Орыстар кімді алдап отыр?

Dalanews 05 нау. 2018 06:33 300

Қазір не көп, тарихшы көп. Тәуелсіздік жылдары тарихшы 3 есе көбейіп кетті. Ғылым докторы, ғылым кандидаты 5 есе көп. Нәтиже – 5 есе төмен. «Социалистік Еңбек ері» сыйлығын екі рет алған Николай Гловацкий деген кісі болды.

Атағы таудай. Сол кісі «Совхоздардың 10 жылдық тарихы» дегенді жазып, тарихшы болған. «Социалистік Еңбек ерін» сол «еңбегіне» алған адам. Осыны ғылым деп айтуға бола ма? Совхоздың 10 жылдық есеп-қисабын есепшіден алып жазып бере салмай ма?!  Оны сол есепшілер де есептеп беретін дүние. Ол – ғылым емес.
Тәуелсіздіктен кейін осындай ғалымдар пайда болды. Ғылымның деңгейін сондай ғалымсымақтар түсіріп жіберді.

Тарихта айтылмаған, жалпы халыққа жұмбақ шындық өте көп. Мысалы, біз шынымен рухани жаңғыратын болсақ, Қазақ хандығы неге Жетісу жерінде ту тікті? Ешкім білмейді. Неге Сарыарқаға бармады? Неге шығысқа ту тікпеді?

Жетісуға келуде сыр бар. Ол қандай сыр? Керей мен Жәнібек «Бабамыз Шыңғыс ханның туған, ту көтерген жерінде хандық құрамыз» деп Жетісуға келді. Оған дәлелім көп. Осы дәлелімді баспасөз бетінде жаздым.

 Оны білу үшін алдымен «Моңғолдың құпия шежіресін» оқу керек. «Алтын топшыны» оқу керек. Орыстар «Алтын топшы» деген моңғолдың тұңғыш шежіресі деп жатыр. Жоқ, олай емес. Ол – қазақтың шежіресі, яғни Шыңғысханның шежіресі. Оны орыстар атын өзгертіп, «Моңғолдың құпия шежіресі»  деп түп-тұқиянын өзгертіп әкеп, бізге берді. Білімсіз, надан халықты алдап отыр.

 Рашид ад-Динді ешкім оқымайды. «Алтын топшыны» да тарихшылар оқымайды.
Сонда анық жазылған ғой: «Шыңғысханның туған жері – Моғолстан»  деп тұр. Моғолстан – Жетісу. Ақсақ Темір 12 рет шапты. Моғолстанның жерлерін атап берді.

 «Шарынға келдім. Шелекте бір басшымыз суға кетіп өлді. Үржарға бардық. Аякөзден өттік»  дейді. Бұл – Моғолстан. Сол Моғолстан мен Моңғолстанды ажырата алмадық қой, біз. Моғол деген қазақтың арғы тегі, түрік. Моңғол деген – қалмақ, ойрат. Бір әріптен адасқан тарих бұл.

Шыңғысханның ұрпағы қалмақтар болса, бізбен неге соғысады? Қазақтың барлық ханы Шыңғысханнан тарайды ғой. Қисынға келмейді тарихшылардың уәжі. Шыңғысханның ұрпағы қазақ, өзі қалмақ бола ма? Қалмақтың, халқаның, шоростың ешқайсысының көсемі Шыңғысханның ұрпағы емес.

 

  • Жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің


“Қала мен Дала” газетіне берген сұхбатынан үзінді


(жалғасы бар)



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x