Бабадан қалған ғибрат

Dalanews 17 мам. 2020 09:50 337

Баспадан жуырда ғана жарық көрген Айбын Төрехановтың «Би Салпық» кітабында ел басына күн туған қилы кезеңдерде бойына біткен даралық қасиеттерімен соңынан ерген бұқараны әділдіктен айнымай басқара білген, шаршы топта сөз бастап, қара қылды қақ жарған билер мен шайқастарда қол бастаған көсемдердің ерлік істері тартымды да тұшымды суреттеліпті.

Бәйдібек бабадан тарайтын Ұлы жүздің Суан тайпасының, одан бері Тоқарыстаннан тарайтын Мырзамкелдінің Туматайы  ұрпақтарының шежіресі, оның ішінде Би Салпықтың өмірі мен тұлғалық қасиеті арқылы өрбіп отырады. Мырзамкелді бабасының өмір жолының «Ақтабан шұбырынды» жылдары Алтайға қарай тау сағалап көшуі, атажау жоңғардан азат етілген атамекенге қайта қоныстану, кенжесі Туматайдың Абылай ханмен қарайлас, замандас болуы және ел-жұрт үшін атқа қонып, ерліктің ерен үлгісін көрсете отырып, қазақтың дарабозы Қабанбай батырмен тізе қосып, жоңғарларды талқандауда қайсарлығымен жұлдыздай жарқырап, Матай тауының басына ту тіккені тарихи шындықпен жанасып жатыр.

Міне, ұрпағына ұран болған Туматайдың шөбересі Салпық биді мұқым Суан, Албан, Найман, Жалайырдың Апахан (Апахаң) атауы да тегін емес-ау. Ақындық толғаулары мен Найманның қызайы Шонжармен, Жалайырдың Әжібай болысына, Албанның Алжанынан тарайтын Қайранбай болыстарды тосылдырған салиқалы сөздері ауыздан-ауызға тарап, бүкіл Суанға «Би Салпық» атанды. Өсіп-өніп әкесі Ілештен еншісіне шаруаға ыңғайлы келетін Қу өзенінің шығысы мен Қорғас өзенінің Ілеге құяр тұстағы құйқалы алқапты және Жаркент өңірінің көркі Белжайлаудағы Қойтас, Аяқсаз, Ақтасты және Басатқарағай қойнауын алуы оның қабілет-қарымының ауқымды екенін  айқындап-ақ тұр емес пе?!

Тегіне тартқан зеректігіне басып, еншісін алған соң қарап жатпай атакәсіп мал шаруашылығына демеу болсын деген ниетпен диқаншылыққа да бет бұрып, тоған қаздырып, егін егумен айналысады. Әлі күнге дейін ел аузында сақталған «Салпық өстең», «Салпық тоған», «Салпық арық» атты жер атаулары сол қаракеттерінің  өшпес белгісі.

Шаруаның ыңғайына қарай сауданы да дөңгелетіп, Үлкен, Кіші Түркістанның атақты бай саудагерлерімен араласып, қойтұяқ, тайтұяқ алтын, күмістермен сауда жүргізуі, Тәшкен, Самарқанға баратын керуендерді басқаруы атамызды тағы бір қырынан әйгілеп, «Сауда Салпық» атандырған.

Ары-бері өткен керуен тауарлары айналымын рәсімдейтін, қатынас қағаздарына басатын бірі алтыннан (1853 ж.) Қытайдың Күре қаласында, екіншісі – гаухартастан орысша жазуы бар біздің Лепсіде жасалған екі мөрі болғандығы ол кісінің сауда саласындағы өзіндік орнын айшықтап тұруының бұлтартпас дәлелі.

Осыншама бақ-дәулетті аямай берген жаратушы, қайғы мен қасіретті де жолдап сынап отырған. 1855 жылғы қоян жылы жұтта бар малынан және оның артынан келген сүзек ауруынан бар  бала-шағасынан айырылып, ел ішінде «Қубас Салпық» атанады. Мұндай суық хабарды естіген ағайын-туыс, көрші жатқан Албан, Жалайыр, ат төбеліндей төрелер мен Суанның игі жақсылары қайғысына ортақтасып, қолдан келген көмектерін көрсетіп демеушілік жасайды. Суанның төбе биі Ақша руынан шыққан Қожбанбет бидің көңіл айта келіп: «... Е, Апахаң! Малың мен бала-шағаңның қырылып қалғаны Алланың ісі болар. Егер бұл тажал сені алып кетсе, сендей Апаханды мына Суан қайдан табады...» деп күйзеле басу айтуы зерделі жанға көп нәрсені аңғартса керек.

Шығарма иесі өзінің кейіпкерін біржақты даңғаза мақтанға салмай, кәдімгі күнде көріп жүрген пенде екендігін, оның да қателіктерге бой ұрғандығын, сөйте тұра қаншама кедергі мен қиындықтарға мойымай жеңе білгендігін, сөз құдіретін пайдалана отырып аса шеберлікпен сомдаған.

Бұлардың бәрін ой елегінен өткізсеңіз, кітаптың «Тектілік тегеуріні немесе Тегіне қарай ұрпағы» атты бірінші бөлімінде Салпық Ілешұлының бар ғұмырындағы осынау қам-қарекетінің бәрі де қазақы таным-түйсіктен тамыр тартқандығымен бірге ішкі рух пен  парасат-пайымының да әлеуеті жоғары екендігін айқын көрсетіп тұр.

«Бабақоныс – құт мекен» аталатын екінші бөлімде Асанқайғы бабамыз айтқандай Жерұйық Жетісудың шұрайлы өлкесі Жаркент жерінің табиғаты, таулары мен өзен-көлдері тілге жеңіл теңеулермен нақышына келтіре айшықталған. Қазақ үшін туған жердің саф таза ауасынан, тауды жарып, тасты ағызған асау өзенінен, көк майса шалғынынан аса қасиетті жұмақ мекен жоқ екенін, жүрегіңмен сезініп, санаңмен түйсінесің.

Ал «Салпық баба дәуірі» бөлімінде үзеңгілес болған ел ағалары, билік тізгінін қолдарына берік ұстап заманында жұртының айбыны болған – Қожбанбет, Қараменде, Шәнті, Сады, Тана, Дәулет, Малдыбай билер, атамекеннің қорғаны болған Аралбай, Бөлек, Сатай, Бағай, Шойнақ, Ұзынмұрт, Ұзақ, Әтіке, Нұржеке секілді жұртына аңыз болған жаужүрек батырлар туралы көптеген мәліметтерге қанығып, елдің, жердің тарихына деген мақтаныштан марқайып, сүйіспеншілік сезімге бөленесің.

Келесі  «Атасын ұмытқан батасыз қалар» бөлімінде әкесі ақын, этнограф Әдепхан Төреханұлының:

Қадірменді халқына, сыйлы болған еліне,

Көк күмбезін орнатып өзі туған жеріне.

Дүркіретіп ас берген Салпық биге Жақыбай

Кіндік кесіп, кір жуған Белжайлаудың белінде, –

деген өлеңінің беташар болып басталуының өзі, бабаға деген құрметтің ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей келе жатқан асыл қасиет екендігінің белгісі емес пе?! Осындай ізгі қасиетті пір тұтқан бұл әулетке көрген, оқыған, араласып сыйласқан адамдардың риясыз алғыс айтары сөзсіз. Себебі 2008 жылы қолға алынып әке мен бала аяғынан тік тұрып, Өзбекстанның Хорезм облысынан алынған күйдірілген сары кірпіштен Салпық бабаның еңселі кесенесінің қайта жаңартылуы, бабаға, ата-ана аруағына арнап ас берілуі, ғасырлар бойы жадымызға сіңген ата салтқа, әдет-ғұрыпқа  беріктіктің, қошеметтің шырқау шыңы екендігін еріксіз мойындайсыз.

Ендігі «Ұрпаққа жеткен мәңгілік» бөлімі Салпық бидің жер дауы, жесір дауы дегендей, қазақтың ежелден келе жатқан, ел арасында болып тұратын дау-дамайдағы айтқан кесімдері. Мәселен: Қызайға барып қайтқан қыз дауы, Албан Қайранбай қажымен сөз қақтығысы, Жалайырдың Әжібай болысына құда түсіп баруы, тағы басқалар. Сонымен қатар келешекке рухани азық болар тәрбиелік мағынасы терең қанатты сөздері мен  ұрпағына аманат еткен өсиет сөздері әдемі өрнектей қиюласып, таспадай өрілген.

Ел мен жер тарихы ұрпақ санасында қайта жаңғырып, мәңгілікке тасқа басылды деген сөз. Сондай-ақ руханият дариясына мөлдірлігі зеңгір көктей, шапағаты талай рухқа ем боларлық тағы бір шипалы бұлақ келіп қосылды. Замана қатпарында шаң басқан туған жер шежіресінің тағы бір парағы айқара ашылып, тың деректермен қоса «Елім, жерім!» деп халқына қалтқысыз қызмет еткен  парасатты тұлға Салпық бидің де тарихтағы орны айқындалды. Қаламгердің көпшіліке арнаған осынау ерен еңбегі, жұртшылық жүрегінен орын тауып, ілтипатына бөленетініне бек сенімдімін. Оқырман қауымға жол тартқан «Би Салпық»  кітабына, сәт сапар!

Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тарихшы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x