Шығыстың жер-су атауларының құпиясы

Dalanews 08 қаз. 2020 09:08 608

Жер-су  атаулары  халқымыздың өткен өмірі мен тарихымыздың баға жетпес мұрасы. Өткеннің ізі сайрап жатқан жеріміз талай заманның жаңғырығын осы атаулар арқылы бізге жеткізгені анық. Қазақ халқы ерте заманнан-ақ орнығып, өмір сүріп жатқан жерінің өзен, көл, тау, қырат секілді жер бедеріне меншіктелген атауларына үлкен мән берген. Жер-су атауларына аса мұқият қарап, жер тарихы мен ел тарихының біртұтас екендігін аса жауапкершілікпен сезініп әрқайсысына ат қойып, айдар тағу жағынан ойының ұшқырлығы мен тапқырлығын байқаймыз.

Тамыз айында «Мәңгілік ел»  оның ішінде «Туған жер» бағыты бойынша «Шығыс Қазақстан ономастикалық  кеңістігі-ұлттық код пен рух жаңғыруының көрінісі» (Тарбағатай, Аягөз, Үржар аудандары топонимикалық атаулары негізінде)» тақырыбындағы жоба аясында Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің бір топ ғалымдары Үржар ауданына экспедициялық іс-сапармен барып қайтқан едік. Іс-сапарға шығудағы негізгі мақсатымыз – Үржар ауданының жер-су атауларының сөздігіне арқау болатын ақпараттар мен деректер жинау еді. Бұл іс-сапарда экспедиция ұжымы үш топқа бөлініп,  Үржар, Мақаншы, Таскескен бағыттары бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Экспедиция барысында жер-су атаулары жөнінде толыққанды мәлімет алу мақсатында аймақтағы барлық ауылдарды аралап, көнекөз қариялармен сұхбаттасып, халық аузындағы жер-су атаулары, атауға қатысты аңыздар мен тарихи оқиғалар да жазылып алынды. Сондай-ақ, мұражай деректері мен жергілікті ақын-жазушылардың жазбалары да сарапталды.

Атап айтсақ, біз сұхбаттасқан ақшоқылық Ахметбеков Мырзағазы, Нұрғалиев Жасанбек, көктеректік Қалипанов Әулетбек, мақаншылық Жирентай Төлеген, қарабұлақтық Тоқтарбаев Шерияздан, Сүттібаев Даутан, Алханов Оразбай, Тоқтарбаев Хизамади, Сапаров Қабдеш, Абылханов Кадірбай, Рамбаев Қапсамет, Қорғамбаев Айт, Динахметов Болыс, қабанбайлық Қанапиянов Амантай, Абралимов Бейсен, шолпандық Тұрарбаев Оңғарбай, қарабұталық Еркінтаев Жұмабай, Беребаев Жұмағазы, Базылханов Сейтқазы, Садықов Қайрат, Бектұрова Тұрсын, Бахтылық Дүтбаев Мақан,  Әлімжанов Серік, Аманбаев Октябрь, Садуақасов Мұратбек, Балажан Қызырхан, қарақолдық Баязитов Берікбол, мырзалар өз өлкесінің, туған жерінің өткен-кеткен тарихын жер атауларымен ұштастыра отырып, жан-жақты мағлұматтар берді. Ә.Т. Разуевтің «Құт қонған мекен», К.Базарованың «Ұрпаққа айтарым бар» естеліктері т.б. сол өңірдің ақын-жазушыларының жазбалары арқылы да мол қазынаға кенелгенімізді айта кетуіміз қажет.

Экспедиция барысында байқағанымыз – Үржар ауданының жер-су атаулары ежелгі қазақ халқының тарихынан, оқиғаларынан көрініс береді.

Көнекөз қариялар ауданның арғы тарихына көз жібере отырып қазақ-жоңғар соғысының небір жан алысып, жан беріскен шайқастары осы өңірде өткенін, Ойран жазығы деп аталатын жердегі соғыс жайында, Бақты тауының арғы асуында Қырғынсай деп аталып кеткен жер атауы, сол жерде орыстармен болған қызыл қанды қырғын соғыс салған іздер жайында аңыз қылып айтып берді.

Кейбір атаулар негізінен осы аймақта әр кезеңдерде орын алған елеулі тарихи оқиғаларға немесе жеке тұлғаларға байланысты берілген. Мысалы, Қабанбай батыр ауылы – Қабанбай Қожағұлұлы, Қаракерей Қабанбай, Дарабоз –  батыр, талантты қолбасшы. Қабанбай Найман ішіндегі Қаракерей руының Байжігіт тармағынан; Қазымбет ауылы – қазақ тарихында «Ту астында тулап өлген Қазымбет» деген аңызға айналған  ерлігімен өшпес аты қалған қазақ халқының  аса ірі батырларының бірі Қазымбет Құттымбетұлы. Өмір сүру кезеңі бала шағынан бастап жоңғар – қазақ арасындағы ондаған жылдарға дөп келген. Оның туған жылы нақты белгісіз болса да, шамамен 1685-90-шы жылдары дүниеге келген деп топшылауға болады. Өйткені, оның жоңғар – қазақтың, қырғыз – қазақ пен қытай – қазақ арасындағы ұрыстарға қатысқан кезінде 67 – 69 жаста болған деген  деректер бар. Ол осы жасында да қазақ әскерінің ту ұстаушысы болған. Ал туды ұстау кез-келген батырға сеніп тапсырылмаған. Қазымбет батыр 1756-57-ші жылдары Ақшәулі – Аягөз ұрысында туды жықпай қаза болған.

Шын мәнінде осы өңірдегі әрбір елді мекендер мен  тау-тастардың, өзен-көлдер мен бұлақтардың,  аттарының астарында тарихтың хаты жатқаны анық.Үржар ауданының  айтулы жерлері – Тарбағатай, Жарбұлақ, Барлық, Алакөл, Қабанбай, Жалаңашкөл, Егінсу, Бақты, Қарақол, Ақшоқы, Алтыншоқы, Сұлушоқы, Арқалды, Сауыр, Құти сынды атауларының да әрқайсының өзіндік ерекшеліктері мен тарихы бар.

Бұл аймақта орналасқан өзен-көлдердің атауы оның табиғи ерекшелігіне, ағысына, тереңдігіне, түсіне байланысты – Алакөл, Сасықкөл, Ай, Қаракөл, Қарабұта, Келдімұрат, Үржар, Қатынсу, Егінсу, Шошқалы, Еміл, Қусақ, Жынды, Шолақтерек, Көлденең, Ақтас, Теректі, Жалаңаш, Базар, Бақыркеткен, Жасылкөл деп аталса, ал елді мекендер өсімдіктер әлеміндегі ерекшеліктеріне немесе қоныстанушылар өмірлеріндегі фактілерге сәйкес Ақши, Ақшоқы, Аралтөбе, Баласаз, Балатөбе, Барқытбел, Бармаққұм, Батпақты, Бәйгетөбе, Қоныстану атауларымен өзге өлкелерден ерекшеленеді.

Кейбір атаулар жер бедеріне, табиғи, геологиялық қалыптасуына, мал өсіру, егін салу сияқты басты шаруашылығын жүргізуіне орай Көкөзек, Қаратұма, Көктал, Көктерек, Қайынды, Қызылбұлақ, Қарабұта, Қарабұлақ, Барлық-Арасан, Қаратал, Қоңыршәулі, Үш бұлақ, Науалы, Жоғары Егінсу, Барқытбел, Батпақты, Салқынбел, Қарабұйрат деп атау қалыптасқан.

Ал, Тарбағатай, Ақшәулі, Барлық, Ақшоқы, Найзақара, Жақсы жартас, Жаман жартас, Бәйгетөбе, Жайтөбе, Тастау шыңы тау-тас, биік төбе, шоқылар осы жерде болған талай тарихи оқиғалардың куәсі.

Жер-су атауларын жинастыру барысында байқағанымыз Үржар өңірінде әрбір атауды бергенде сол жерде тұратын адамдардың әдет-ғұрып, салт-санасын және діни, идеологиялық жағдайларын сипаттайтын сөздерден қойылып, сол жердің ерекше бір белгісін білдіретіндей өте жоғарғы дәлдікпен белгілеуді де мақсат еткен. Мысалы, Таскескен атауының шығу тарихы Ақтанберді Сарыұлы заманынан басталған деседі ауыл қариялары. Биікқызыл, Шәуілдір тауларынан бастау алатын Қарақол өзенін егін шаруашылығына пайдалану мақсатында тауды кесіп ортасын жарып өзенді өткізген. Тасты кесу арқылы егістікке су жіберілген екен; Бақыркеткен – бұлақ, бақыр – ожау. Сол маңның суының екпіні ожау ағызардай қатты болғандықтан қойылған атау; Керегетас – тау, керегедей керіліп тұрған үлкен тау киіз үйдің керегесіне ұқсағандықтан қойылған атау, Кемпіртас – Таскескен ауылынан 7-8 шақырым орналасқан адамның бейнесі бар әжеге ұқсайты тастың атауы. Сол жерді Кемпіртас деп атайды.

Жер су атауларында халықтық атаулармен қатар отаршылдық атаулар да жиі кездеседі. Ондай атаулар тек қана Кеңес дәуірімен келген атаулар емес, оның тамыры тереңде жатыр.

Жалпы экспедиция барысында, 80-нен аса адамнан сұхбат алынып, 500-ден аса жер-су атаулары сөздікке қосылды. Топырағы құнарлы, табиғаты көркем Үржар өңірінің жер-су атауларының тұнып тұрған тарих екенін аңғартып, бұл экспедиция өңіріміздің тарихқа және жер атауларына өте бай екенін, және оны келешек ұрпаққа жеткізудің қажеттілігін тағы да дәлелдеді.

Өңірлік топонимдерді  жинастыру жүйелі түрде бірнеше ғасыр бойы арнайы зерттеу нысаны болмағанын жете түсінген  аудан әкімі аппаратының басшыларына экспедиция мүшелеріне ұйымдастыру мәселесінде білгір басшы ретінде көмек көрсете білді.

Шынар СЕЙІТОВА,

Шайза ДОСКЕЕВА,

Әсем ҚАСЫМОВА

Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университеті оқытушылары.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x