басқа өзеннің батысындағы Үлкен және Кіші Қойтас аумағында, Үлкен және Кіші Өсектің қосылған жеріндегі сүйірлі тұмсықтағы жартастарда петроглифтердің үлкен тобы бар екендігінен, оларды арнайы мамандар келіп қағазға түсіріп кеткенінен де  хабардар едік. Бірақ, сол жазылып алынған аймақтың зерттелуі әлі де үстірт, құжатталу жұмыстары да аяқталмаған болуы керек... Ал, біздер аралап қағазға түсіріп жүрген алқаптың әлі еш жерде жарияланбағандығы бәріміз үшін ерекше жаңалық болумен бірге,  зерттеушілікке  деген үлкен қызығушылығымызды тудырды.

Содан, не керек фотоаппарат пен ұялы телефондарымыздың нүктелері бірінен кейін бірі сыртылдап қызу жұмысқа кірісіп кеттік. Амал қанша арнайы техникалық құралдардың жоқтығы қолбайлау болып, тастағы суреттердің көркемдік ерекшелігін толық ашуға мүмкіндігіміз болмай тұр-ау. Сонда да болса бар жағдайды, мүмкіндігімізді барынша пайдалана отырып, тау табиғатына сай ғұмыр кешкен ерте дәуір суретшілерінің төл туындысын мұқият қарап шықтық.  Олардың жандүниесіне зерде арқылы үңіліп, тастағы бейнелердің мән – мағынасын ашумен бірге, шебердің ішкі  ойын түсініп көпшілікке жариялау мақсатындағы әрекет барысында, бар білімімізді салып өзімізше зерттеп, реттілік, жүйелік сараптама жасауға талпыныс жасадық.

  Бізге белгісіз ежелгі сурет өнері шеберлерінің тасқа қашап салып кеткен көріністерінің көбі: жабайы  аңдардан - тәуешкілер мен арқарлар, бұғылар, қасқыр бөлтірігімен, сондай – ақ, қолға үйретілген  түйе, жылқы мінген адам, жәндіктерден жыландар, сонымен қатар антропоморфты бейнелерге жататын «күнбасты адам», билеп тұрған бақсы, мүйізінде «әлем ағашы бейнеленген» бұғылар мен сан-алуан қимыл қозғалыстардың жиынтығынан тұратындығын анықтадық. Және  көптеген ғасырлар бойғы уақыт шеңберінде  климаттық өзгерістердің әсерлерінен бүлінген кейбір түсініксіз бейнелерді де суретке түсіру ісі  назардан тыс қалмады. Жалпы тастағы бейнелеу өнерінің даралығы - салынған көріністердің қайталанбас өзгешелігімен қатар, тарихи-мәдениет ескерткіші ретінде әрдайым эстетикалық талғамға сай болуымен құнды. Демек, осынау  тастағы сурет  өнеріне деген құрмет, яғни, біз жазып отырған петроглифтердің Жетісу өлкесінің мәдени саласындағы бағалы тарихи жәдігерлердің көрнекті бөлігі екендігін айғақтайды.

Тағы бір ежелгі дәуірге тән байқалған құбылыстың бірі, аспалы көпірден басталған аласа таулы жотаның етегі мен өзен жағасына дейінгі атшаптырым арақашықтық теп–тегіс жазық. Аталмыш жазықтың оңтүстігіндегі Бетағашқа дейінгі аумағы үйілген тас қорымдар мен әртүрлі (диаметрі 6-12 м болатын)– шеңбер, ромб тағы басқа формадағы обаларға толы. Ой, сана арқылы салыстырмалы зерттеу жасай отырып, шамамен  Қола, Сақ заманынан қалған көне жерлеу орындары болуы керек деп топшыладым.

Қорыта айтқанда біздердің, яғни, музей қызметкерлерінің өлкетану бағытында жасап отырған тарихи-танымдық  зерттеушілік сапарымызда тауып, суретке түсіріп, ретке келтірген  тастағы таңбаланған бейнелердің  тізімі төмендегідей болып шықты:

  1. Арқарлар мен тәуешкілердің – 100 – ге жуық бейнесі,

  2. Итке ұқсайтын 2 сурет;

  3. Атқа мінген адамдар бейнесі 2 жерде кездесті;

  4. Мүйізінде «Әлем ағашы» бейнеленген 2 бұғы;

  5. Жәй бұғы суретінен 2 дана;

  6. Қасқыр тәрізді 2 аң және 1 қасқыр үш бөлтірігімен;

  7. Түйеге мінген 1 адам және 1-уі түйе жетектеген бала;

  8. Би билеп тұрған бақсы, 1 сурет;

  9. Жаяу адам бейнесі 2 суретте бейнеленген;

  10. «Күнбасты адам» 1 сурет;

  11. Жыландар 2 жерде бейнеленген;

  12. Құдайдың табаны бейнеленген 1 сурет (?);

  13. Бүлінген түсініксіз бейнелер;


Жалпы, түсірілген суреттерге өзімше сараптама жасай отырып, біз жүріп жерлердегі петорглифтердің басым бөлігі Сақ дәуірінің өтпелі кезеңі мен Ерте темір дәуірі  уақытына жатады-ау деген жорамалға келдім. Ішінара қола дәуірінің де нақыштары бар екендігін жоққа шығармаймын. Себебі, тағы бір назарға алар ерекшелік, аталмыш тарихи жәдігерлердің Жетісу Алатауының етегінде орналасуы. Оған мысал, қола дәуірі соңындағы климаттық өзгерістердің әсерінен тақырға айналған жазықтан гөрі таулы аймақтың тіршілікке қолайлы болуы да едәуір ықпал еткен тәрізді. Демек, тағы бір ерекшелік сол кезеңдердегі адамдар тіршілігінің арқауы, негізгі күнкөріс көзі аңшылық болғандығын байқаудың осы деректер бойынша ой салып қараған адамға  еш қиындығы жоқ.

Жаркент өңірінің өткен дәуірі мен сол заманға тіршілік иелерінің тыныс - тіршілігінен  көптеген ақпараттарды  беретін  бұл құнды мұралардың еліміз тарихындағы  алатын орнының  айрықша  екендігін көрсетеді. Сонымен қатар, тастағы сурет өнерінің асыл мұралары саналатын петроглифтердің тағы бір ерекшелігі: адамзат өркениетінің алғаш пайда болуы мен даму сатыларынан нақты түсінік беретін бірден–бір тарихи жәдігер. Бұл дегеніңіз Өсек өзені аңғарындағы сурет таңбалардың кешенді зерттелуі біздің арғы ата – бабаларымыздың наным, сенімі мен тұрмыс тіршілігі және айналысқан шаруашылығын жан – жақты зерделеуге мүмкіндік беретін бірден – бір тарихи ескерткіш болып табылады деген сөз.

Демек, сөз  соңында айтарым, біздің әрекет туған жер мен ел тарихына деген жанашырлық пен қызығушылықтан туындаған музейлік зерттеу ғана. Өзімізше саралай отырып атамекен шежіресін қағазға түсіріп ел-жұртқа бұқаралық ақпарат көзі арқылы жариялау, оқырманға жеткізу. Ал, арнайы кешенді зерттеу жүргізу осы саланың тәжірибелі үздік мамандарының құзырындағы шаруа. Мемлекет тарапынан қодау табылып арнайы зерттеу жұмысы қолға алынса, келер ұрпақ тәрбиесі үшін таптырмас рухани құндылық болатыны сөзсіз. Яғни, зерттеушілік тұрғыда қарастырар болсақ, әлі алда көптеген жұмыстарды жасау керектігі өзінен – өзі сұранып тұр.

Сол үшін де  мәдени мұраларды зерттеу, зерделеу мен сақтау, оларды ұлттық құндылықтар ретінде  кейінгі ұрпаққа қалдыру, демек адами тұрғыда туған жер алдындағы перзенттік парызымыздың ең қасиеттісі екендігі айтпаса да түсінікті жағдай. Сол үшін де парызымызға адал болып, туған өлке тарихын түгендеп, барынша жаңғыртып жан–жақты насихаттауды қарқынды дамыту күн тәртібінен түспеуі тиіс, ағайын!... Ендеше, іске сәт!!!...

 

Қали Ибрайымжанов, «Жауынгерлік Даңқ музейінің» меңгерушісі,

Жаркент қаласы

https://web.telegram.org/#/im?p=@dalanewskaz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x