Қ. Жүкешеев. Қазақ театр өнерінің аяқалысы (жалғасы)

Dalanews 14 шіл. 2016 06:23 192

Белгілі философ Қанағат Жүкешеев “Жұлдыз” журналына қазақ тілінің мәдени кеңістіктегі орнын және қазақы дүниетанымның шығармашылық әлеуетін сараптаған “Қазақ тілінде қандай мәдениет жасалды?” деген терең талдауы жарияланыпты. Қазақ әдебиеті, бейнелеу өнері, скульптура саласындағы шығармашылық үлгілердің жалпы бағыты мен бағдарына шолу жасап, ондағы кемшіліктерді ашалап көрсете отырып, ол кемшіліктер неден шығады, мәдениет дамымаған ұлтта қандай жадағай бейнелер мен іс-әрекеттер көрініс береді, мәдениет пен билік жүйесінің арақатынасы қалай болу керек деген сұрақтарға да толымды жауап берген. Әрқашан бөлекше ойлап, өзгеше сараптайтын ойшыл ғалымның бұл кеңқұлашты мақаласы оқырмандарды бейжай қалдырмас деген ниетпен жариялап отырмыз.

 

ҚАЗАҚ ТЕАТР ӨНЕРІНІҢ АЯҚАЛЫСЫ

Қазақ драматургтерi кезiнде «алыптар тобы» аталған, классикалық әдебиеттiң негiзiн салған қайраткерлер үлгiлерiн жасап берген фольклорлық шығармаларды инсценировкалау тәжiрибесiн одан ары спецификалық драма тудыруға ұластыра алмады, драма үлгiлерiн жасаудан өткен ғасырлардағы Шекспир мен Мольердiң деңгейiне жете алмады. Олар дәстүр бойынша, сол бұрынғыша,  салыстырмалы тәуiр романдар мен повестердi – Ә. Нұрпейiсовтың «Қан мен тер» романы, Ш. Айтматовтың «Құс жолы», «Жәмила» повестері, тағы сол қатардағы шығармаларды инсценировкалаудан ары дамыта алмады. Пьесаларында iшiнара эксперимент деңгейiндегi драматургияға ұқсас қақтығыстар ұшырасқанымен, олар нағыз драматургияның спецификалық ерекшелiктерi мен тәсiлдерiн меңгермедi. Кәсіпқой театрлардың өздерінде әрекетінен сөзі көп, айбындылығынан мұңы көп бас кейіпкерлері бар, жылауық сентиментализм сарынындағы спектакльдер басым түсіп жатты. Ұлттық театрдың жеткен шыңы осы ғана болды. Репертуар тапшылығынан академиялық атқа ие болған театрлардың өздері аудандық өнерпаздар ұжымдары деңгейінде қалып қойды.

Шынайылығында, қазақ театрлары режиссерлерінің қоржынына түсіп жатқан пьесалар аз емес. Олардың арасынан сирек болса да, Т.Ахтановтың «Ант»,
Қ. Ысқақовтың «Қазақтар» сияқты бірсыдырғы, тәуір тарихи драмалар ұшырасатын. Д.Исабековтың замандастар бейнелерін жасаған кейбір пьесалары шет елдерде қойылды. Қазақ театрлары болымсыз жетістігін солармен астастырады. Бірақ бұлар сияқты салыстырмалы тәуір пьесалар Қазақстан театрларын репертуармен қамтамасыз етуге аздық етті.

Қазақ театрлары Орталық Азияда, өзге Шығыс елдерінің театрлары арасында өткен конкурстарда алдыңғы лектен көрініп жүрді. Бірақ, бұл көңіл жұбатудан басқа пайдасы жоқ «жетістік» болып шықты. Арттағыдан озғанға мақтанар дәнеңе жоқ, әрине. Шығыс елдерінің, солардың ішінде мәдениеттен кенже қалып отырған елдердің жетістігі нысанаға алатын эталон бола алмайды. Еуропа театрларымен иық тіресуге ұмтылу болған жоқ.

Заманауи қазақ театрлары мемлекеттің тағдырына қатысты, ұлттың, тілдің, мәдениеттің  қордаланып қалған мәселелерін қопара, қотара қозғайтын, әлеуметтік-саяси драмалар қоюға бетбұрыс жасай алмады.  Драмаға арқау болуға сұранып тұрған  оқиғалардың  ішінен өзектісін іріктеп ала білмеді. Биліктің маңайындағы үрейлі қарбалас, өзінде еркі жоқ депуттардың желдің ығына қарай жапырақша жығылғыш күйі, сыбайлас жемқорлықпен байланысты шытырман оқиғалар, әлеуметтік өмірдің төменгі қабаттарындағы сиқырлы құбылыстар... бәрі жабулы қазан астында жатыр. Шуағы мен көлеңкесі қатар жүретін, жылымығы мен ызғары тез алмасатын, кереғар замандағы замандас бейнесі, оның психологиялық толағанысы мен күйзелісі, үміті мен күдігі бұқараның алдына тартылған жоқ, жан дүниесін қозғап, оны ой кешуге итермелеген жоқ. Жайлау мен қыстау арасын шиырлай беруден қолдары тимейтін қазақ авторларының бұл тақырыптарды игеруге қауқары жетпейді.

Шекспирдің заманында өмір сүрген қазақ драматургін ондай бола алмадың деп кіналағанда, ол «мен Шекспир емеспін, ағылшынның жоғары қауымының арасында жүрген жоқпын, жайлаудан келдім» деп ақталар еді. Ал ХХІ ғасырдағы қазақ қаламгерін шекспирше жаза алмадың деп сөгуге әбден болады. Өйткені, ол «титанның иығында тұр» (О. Сүлейменовтың сөзімен).  Бүгінгі қазақ қаламгерінің Еуропа өнері шыққан биікке көктен  қарау мүмкіндігі бар.

 

* * *

2013 жылдың жазында Астанада жаңа опера және балет театрының ғимараты пайдалануға берілді. Мәдениет министрі сипаттағандай, дүниежүзілік стандарттарға сай, бірегей мәдениет объектісінің сыртқы сәулеті бойынша классикалық, ішкі безендірілуі ультразаманауи екені де рас. Соңғы жылдары Еуропа астаналарында салынған тектес өнер ордаларынан асып түскен «Астана-опера» М.Төлебаевтің бірегей туындысы «Біржан-Сарамен» ашылды.

Бәрі келісті. Сырттай қарағанда, жетістік емес деп айтуға ешкімнің аузы бара қоймайды. Бірақ,..

Бірақ, осы ультразаманауи сарайдың ішіне кіргенде жетесі бар адамның желкесінен ауыр зіл басады, оның көңілі құлазып сала береді. Неге?

Бұл сұрақтың жауабы да сұрақпен беріледі: Енді осы ғажап ғимараттың сахнасына шығаратын қазақ опералары мен балеттері қайда?

Алматыдағы  Абай атындағы опера және балет театрының (кезiнде бұл да жойылып кете жаздады) репертуары негізінен шетелдік авторлардың шығармаларынан  тұрады. Ішінара өткен ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген қазақ авторларының шығармалары қайталап қойылып жатады. Өйтпеске шара жоқ. Репертуар тапшылығы алдан көлденеңдей береді. Театр тәуелсiздiктен кейiнгi кезеңде қазақ тілінде сонау Кеңес кезiнде жазылған, қазiргi көрермендi тартпайтын, Ә.Кекiлбаев пен Е.Рахмадиевтiң «Абылай ханынан» басқа татымды ештеңе ұсына алмады. Қазақтiлдi авторлар опера мен балет жазатындай, көрермендері оны көріп бағалайтындай деңгейге дейін өспедi.

ӘДЕБИЕТТЕГІ ҮРДІСТЕРДІҢ МУЗЫКАДАН БАЯН ТАБУЫ

Музыка өнерiмен айналысушылар да өздерiнiң әлеуметтiк жайғасуына сәйкес, өркениеттен жырақ қалған ауыл адамдарына арналған тұрмыстық жайларды сипаттаумен келедi. Қазақ әуеншiлерiнiң әндерiндегi таптаурындар жосықсыздығы мен жалпылығы жағынан айтылар ой немесе алға тартылар идея түрiнде ғана емес, көркемдiк әдiс ретiнде де мызғымастығын көрсеттi. Интеллектуалдық қораштығынан, шығармашылық ауқымының тарлығынан қазақ ақындары мен сазгерлері орындаушыларды заманауи репертуармен қамтамасыз ете алмады.

Қазақ    жазушылары мен   сазгерлерінің  арасынан  шыққан,  ауылдық  табиғилығымен  көрінетін, индустриялы қоғам өміріне бейімделмеген тұлғалар – өңделмеген  «кесек алтындар» аз болған жоқ. Бірақ олар шығармашылық қызметінде де сол «өңделмегендігін» үнемі көрсетумен болды. Көпшiлiгi табиғи қабілетінің арқасында бірдеңелер шығарып, сонысымен зиялы қатарын толтырып жүр. Жоғары білімнің дипломын үдерістік (процедуралық) әдiспен алған ауыл маргиналы постиндустриялы қоғам адамының талғамына сай мәдениет туындыларын жасаған жоқ, жасай алмайтын едi. Сондықтан, қазiргi қазақтар өткен XX ғасырдың 60-70 жылдарында пайда болған, Ш.Қалдаяқов және оның тұстастарының әндерін айтып жүр. Бұл сол кезде өмiр сүрiп, еңбек еткен авторлардың кемеңгерлiгiнiң емес, мәдениеттi жасауда жылжу болмағанының және бұқараның талғамының да өспегенiнiң айғағы болып табылады. Соңғы 30-35 жыл ішінде қазақ композиторларының ән жанырында ғана емес, классикалық (опера, симфония) жанрларында да ұсынып жүргендерінің арасында татымдылары көп емес.

Қазіргі таңда идеясы ұлттық мүддеге қайшы, тақырыбы таптаурын, мазмұны қораш, зарлы сағыныш пен ауылды аңсауға толы минорлы нотадағы, туыстар және оларға ән арнау формаларында ұшырасатын ән жанрының туындылары бұқараның жұтаң санасын әбден меңдеп алды. Құбылыстың нақты мысалдары мынадай.

 

1-мысал.  Сағыныш тақырыбының таптаурынға айналуы:

«Шаттығың боп шарладым,.. Сағыныш боп самғадым» («Саржалым». Өлеңiн жазған Р.Оңтағаров, әнiн жазған Т.Абылайханов. Бұдан былай осы ретпен.); «Аяулым, сағындырып келсең едi»… («Аралым – аяулым». Ж.Мәкенәлиев, Н. Алғашбаев); «Аманбысың, iнкәрiм-ау, Сағынышым, аманбысың?» («Ояндың ба?» Т.Молдағалиев, Қ.Аршабаев); «Сағына ма менiбiреу, сағына ма мендей боп. Сағына ма менi бiр жан...» («Сағына ма менi бiреу?» Т.Молдағалиев, Қ.Аршабаев); «Әкеңнiң осы сағыныш күйiн шерте бар» («Барып қайт балам ауылға». А.Қадырбаева, Т.Бақтыгереев); «Қара көзiм, сағынасың ба, көк жапырақ көктемдердi» («Қара көзiм». Т.Молдағалиев, Д.Гусинцов); «Көзiңнiң отын сағындым, жаным… Сайраған кезiн сағындым, еркем… Серпiлтер өзiң, сағындым сенi» («Жан ерке». С.Оспанов, Қ.Дерiпсалдин); «Ана деген жүрегiм, сағыныштан балқысын… Сағынатын кездерiм… Сағындырды-ау сөздерiң…» («Бала сағынышы». М. Ембергенов); «Сен менiң мәңгi-бақи сағынышым». («Ақ гүлiм». М.Ембергенов); «Сағынып кетпей ойдан туған жерiм»,.. («Туған жер сағынышы». Қ.Қазыбеков, С.Қайырғалиев); «Саған деген сағынышым бiтпедi. («Үмiтiм менiң». Қ.Қазыбеков, С.Қайырғалиев); «Көңiлiм көбелек боп тағы да ұшты, қомдап ап сағыныштың қос қанатын». («қара көз». Ә.Сәрсенбаев, А.Қасымов); «Сағыныш бойды шарпыды». («Iңкәр». Қ.Жұмағалиев, Ж.Меймандосов); «Қараймын жолыңа, сенi сүйген жүректi сағындырма… Самалым-ау, сен ендi сағындырма… Бақытым-ау, сен ендi сағындырма». («Сағындырма». Ө.Оралбаев, Ж.Назаров); «Сендердi ойлап, сағынып жүрмiн бүгiн»,.. («Әдемi едiк». Г.Сейтақов, М.Нысанов); «Шет жүрсем – сағынарым»,.. («Анашым». Қ.Жұмағалиев, М.Омаров); «Түсiнер кiм бар өзiңдей сағыныш толы жанымды» («Әке арманы». Қ.Қазыбеков, М.Омаров); «Сағындым ғой, дедiң-ау, жаным, маған,.. Сағынышқа төсегiн бесiк еткен»… («Сағыныш бесiгi». М.Мақатаев, Қ.Палымбетова); «Саған арнап сағынышын жолдайды» («Сезiм нұры». Қ.Палымбетова); «Сағыныштан сарғайып түс пен өңдей» («Қайдасың сен, аруым?» С.Оспанов, Т.Тайбеков); «Сағындым сенi, арайлым»,.. («Аңсарым сен». Ө.Есекбаев, С.Тұрғымбаев); «Сағынған сазды үнiмнiң оңаша мәнiн». («Жеткiзсем деймiн өзiңе». С.Оспанов, С.Тұрғымбаев); «Әуендей ғасырдың, сағынышты асырдың». («Асылым». А.Түгелбаев); «Армандай аңсап келген аяулы елiм, сәлемiм, сағынышым саған менiң». («Елiм саған». А.Түгелбаев); «Сағыныш боп қалам деп, өзiң бе едiң кезiккен». («Аңсағаным». Т.Yшқоңыров); «Кездерiм жоқ сенi аңсап сағынбаған». («Жүрек сыры». М.Көбеева, Т.Iзтаев); «Түсiмде сенi көрiп сағынатын». («Оқжетпес». К.Салықов, К.Iлиясов); «Сағынған осы қазiр сәттерiмде». («Сағыныш». Е.Ибраим, К.Iлиясов); «Сеземiн сүйген жүрекке, сағыну соқпас оңайға». («Менi ойла». Т.Айбергенов, М.Iлиясов); «Осы әнмен балаңыз, сағынышын жолдайды». («Бала сағынышы» М.Ембергенов) [Жастық шақ әуендерi: Әндер. – Алматы: «Өнер», 1993.].

 

2-мысал: Ән арнау таптаурынына құрылған шығармалар:

«Аралым, саған арнап ән саламын». («Аралым – аяулым». Ж.Мәкенәлиев, Н.Алғашбаев); «Бiр балаң саған әнмен сый арнады». («Әсем қала – Алматым». Ә.Нiлiбаев, Х.Дәуiтбаев); «Өзiңе арнап жазған әнiм үшiн». («Ақ гүлiм». М.Ембергенов); «Өзiңсiң – менiң аңсарым, әнiм. Арнаймын саған әнiмдi, жаным». («Өзiңсiң сүйгенiм». Қ.Жағыпарова); «Жас дәуренде арнадым сүйiктi өлең». («Шiркiн-ай, дәурен-ай». Ж.Кәрiмова); «Арнаймын мен әрқашанда ән саған»... «Сенсiң – менiң арманым, әндi өзiңе арнадым». («Жан сырым». Қ.Хасанов, М.Нысанов) [сонда].

Осылардың бәрi бiр ғана әндер жинағынан алынған. Жинаққа енген әндердің жоғарыда аталғандарынан басқасының дерліктей бәрі ауылға шақыру идеясын көтереді. Бұл идеяның қазақтың санасындағы үстемдiгi сондай, тек ауыл тақырыбына жазылған әндердiң арнайы жинақтары бар.

Тұрмыс тақырыбы қазақ әдебиетінің барлық жанрларын меңдеп алғаны бұрыннан белгілі. Ал ән жанрында бұл тақырып көзге ұрарлықтай, айшықты көрініс береді.

Тұрмыс объектiлерiнiң iшiндегi қазақ авторларының көзiне көбiрек түсетiнi – тұрмыс аясында жүздесетiн адамдар болып табылады. Олар – ата, әже, әке, ана, аға, жеңге, нағашы, жиен, бауыр, келiн, бала, немере, балдыз тағы басқалар. Бұлар қазақ тiлiнде көркем өнер туындыларын жасаумен айналысатындардың шығармаларының негiзгi объектiлерiнiң бiрiне айналып алды. Соңғы кездерi олар «тақырыптық кеңiстiктерiн» құда, құдағи, құдаша, құда бала «бейнелерiн» жасаумен кеңейтуде және туыстарын қосарлап әнге қосатын, мысалы, «атам мен әжем», «әкем мен шешем», «ағам мен жеңгем» деп келетiн «формалық түрлендiрумен» толықтыруда. Қойыртпақ туыстық байланысы бар адамдарды ғана емес, сонымен қоса, тұрмыстық заттарды (мыс, дастархан, тамақтар: қаймақ, шай, май, қымыз,..), тұрмыстық оқиғаларды (той, құдалық, шiлдехана, аруақтардың құрметіне ас беру), туыстардың мерейлi күндерiн де (туған күн, баланы сүндетке отырғызу, солдатқа шығарып салу, мерейтой) қамтуда. Субкультураны жасаушылардың дені өздерінің интеллекті мен дарынын тек осы объектiлердi ғана «көркемдiкпен игеруге» бағыштап келеді.

Кеңес кезінен бастау алған, туыстықты дәріптеген шығармалардың, солардың ішінде әндердің идеяларының маңыз аларлық деңгейде бұқаралық санада шағылуы қарусыз көзбен көрінетіндей құбылысқа айналған. Непотизмдер (лингвистикада туыстық қатынастарды білдіретін сөздер мағынасында: әке, ана, бауыр, балдыз,..) ауыл қазағының сөздік қорының маңыз аларлық бөлігін құрайды және сана қалтарыстарында менталдық деңгейде көрініс береді. Оның салдарын мемлекеттің басқару   сатысының  түрлі  баспалдақтарындағы  лауазымды  адамдардың   айналасына туыстарын жинап алып, сыбайлас жемқорлықты өршітіп отырғандарынан көруге болады. Бұған қоса, адамдардың қазір қаражатын, қайдан және қалай тапқанына қарамастан, тек тұрмыстық шараларға ғана жұмсайтыны, өндіріске инвестиция салу туралы ой ешкімнің қаперіне кірмейтіні және бар. Өндірістік сана деген ұғым еш қазақтың қаперіне кірмейді, оның орнын толығымен той-сана (хатым-сана, мүшел-сана,..) жайлап алған.

 

* * *

Субкультура туындыларын жасаушылардың алып отырған объектiсiн көркем сипаттау әдісіндегі таптаурындар мыналар:

а) құрғақ жария немесе таптаурын эмоция: «сүйемiн», «аңсаймын», «сенен артық ел жоқ, жер жоқ», «жерi кең», «көлдерi мөлдiр», «таулары биiк», «аспаны ашық»;

ә) троптар мен мезі қылатын тіркестер: «айым», «күнім», «жұлдызым», «жарығым», «биiгiм», «асқарым», «байтерегiм»; немесе «анауың боп», «мынауың боп» немесе «анауымсың», «мынауымсың»;

б) келбет бейнелеу: «қара көз», «қолаң шаш», «қиғаш қас», «пiсте мұрын», «аққу мойын», «аршын төс»,..;

в) бата беру: «сөйте берсiн», «бүйте берсiн».

Еуропалық  постмодерннің  көрнекті өкілдерінің бірі Р.Барт «ақынның тек әлсізі ғана бейнені суреттеумен айналысады немесе одан басқа ештеңемен айналыспайды... поэтикалық тіл ұғымын қабылдауы бұлыңғыр... олар бәріне қайткен күнде метафоралық белгілерді таңып тастауды діттейді, демек, нені болса да, поэтизациялау үшін оны өз атымен атамаса болғаны» деген екен [Барт Р. Семиотика: Поэтика:– М.: Прогресс, 1989. 53-б.]. Оның растығы қазақ тілінде өлең жазудың технологиясынан айшықты көрінеді. Қазақ ақынының өлең жазуы шабыттың шаңбозына мінуден, көзілдірікті киюден, сонан кейін айналада не көрінсе, соны тізуден тұрады. Мысалы, шабыты күндіз келген ақын, «сен менің күнімсің, жарық берген нұрымсың,..» деп көкке өрлейді. Шабыты түнде келген ақын, тиісінше, аспандағы ай мен жұлдызды көреді де, «айымсың, жұлдызымсың,..» деп ағылады. Орманда жүрген ақын «қайыңсың», «терексің», «керексің» деген ұйқастардың айналасында ойқастайды.

Ақындардың ән өлеңдерін жазуда көркемдiк стильдi жетiлдiруден жеткен жерi осы. Жамбыл аталарының сүрлеуімен олар теңеу іздеудің соңынан түсуді ғана әдістемеге айналдырып алған, білетіндері тек «бәріне метафоралық белгілерді таңып тастау», «нені болса да, өз атымен атамау». Олар оқырман көңілін аударарға тұрарлық өмірдің бір үзігін, айналада болып жатқан бір құбылысты, адамдар арасындағы қатынастың бір қырын, көңілге түйткіл тудыратын немесе үміттендіретін бір нәрсені, адамдардың ындынын, құлшынысын, достығы мен махаббатын, сатқындығы мен алдампаздығын, алысқа кетіп жатқандар мен ауылда қалып қойғандарды, біреулердің әділетсіз өрлеп, енді біреулердің жазықсыз айдалып бара жатқанын, өзгелерге ұқсастырмай, бұрын айтылып кеткенді қайталамай, жаңа қырынан, жаңа тіркестермен, тың көркемдік шешіммен сипаттап бере алмайды. Сол баяғыша, «күн шалмаған арымсың, ...барымсың, ...жанымсың, ...жарымсың; домбырамның үні сен, ...гүлі сен, ...жыры сен, ...нұры сен» деген пішінге келтірілген идеяларды, шақыруды, кейбір «оралымды» сөздерді аккумуляциялауды, шексіз қайталауды, тек кімнің (ненің) кімге (неге) ұқсайтынының ұзын-сонар тізімін жасауды ғана біледі. Осылай субкультураның майталманы өзiнiң айналдырған үш мыңдық лингвемасымен, үш идеяның (сағыну, ауылға шақыру, ән арнау) айналасында, үш стильдiк тәсiлдiң бiрiн қолданып, өзiнiң «көркем дүниелерiн» бұрқыратып шығаруда.

Сағыныш – түрлі себептермен көптен көріспеген туыс немесе іңкәр адамдардың жүздесуге ынтыққанын білдіретін психологиялық күй. Әрине, жағымды эмоциялық құбылыс ретінде, оның да көрініс беруге құқығы бар. Ал қазақтардың сағынышында көзінің жасы мен көңілінің кірбіңі, қолға байлау, аяққа тұсау болып тұрғанды жеңе алмай, іс түйінін шеше алмай,  «сағындым» деп бейшаралықтан күңіренуі жатыр. Конъюнктура шынайылығын сезе білмейтін адамның өзінің құзіретсіздігін жариялауы, әлсіздігін әшкерелеуі жатыр. Өз өмірін дұрыс құра білетін, еркін адам ешкімді сағынбайды (сағынып бара жатса – барады немесе сағынған адамын қасына алып келеді). Бейшаралық пен зар еркін адамға ілтифат емес, жайсыздық тудырады. Ал көркемөнерде сағыныштың минорлы сарында үнемі көрініс беруі, көп қайталанып сипатталуы еркін адамды одан мүлдем алыстатады. Түптеп келгенде, сағыныш тақырыбы – көркем шығармаға өзек бола алатын проблема емес. Өйткені, құлдың зарын тыңдау өте жиіркенішті, оқырманды (тыңдаушыны) психологиялық жәйсыз күйге түсіреді. Еркін халық мұң мен зардан аулақ болуы керек.

Орыс және өзге тілдерде жарық көріп жатқан көркем өнер туындыларының саны қанша болса, оларда сонша тақырып көтеріледі, сонша идея алға тартылады, сонша ой айтылады, әр қайсысының мазмұнына сай келетін  көркемдік шешімдер қабылданады. Ал қазақтардың сүйікті тақырыбы – ауыл, сағыныш, туыстар; идеясы – ауылға қашу, ән арнау; көркемдік шешімі – теңеулерді тізу.

Осындай рухани азықпен, О.Сүлейменов айтқандай, «ауылдан келiп, мұғалiмдiк жоғары оқу орнына түскен» [«Бiздiң мұратымыз тағы да сол – тауларды аласартпай, даланы асқақтату» // Егемен Қазақстан. 26.02.1994] ауылшыл қаламгерлер дарыннан   құралақан  болмаса да, ойлау стильдерiнiң орашолақтығынан, түсiнiктерiнiң бiржақтылығынан көркем әдеби туынды жасаудың заманауи тәсілдерін  меңгеретiн деңгейге дейiн өсiп үлгiрмедi, ауыл бақташысының талғамына тұрарлықтан аса алмады. Сондықтан қазiргi қазақ мәдениетi орыс тілінде жасалып жатқан мәдениетпен бәсекелесе алатын деңгейге көтерiле алмады. Көтерiлуi мүмкiн де емес, өйткенi, шаруаның интеллектiсiмен, аграрлы қоғам адамының лингвемасымен, шектеулi тақырыпта, терiс идеологиямен бәсекеге қабілетті әдебиет жасалмайды.

ӨНЕРДІҢ ДӘСТҮРЛІ ТҮРЛЕРІ

Бұл жерде өнердің дәстүрлі түрлері туралы сөз олардың қазақ тілінің таралып, қолданылуына қатысы болуынан туындап отыр.

Халық көркем өнерде ғасырлар стихиясымен біте қайнасқан, өз заманы адамдарының көкейіне қонымды, төлтума формаларды дүниеге әкелді. Қазақтарда олар айтыс, терме, жыр пішіндерінде ұшырасатын бірегей фольклорлық жанрлар ретінде алға тартылған. Қаймағы бұзылмаған, табиғи қалпында олардың өзін қазақпын деп санайтын әр зиялының ұмтылар аңсауына айналып, ғасырлар бойы жанға серік болып, тәнге рух беріп келгені рас. Алайда, рухы жағынан өнердің бұл жанрлары даму қарқыны баяу, мал шаруашылығымен айналысатын қоғамда өмір сүріп, уақытпен регламенттелмейтін жұмыстар атқаратын, даламен етене, асықпайтын, жайбасар халықтың психологиясына сай келетін еді. Сонысымен, дәстүрлі өнер аграрлы қоғаммен біте қайнасқан, онымен уақыт шеңберінде бірге өмір сүріп, бірге тарих сахнасынан көрініс берген болатын.

Өткен ғасырдың 70-80 жылдарынан бастап өнердің бір кезде ұмытыла бастаған көне жанрларын «сақтау» және «жаңғырту» бағытындағы шаралар жүргізіле бастады. Сол жылдары бұл бағытты жақтаушылар ауылдардан көптеген «орындаушылар» тауып, телеэфирлік уақытты айтыспен, жырмен, термемен толтырды. Баспасөз «ұлттық өнердің қайта жанданғанын» күн құрғатпай сарнап жатты.

Сырттай қарағанда бәрі дұрыс сияқты болып көрінді. «Ұлттық өнерімізді жаңғыртайық, дамытайық» деген ниеттің ізгіліктілігіне шүбә келтіруге болмайтын еді. Көпшілік оған кәміл сенді. Бірақ бұл сыртқы көрініс қана еді. Ал құбылыстың ішіне үңіліп көрген адам шешуі қиын түйіндерге ұшырасар еді.

Ақыры конститутивтік-семантикалық қайшылықтарынан арыла алмаған дәстүрлі жанрлар жаңа дәуірмен біте қайнасып кете алмады, заманауи жастардың сүйікті өнеріне айнала алмады. Өйтуі мүмкін емес те еді. Өйткені, дәстүрлі өнерде мазмұндық-формалық жетілу болмады (олай болғанда олар өнердің дәстүрлі түрлері деген қасиетінен айырылып қалар еді). Олардың мәтінді беру стилі де қазіргі заманның рационал адамы қабылдай алмайтын нюанстарға толы болды. Қарсыластардың біріне бірінің өрепкіген ұмтылысы, түйтіксіз еліруі мен лепіруі психологиялық-этикалық тұрғыдан заманауи мәдениетті тұтынатын тұлғаның талғамымен үйлеспеді.

Дәстүрлі өнерді жақтаушылар алға шығарып отырған қазақ абсурды алдымен контенттен көрініс берді. Көпшілікке ұсынылып жүрген жанрлар мүлдем пішінін өзгерткен, контентінің мазмұны таяз, көркемдік қауқары шамалы болды. Үнемі қайталанатын, мағынасыз, сылдыраған, шұбыртпа ұйқастардан тұратын семантикалық жүдеулік тыңдаушыны мезі қылды.

Айтыскерлер өздерінің таптаурын сарынына түсіп:

Алыстан ат терлетіп келіп тұрмын,

Астанаға сәлемімді беріп тұрмын, – деген секілді рационал тыңдаушының құлағын тесетін екіленуіне баса береді. Шаруашылықтағы кемшіліктерді сынаған болды, әрненің басын бір шалып, әлі жеткенінше тілін безеп бақты. Осылай өнердің бұл түрлері өзінің XXғасырға дейінгі формаларының каррикатурасына айналды.

Дәстүрлі өнерді орындаушылар кәсіпқой емес, ауыл клубына қатысушылар арасынан шыққандар болды. ЖОО-лар бұл сала үшін мамандар дайындамайды. Әр ауылдан ұстап әкелінген олар өздерінің сыртқы ұсқыны мен жүзіне, гримасасына бақылау жасай алмайтын, беттері жуылмаған адамдар болды. Қарадүрсін құрастырушылардың отырысы мен тұрысында, қозғалысында да көрерменді, әсіресе, жастарды өзінен үркітетін, олардың жеріну сезімін көрсететін мысқыл күлкісін тудыратын элементтер көп болды.

Ш.Айтматовтың «Қызыл алма» шығармасының желісімен түсірілген фильмде бас қаһарман  Исабековтің кішкентай қызы Анар, авторлық ремарка бойынша, Робертино Лореттидің Ave Maria-сын сүйіп тыңдайды. Фильмдегі бір эпизодта ол телевизордан жыр айтып отырған манасшыны көріп, «мен мына кісіден қорқамын» деп, әкесіне жылап келеді. Бұл көрініс «заманауи ұрпақ өкіліне өзінің ата-бабаларының өнері неге жат?» деген сұрақтың жауабын іздеуге жетелейді. Сырттай қарағанда нағыз нонсенс сияқты көрінетін бұл құбылыстың түсіндіруі жоқ емес.

Өркениеттердің омырылуы салдарынан халықтар мен мәдениеттер тарих сатысының түрлі баспалдақтарына бөлініп түсті. Мұндайда төменгі баспалдақта қалған орындаушы – «өткеннің адамдары» [Тоффлер Э. Шок будущего.– М.: ООО «Издательство АСТ», 2004. 50-б.] мен омырылу сызығының жоғарғы баспалдағына шығып кеткен тыңдаушы – «қазіргі күннің адамдары» [сонда] арасындағы қайшылықтан ада болу мүмкін емес. Дамудың аграрлы баспалдағында қалып қойған қазақ термешілері мен жыршылары да сыртқы ұсқынымен осындай, бала шошытатындай болды. Оларды қолына домбыра ұстатып, сахнаға жібергенде көрерменмен арада аттракция жасалмады, керісінше, арнайы сампылдауымен жастар мен ұлттық өнер арасында тұңғиық орнатты. Мұның арты жастардың ұлттық мәдениетке деген ілтифатына нұқсан келтірді. Алдымен, дәстүрлі өнердің өзінің беделі түсті.

Осылай, айтыс, терме жыр қазіргі заман адамын өзіне тартатын, жастардың ұлттық сезімін жанитын құралға айналмады. Көркем мәдениеттің бір құрауышы ретінде қазақ жастарын қазақшаның айналасына топтастыруға септігін тигізбеді. Олардың қазақ өнеріне ілтифатты сезімін оята алмады. Оятқаны былай тұрсын, оларды өзінен, сонысымен өзі ассоциациялайтын қазақ өнерінен, қазақша атаулыдан жерітуші факторға айналды. Өйткені, жастарға формасы қораш, мазмұны ескірген, күні өтіп кеткен тамтықты түрінен ат үркетін орындаушының қолымен тықпалай беруге болмайтын еді.

Осыны сезгендіктен, дәстүрлі өнерді қызылкеңірдек болып жақтап, өршелене нәсихаттап жүргендердің өздері екіжақты тұрғы ұстанды. Бір жағынан, олар көпшілік алдына шығып алып, дәстүрлі өнерді жақтап, ұлттық патриоттығын «дәлелдеді»: «көрдіңдер ме. Мен ұлтымды қалай сүйемін. Оның дәстүрлі өнерін сақтау үшін барымды салып жүрмін». Бұл жерде нәсихаттаушылар бұқараның дәстүрлі өнерді жарататын, оны шынайы қалайтын бөлігінің сезімдерін қамшылай отырып, өздерін ұлт патриоты ретінде жағымды көрсету ындынының соңынан еріп отырды. Түптеп келгенде, олар дәстүрлі өнермен айналысуды жұмыссыздық жағдайында материалдық түсім көзі ретінде пайдаланып қалуды қағыс жібермеді. Екінші жағынан олар жасап жүрген тірлігінің мағынасыз тырбаң екенін, онысы өзі өлгенде бірге өлетінін де мойындаған күйкі тіршілігін жалғастырып жатты. Дәстүрлі өнердің маңына жоламай жүрген жастарды көре тұра, өз балалары мен немерелеріне тұтындыра да, орындаттыра да алмайтынын біле тұра, екіжүзділікпен халық алдында оны «нәсихаттаудан» жалықпады. Өздерін ұлттық мүдделер үшін тер төгіп жүрген қайраткер ретінде көрсетіп, абыройға бөленгісі келгендіктен солай істеуін жалғастыра берді. Ал үйінде өз балаларымен, немерелерімен тұрмыстық аяда орысша сөйлесті, оларға ағылшынша үйреніп алып, шетелге тұрақты тұруға кетуге кеңес берді.

Осылай қазақ жастары өнердің дәстүрлі түрлерін терең түсінетін, олардан ләззат алатын, сезімге бөленетін, шабыт табатын күйге жете алмады. Құдіретімен заманауи адамды өзіне тарта алмаған, оның рухани әлемін баурап алмаған, индивидтің жан дүниесінің нәзік қылдарын дірілдете алмаған дәстүрлі өнердің ұлттың рухани аспанындағы орны айқындалмады. Ауыл өз өнерпаздарының қолында болған өнердің бұл түрлері отаншылдыққа баулитын, тәрбиелеуші функциясын атқара алмады. Атқаруы мүмкін де емес еді. Өйткені, өркениетке төтеден қосылған уағызшылдардың оған интеллектуалдық-эстетикалық қауқары жетпеді.

Қазір дәстүрлі өнер тағы да дилемманың алдында тұр. Бірінші жол – термені, жырды, айтысты «сақтап қалу» жолы. Бұл бағыттағылар – өнердің дәстүрлі түрлерінің жақтаушылары, орындаушылары мен тыңдаушылары. Олар «ауыл аман болса – дәстүрлі өнер өлмейді, бұдан кейін де бола береді» деп есептейді. Бірақ мына факторларды ескере алмай отыр: дәстүрлі өнерді «сақтауда» мағына жоқ. Сақтау үшін дамыту керек. Нені болса да, үнемі жетілдірмей, сол қалпында сақтау деген болмайды. Дамытқанда, заманауи қала жастарының, соның ішінде қазақ еместердің де, жүрегіне жол табатындай дамыту керек. Бұл шарттылықтың қазақ тіліне қатысты алғандағы мәні мынада: дәстүрлі өнер бұқараның алдында сол өнердің өзі арқылы ассоциацияланатын қазақ тілінің индустриялы қоғамдағы қызметімен біте қайнасып жатсын. Олай болса, өнердің бұл формаларын дамыту ауыл өз өнерпаздарының күшімен емес, заманауи университеттерден арнайы білім алып шыққан, кәсіпқой мамандардың күшімен жүзеге асырылуы керек. Ғылыми-бағдарламалық жолға түсірілмеген өз өнерпаздықтың, әдетте, пайдасынан зияны көп болады.

Дәстүрлі өнердің жақтаушылары мен орындаушыларына айтылар уәж мынау: егер дәстүрлі өнер университеттерде арнайы дайындалған мамандардың күшімен дамытылмаса, онда, өз заманының белбаласы Ақтамбердінің, Бұқардың, Мұрынның, Құлмамбеттің, Жамбылдың етегіне жармасып, соңынан шаң қаба сүйретілуді қою керек. Олардың тұнығы лайланбаған, қол жетпейтін, асқақ өнерін «жалғастырып жатырмын» деген жалғаннан бас тартып, келешек ұрпақтың басын қатырмау керек. Дәстүрлі өнерді дискредитациялауды, оны ұрпақты қазақ тілінен, қазақша атаулыдан үркітуші факторға айналдыруды үзілді-кесілді тоқтату керек.

Егер өз балаларың мен немерелеріңді өнердің осы түрлеріне ынтықтыра алмасаң, өнердің осы түрлерімен ұрпағыңның интеллектуалдық және мәдени деңгейін көтере алмасаң – онда халық өнерінің «саф алтынының» табиғи қалпындағы қадірін кетірме, халықтың есінде сақталған, төл өнеріне деген ілтифатты қатынасын лайлама. Ауылдан келген тымақтылардың кеукеуін бүркеніп, дәстүрлі өнерді нәсихаттаудың  шымылдығының ар жағына тығылып алып, мал табуды доғар. Ұлттық өнердің дәстүрлі түрлерін ұлттық және дәстүрлі болғаны үшін ғана «сақтаудан» ешқандай келелі нәтиже шықпайды.

Осы тұрғыны ұстанушылар да аз болмаса керек. Бұған Ж.Ермановтың қынжылысы дәлел боларлықтай. Ол былай дейді: «Бір көрінбейтін құдіретті қолдар халықтың аңсаулы өнеріне тоқтау сала береді. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған халықаралық айтыс теледидардан берілмеді. Барлық арналарда айтыстан аяқ тарту, бойын аулақ салу бар, үрей бар. Айтысқа қолдаушы таба алмай пұшайман болып отырмыз» («Қаңтарулы тұлпарлар, қайдасыңдар». ҚӘ, 25-31.05. 2012). Айтысты теледидардан көрсетуден бас тартқан қорқақтар – бұлар дәстүрлі өнердің перспективасына сенбейтіндер. Алайда ішіндегісін ашық айта алмайды, айтысты қорғайтындардың аранына ұшырап қалам ба деп қорқады. Сол себептен үндемей қарсыласу тұрғысын таңдап алған.

(жалғасы, басы бұрын жарияланған)

https://dalanews.kz/17206

https://dalanews.kz/17273

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x