Түркі халықтарының рухани көпірі (видео)

Dalanews 29 мам. 2016 00:09 268

 

(І БАКУ ТҮРКІТАНУ ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ӨТКЕНІНЕ 90 ЖЫЛ БОЛДЫ)

 Ең алғашқы Бакуде өткен Түркітану Құрылтайына Қазақстан делегациясын Байтұрсын Ахмет Байтұрсынұлы бастап келді (казах, пред. Ак. Центра, Орг. Комиссия, Кызыл-Орда), оның ішінде Әзиз Бай-Сейдули (казах, чл. Ак. Центра, Казакистан (союз Рабпр.), Кызыл-Орда), Ильдес Омаров (казах, сотр. Ак. Центра, Казакистан (НКП), Кызыл-Орда), Нәзір Төреқұлов (казах, журналист, Орг. Комиссия, Москва), И.Омаров (қазақ), Біләл Сүлеев (казах, учитель, Казакистан (НКП),  Кызыл-Орда) сияқты танымал  адамдар  болды.

[caption id="attachment_16204" align="alignright" width="272"]12795532_757929367673831_9134181898911626150_n (1) Алмаз ҮЛВИ[/caption]

Алмаз ҮЛВИ (Биннатова), профессор доктор,

Әзірбайжан Ұлттық Ғылым Академиясы

Низами атындағы Әдебиет институты,

Түркі халықтары әдебиеті бөлімінің қызметкері, ақын, әдебиеттанушы

Байтұрсын Ахмед Байтурсунович (Ахмет Байтұрсынұлы) жолдас, 1926 жылы 2 наурыздағы  Бірінші Түркітану Құрылтайы сапарында  «Қазақ терминологиясының принциптері» атты баяндама жасады. Жұмыс барысында «Əліппе және графика жүйесін бір ізге түсіру мәселесі туралы» деп аталатын тезисін де қосты. Сонымен қатар құрылтайдың  тематикалық отырыстарына белсене араласып, өз пікірін айтып, жарыссөздерге қатысып отырды.

I Баку Түркітану Құрылтайынан кейін, 1927 жылы Қырымда, 1928 жылы Самарқандта, 1930 жылы Алматыдағы ғылыми конференция, 1932 жылдан бастап өтіп тұрған Түркі тілдері конгрестері, оның ішінде 1976 жылы Алматыда, 1980 жылы Ташкентте, 1988 жылы Ашхабатта өткен Кеңестік Түркітану Конгрестері, I Баку Түркітану Құрылтайының ізбасары болды, сол бір құрылтайдың мирасқоры болуға талпыныс көрсетті.

*****

1926 жылғы I Баку Түркітану Құрылтайы әдеби-мәдени мазмұнды болса да, ең бірінші кезекте басыбайлы саяси оқиға болып танылады. Құрылтайды ұйымдастырушы тараптардың да өз діттегендері, өзіндік мақсаттары да болғандығы анық. Ал қатысушы тараптар кімдер еді: империялық үрей тарата бастаған Кеңес Социалистік Республикасы және жаңашыл өмір мен тың жол таңдауға талпынған Түркі халықтары, бауырлас елдердің одағы күн тәртібінде еді.

I Баку Құрылтайы Кеңес шинелін киіп, Сталин қылышын қолына алған Орыс Империясы заманына тұспа-тұс келді. Бұл – Түркі халықтарының бастан кешірген тарихтағы ең зұлматты да ауыр, зор жылдары еді. Осы алапаттың соңы одан асқан алапат оқиға – аштық пен репрессияға ұласып, түркі халықтарын есеңгіретіп тастағаны белгілі.  Тарихи құрылтай құжаттары осы оқиға тізбектерін оқып білуімізге, социалистік реализм деп аталатын саяси үдерісті пайымдауымызға септігін тигізеді

Аталмыш құрылтайды империялық пиғылды саясаткерлер өзіне жасалып жатқан қаскөйліктей көрді, пендешілік қызғаныш та қылаң берді, енді құрылып жатқан Кеңестер Одағының түп тамырын Славян тектес халықтар құрайтындығын желеу етіп, орыстық-славяндық гегомонияны негізгі саяси бағыт етіп таңдады. Бұл жолда түркі халықтарының зиялы қауымы қасқайып қарсы тұрды. Түркі зиялы қауымын ақыл-парасатпен жеңе алмайтындығын сезіп, әртүрлі сарындағы мәдениет пен өнерді, тіл мен әдебиетті қамтыған пәтуәсіз реформаларды бастап кетті. Арты жаппай қырғын мен мәңгүрттелуге алып келген саясаттың аты «Сталинизм» еді.

Басқа бір тараптан, Тәуелсіздігіне екі-ақ жыл толған жас Түркия Республикасы түрік халқымен қоса барлық түркі жұртын қамтитын тілге, әліпбиге, мәдениет пен саясатқа байланысты жаңа концепция, жаңа бағыт-бағдар дайындау үстінде еді. Оның ішінде жер-жердегі түркітанушылардың басын қосып үлкен бір жиын, құрылтай өткізбек ойлары бар еді. Алайда ой елегінен өткізе келе І Түркітану Құрылтайын Әзірбайжанның астанасы Баку қаласында өткізу мәмілесі «менмұндалай» бастады. Сонымен ол күн де келіп жетті: 1926 жылдың 26-шы ақпаны мен 6-шы наурыз күні аралығында Түркітанушылардың Бірінші Баку Құрылтайы шақырылатын болды.

Құрылтай делегаттарының жалпы саны 131 болып, олардың 93-і түркі халықтарынан болса, қалған 38-і басқа жұрт өкілдері еді. Барлығы – 17 отырыс/жиналыс болып өтті. Мұнда түркі халықтарының тарихына, тіліне, этногенезіне, этнографиясына байланысты 38 баяндама тыңдалды.

Түркі тілінің 7 келелі мәселесі ретінде мына тақырыптарға назар салды:

1.Əліппе мәселесі;

2. Емле-орфография проблемасы;

3.Teрмин мәселесі;

  1. Әдістемелік-методикалық проблемалар;

  2. Туыстас және көршілес тілдердің салыстырмалы зерттелуі және интерференциялық проблемалары;

  3. Түркі тілдерінің әдеби тіл проблемалары, түркі тілдеріне ортақ бір әдеби таңдау мәселесі;

  4. «Ұлы тіл (Жалпытүркілік) теориясы» мен түркі тілдерінің тарихи (тарихилық) проблемалары.


Құрылтай жұмысына бастан-аяқ қатысып жүргендердің бірі – Бәкір Чобанзаде болды. Құрылтайдың бастан-аяқ барлық құжаттық жұмысы осы кісінің қолынан өтті деп атап өтсек, қателеспеспіз.

Құрылтайда атақты ғалым-түркологтардан бастап, әртүрлі шендегі шенеуніктер де қалыс қалмады: танымал түркітанушы Әли Бей Хүсейінзаде, атақты теорик-ғалым Н.Марр, Кеңес идеологиясының қолшоқпары А.В.Луначарский сияқты танымал кісілер Президиум мүшелері болып сайланды. Құрылтайды Исмаил Бей Гаспыралы мен Василий Васильевич Радловтың (Fridrix Vilhelm) құрметіне атау шешімі қабылданды.

I Баку Түркітану Құрылтайының құрметті қонақтары ретінде атақты шығыстанушы ғалымдар мен түркітанушылар өз сән-салтанатымен орын алып жатты: Ф.Көпрүлүзаде, A.E.Kрымский, Н.Н.Поппен, Л.Лигетин, Н.Aшмарин, сондай-ақ T.Meнзел (неміс), В.Рабедолд (неміс), И.Meссарош (венгр), И.Oмаров (қазақ), X.Oшайев (чешен), Зифельт-Симумиаки (эстон), M.П.Павлович (еврей),   M.П.Петров (чуваш), Ш.Рахимин (өзбек), И.Сабрин (өзбек), Қ.С. Құбайдуллин  және Қ.E.Садин (татар), Xaлид Саид Xocaйев (өзбек), Ə.Жаныбаев (ноғай), Б.С.Сулеев (қазақ), Ш.Maнатов (башқұрт), M.Надим (Қырым татары), Н.Қ.Kaтанов (хакас), Д.Koркмазов (құмық), X.K.Koсыев (қалмақ), З.K.Maлсатов (ингуш), В.Б.Toмашевский (орыс). Аталмыш құрамнан-ақ құрылтайдың қандай жоғары деңгейде өткендігін және қандай алып аумақты қамтығанын пайымдай аламыз.

Бакуде өткен құрылтайдың видеонұсқасы

https://www.youtube.com/watch?v=6iTDyjSdULw

************************

Құрылтайдың соңғы күндерінде өзбек ақыны Әлишер Науаидің творчествосы мен шығармаларына байланысты салтанатты жиын болып, Ә.Науаидің «Вақфииә», «Мүншәат» кітаптарының, Н.Байқараның «Мир Әлишер Науаи» атты мақалалар анталогиясы мен «Диван» атты шығармасының тұсаукесер рәсімі өтті.  

1926 жылы I Баку Түркітану Құрылтайы Ә.Науаидың 500 жылдық мерейтойы датасына сай келіп, құрамы 10 кісіден тұратын мерейтой комиссиясы құрылды. Алғашқы күні, яғни  26 ақпан, 1926 жылы I құрылтай аясында «Əлишер Науаи  – 500» атты салтанатты мерейтойлық кеш ұйымдастырылды. Әлбетте, бұған дейін де Бакуде осы мерейтойға байланысты басқа іс-шаралар ұйымдастырылған еді.

Өз жұмысын 1919 жылдан бастайтын «Коммунист» газетінде танымал жазушылар мен ақындардың мақалалары жариялана бастады. Оның ішінде,  Исмаил Хикмет, Əли Назым, Mирза Mұқсын Ибрагимдер де бар еді. Аталмыш жарияланымдардың қатарында Б.Чобанзаденің де 1926 жылы 4 наурызда жарық көрген «Науаи – тілші-лингвист» атты мақаласы болды. Сондай-ақ, Чобанзаденің Науаиге байланысты «Науаидің тілі және лингвистикалық ғылымы туралы» атты және «Науаи – тілші» атты екі мақаласы қолымызға түсті.

Б.Чобанзаденің «Коммунист» газетінде жарияланған мақалалары оқырмандар тарапынан үлкен ықыласпен қабылданды, «Науаи – тілші» атты мақаласында Науаиді үлкен тілші-лингвист ретінде танытады. «Қала тілі болмаған түркілерде әдеби тілдің болмауы да мүмкін еді» деген уәж айтады. «Науаи шығармаларының тілін қала чиновниктеріне телиміз бе, әлде қара халық, қалың жұрт «қолданды ма», ол жағы бізге беймәлім, дей келе, ғалым Исмаил Хикметтің кейбір көзқарастырана қайшы пікірлер айтады.

Түркі әлемінің ірі тілші және әдебиеттанушы ғалымы Бакир Чобанзаде Науаидің классикалық түркі әдебиеті тарихында елеулі орын алатындығын, аталмыш тақырыптың күнімізде өзекті болып отырғандығын атап өтеді. Бұл ретте Науаидің парсы әдебиеті ықпалымен жазған «Хамзе» атты шығармасын «түркі тілінің дамуына үлкен үлес қосқан еңбегі» деп бағалайды. Мақаласын былай жалғастырады: «Түркі тілінің төрт пірі бар, олардың біріншісі, «Диван-и Лұғати-т Түрк» авторы Махмұд Қашқари, екіншісі, «Ғарибнаме», авторы Шеих Ашық Паша және үшіншісі Науаи болса, төртіншісі де «Мәсирә үл-үлүм», авторы Берғамалы Қабири деп атап өтеді. Осылардың ішінде Әлишер Науаидің орны ерекше. Ол – Орта Азия түркілері арасынан шыққан аса дарынды ғалым, философ және ақын. 11 ғасырда Махмұд Қашқари «қалада фарс тілі, далада түркі тілі қолданылады» деп кетсе, Науаидің шығармаларынан осы айтқан сөздердің шындыққа жақын екендігін аңғара аламыз. Ал оның шығармалары, біздің сөзімізге дәлел дей келе, Махмұд Қашқари дәуірінен кейін, Науаи дәуірі басталады» деп қорытындылайды. Б.Чобанзаде осы сөздерін айтып отырып, түркі тілдерінің тарихи даму хронологиясын жасағандай болады.

II Түркітану Құрылтайы 1927 жылы Қырымда, ал III-сі 1928 жылы Самарқандта өтуі туралы ортақ шешімнің негізгі себептерінің бірі де, әлбетте Науаидің 500 жылдық мерейтойы болатын. Алайда, кейінірек белгілі болатындығындай жоспарланған ІІ-ші де, ІІІ-ші құрылтай да шақырылмай, сыйырқұйымшақтанып барып тұралап қалды (жоғарыдағы эпиграфта көрсеткеніміздей атақты І Құрылтайдан кейінгі басқосулар қатардағы конференция дәрежесіндегі жиындар екендігі шындық). Себебі, құрылтайдың соңынан іле-шала келген әлеуметтік дүрбелең мен саяси қуғын-сүргін түркі елдерінің бетке ұстар ғалымдары мен зиялы қауымын ажал құшағына итермелеп, өлім мен өмір арсындағы арпалыс заманға ұластырды да жіберді. Қайсыбірі жазықсыз оққа ұшса, қайсыбіреулері Сібірге айдауға кете барды.

Қазақ тіліне аударған Ерғали ЕСБОСЫНОВ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x