Әлмерек есімі берілсе...

Dalanews 01 желт. 2017 10:23 772

Қазақстан Тәуелсіздігің алғаннан кейін әйгілі Әз-Әлмерек халқына қайта оралды. Атақты Әз-Тәуке ханның уәзір дәрежесіндегі белгілі билерінің бірі болған тұлға жөнінде көп айтылды, жазылды және зерттелді. Халық ақыл кемергерлігіңе байланысты о бастағы аты Әлмеректі – Әз-Әлмерек деп әспеттеп, есімін аңызға айналдырғаны шындық. Міне, сондықтан 2001 жылы оның ескі қорған бейітінің үстіне жаңа кесене салынды. Қазір бұл жер адамдар дүниенің төрт бұрышынан келіп зиярат етіп, Алла тағаладан жақсылық тілейтін қасиетті орынға айналған. Мұнда діндарлар үшін намазхана бөлмесі бар. Шипалы бұлақтары мен таза ауасы жанға дауа, тәнге ем және самал желі адам рухын сергітетін әулие басында адамдар сауығып, демалады.

Қазақ хандық дәуіріндегі тарихи тұлға туралы бес-алты кітап жазылды. Солардың бірі өткен жылы жарық көрген «Әз-Тәуке және Әлмерек» деп аталады. Жазылған жырлар мен толғауларда есеп жоқ. Алматыда «Әлмерек рухани сауықтыру орталығы» жұмыс істейді. Әулие атында - оның                    ата-жұртында күмбезі көк тіреген мешіт бар.

Әлмерек туралы айтқанда бала кезінде басына келіп, бұлағынан су ішкен, әкесі дұға оқыған, өзі абыз қасиеті жайында айтудан жалықпаған Дінмұхамед Қонаевтың Әлмеректі пір тұтып, құрметтеп, ұрпақтарына меңзеген өсиеті ел есінде.

Хандық дәуірдегі атақты «Жеті жарғыны» қабылдаған Әз-Тәуке ханның «Хан кеңесіне», «Билер кеңесіне» және «Молда ишандар мәслихатына» қатысып сол заманның мемлекеттік маңызы бар мәселелері жөнінде  Әз-Әлмерек өз ойын ашық айтып отырған, ал Түркістандағы екінің бірі бас сұға алмайтын «Хан мешітіне» Әлмеректің кіріп, намаз оқып, халқы үшін құдайдан тілек тілеп, мінәжат етуі - оның «Әулие би» дәрежесіне көтерілгенің дәлелдейді.

Үйсін-Албан еліндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің көсемдері Ұзақ, Әубәкір, тағы да басқалар Әлмеректің батыр ұрпақтары еді. Ұлы Отан соғысына қатысқан оның зәузәттары, тіпті көп. Кеңес одағының марапаттарына ие болғандар жетіп-артылады. Олардың ішінде еңбек ардагерлері де бар. Міне, сондықтан осыдан біраз жыл бұрын Әлмерекке Алматы облысындағы бір ауданның атын беріп, оған ескерткіш орнату жөнінде бастама көтерілді. Олай болса осындағы тау бөктерлері Әлмеректің жаз жайлауы болған Еңбекшіқазақ ауданының атын Әлмерек деп өзгертсе құба-құп болар еді.

Әлмерек тарихи тұлға, жоңғар шапқыншылығына қарсы қол бастаған батыр, аты ел ұранына айналған қасиетті кісі ретінде ұлттық энциклопедияға кірген. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында белгілі тұлға, әулие абыз би кемеңгерге аудан аты беріліп, оған ескерткіш орнатылып жазса бұл бір айтары жоқ игілікті іс болып, есте қалар еді.

Ораз ҚАУҒАБАЙ, жазушы, әлмеректанушы,  Д.Қонаев атындағы Заң академиясының профессоры.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x