Н. ҚОЖИН: "Тапсырыспен салынатын картина – өнер емес"

Dalanews 18 сәу. 2016 22:39 404

 

 Алматыны қақ жарып ағып жатқан Есентай өзенінің бойын жағалап, құлдилап жүре берсеңіз, Қабанбай көшесінің бойындағы зәулім үйлерде суретшілердің шеберханасы бар. Суретшінің шеберханасы – құтханасы. Айдай әлемнен, тіршіліктен қашып өзі мен өнері ғана оңаша қалатын суретші әлемі сыйып тұрған құттай құжыра – шеберхана. Бірақ, тіршілік өнерді әркез өкешелеп қуып отырады. Шеберхана табалдырығында, ескі есікке қыстырылып қалған тіршіліктің іште жанды қаритын елесі қалқып тұрады екен...

[caption id="attachment_15045" align="alignright" width="708"]_-_1956_20151223_1966522035 Нұрбазар Қожин. "Адасқан көш"[/caption]

Сол күні Алматының аспаны толассыз қар бүркіп тұрды. Суретшіні іздеп, манағы айтқан жолмен тартып отырдым. Жеттім. Шеберхана төртінші қабатта екен. Дәлізге ұқсас ұзын, ені кеңдеу бөлме. Кіреберіс оң қапталға қаз-қатар қойылған картина. Қабырғалар толы әрқалай ілінген сурет. Осылайша, бояулар әлеміне ене бердік. Әлем иесі, суретші – Нұрбазар Қожин.

Әдетте, салған жерден сөз бастап, сұхбаттаса кету қиынның қиыны. Әуелі жайғастық. Нұрекең шай қойды. Шай үстінде аз-кем айналаны сөз еттік.Бірте-бірте әңгімеде арнасын тауып жүре берді.

[caption id="attachment_15054" align="alignleft" width="307"]1111 Нұрбазар Қожин, суретші[/caption]

– Суретшілер ұлттық тақырыпқа бой ұрғандай. Сіздің де шеберханаңыздан ұлттық бояуы қалың, салт-дәстүрді, көшпелі қазақ өмірін бейнеленген картиналар байқап отырмын.

– Мұның бәрі тапсырыс. Тұрмыс-тіршіліктің қиыншылығына орай бәсеңдегені болмаса, қазір ел ішінде ұлттық бояуы басым картиналарға сұраныс жақсы. Ел өзін іздеп жатыр. Бұл соның көрінісі. Ал, тапсырыспен салынатын картина – өнер емес. Мұндай суреттерді салу – қиямет. Жаныңды жеп, қиналып отырып саласың. Амал жоқ, қу тіршілік не істеткізбейді?!

Тапсырыстың да соңынан қуып кетуге болмайды. Ақшаға арбалсаң, өнерің адыра қалады.

Ал, өзіңді толғандырған, толғатып жүрген дүниеңді жазғанда алабөтен, рахат күй кешесің. Үйіңе ыңылдап ән айтып, өте көңілді қайтасың. Өйткені, жан қалауыңдағы жұмысты бір табан алға жылжыттың. Шығармашылық процесті үзген жоқсың. Тоқтап қалған жоқ. Тапсырыс болса, уақытыңды алады, шығармашылығыңа кедергі жасайды. Ешбір суретші тапсырыспен жасалған дүниесін шығармашылық жұмыс деп есептемейді. Мұндай картиналарды біреу көріп қоймаса екен дейді. Шын өнер ақша үшін емес, адам жан-дүниесінің қалауымен істеледі. Егер суретші тапсырыспен салынған картинасын өзінің жеке шығармасы ретінде таныстырса, ол – қасірет.

[caption id="attachment_15046" align="alignright" width="379"]_-_1956_20151223_1864048284 Н. Қожин. "Атамекен"[/caption]

– Сонда қазіргі суретшілердің жағдайы қалай өзі?

– Суретші ешкім керек болмай қалды. Өлі мен тірі ме, не күйде, бейнелеу өнерінің қазанында не қайнап жатыр – бәрібір. Егер атың шығып, шетелге көрмелерге жиі барсаң, картиналарыңа салық төле дейді. Ал, жайшылықта суретші ешкімге керек емес. Сондықтан, нарық заңымен өз күнімізді өзіміз көріп отырмыз. Жаңағы ұлттық тақырыптағы картиналардың да салынуының себебі сол. Өйткені, ол суреттердің сатылу мүмкіндігі жоғары. Таза шығармашылық ізденістер ол тек суретшінің өзі үшін ғана.

Жалпы адамдар шын өнерден қашық қой, оны түсінбейді. Соның ішінде бизнесмен, әртүрлі бастықтар тіпті де алшақ. Оларға сол, ата-бабаларының, батырлардың бейнесі салынған картина керек. Оны кеңсесіне, үйіне, мейрамханасына іліп қояды, соны мақтаныш көреді. Ал, жеке шығармашылық жұмысыңды – таза өнер туындысын сатып алатын адамдар өте сирек. Соңғы кезде тіпті жоқ болып кетті. Бір кездері коллекционерлер болған. Солар суретшілерді аралап жүріп, жұмыстарын алатын еді. Дағдарыс қысты ма екен, олар да көрінбей кетті.

– Қазақ бейнелеу өнерінде қазақы реализм өзінің белгілі бір деңгейіне жетті ме?

– Жетті ғой. Жеткенде қандай! Бұдан әрі соза берудің мәнісі жоқ. Өмір бойы Абылай ханды, алтыбақанды салып өтпейсің ғой. Оны бәрі салынған, әбден жазылған. Менің ше, енді жаңа ағымдар пайда болады. Мәселен, еуропаны алсақ, ол жақта қазір неше түрлі жаңа ағымдар, бағыттар бар. Олар әлемді, адамзатты толғантқан тақырыптарды салып жатыр.

– Қазақы реализм бағыты берерін беріп болды дедіңіз. Батыстағы жаңа бағыттарды да айтып қалдыңыз. Қазіргі қазақ өмірі, қалалық қазақ суретшілердің тақырыбына кіріп жатыр ма?

– Кіруі керек. Міндетті түрде! Суретші өз заманын, өзі өмір сүрген қоғамның психологиясын, тынысын, бейнесін өз стилінде жазып кетуі тиіс. Болашақта сол картиналар бағаланады. Өкінішке қарай, бұл тақырыпқа салынатын дүниелерге сұраныс жоқ. Керісінше, сол баяғы 19 ғасыр бейнеленген туындылар өтімді.

[caption id="attachment_15048" align="alignright" width="666"]_-_1956_20160108_1791010093 Нұрбазар Қожин. "Көкпар"[/caption]

– Қазіргі заман тақырыбына салынған картиналарға сұраныс жоқ дейсіз. Демек, оның насихатталуы кемшін бе?

– Насихат мәселесі қазіргі сурет өнерінің ең үлкен проблемаларының бірі. Суретшілер мен өнертанушылардың арасында ешқандай байланыс жоқ. Олар суретшілерді кітап шығаратын кезде ғана іздейді. Ал, совет өкіметі тұсында идеология болды. Өнердің барлық түрі сол идеология шеңберінде жұмыс істеді. Әр суретшінің соңында бір өнертанушы жүретін еді. Содан да суретшінің насихаты күшті болды. Қазір суретшілерді қойып, жалпы тұтас елде қандай да бір идеология бар ма өзі?! Керек десеңіз, бейнелеу өнеріндегі процестерді, суретшілердің шығармашылық тыныс-тіршілігін жазатын, насихаттайтын бірде бір баспасөз құралы жоқ.

Бейнелеу өнерін интернетте насихаттауды қолға алған дұрыс. Көрмеге 20-30 адам келеді. Сайттан мыңдаған адамдар көреді.

Насихат мәселесіне келгенде біздің бейнелеу өнері саласында арт-менеджмент мүлдем дамымаған. Бұл да тұсау болып тұрған проблеманың бірі.

Бүгінгі қоғам шын өнерді көңіл көтеретін, ойын-сауық шоулармен шатастырып алды. Мәселен, сықақшыны өнер адамы деп қабылдайтын дәрежеге жетті. Басқа елдерде мұндай үрдіс жоқ. Ресейдің өзінде ондай адамдар өздерін «сахна шеберімін» деп таныстырады. Бізде қалай, телевизорды қосып қалсаң, «өнерде жүргеніме бес жыл болды» деп тұрады әлдекім. Өнерде адам бес-он жыл жүрмейді, өнерге өміріңді арнап, соның өзінде танылмай кете баруың мүмкін. Өнер ол -  адамның жүріп өткен өмір жолы, жан-дүниеңмен толғатып, жарыққа шығарған туындың, өзіңнен кейін де өмір сүретін шығармаң.

[caption id="attachment_15056" align="alignright" width="228"]____56_20150815_1646169358 Н. Қожин. "Айман-Шолпан"[/caption]

Совет өкіметі тараған соң, сол тұстағы идеологияның инерциясы көптеген суретшілерді тоқсаныншы жылдардың ортасына дейін алып келді. Оған дейін де, одан кейінде өнердегі қиындыққа шыдас бермей көптеген суретшілер басқа кәсіппен айналысып кетті. Қиыншылыққа қарамастан шығармашылық жұмысын өлтірмей, бірді бірге әрең жалғап жүріп өнерін сақтап қалғандар да бар.

– Сондай ел сансырап, жұрт шай-тұзын әрең айырған заманда Сізді өнерде алып қалған қандай күш?

Мен еш жерде бір күн де жұмыс істемеген жанмын. Суретшілікті тастап, басқа кәсіпке кетемін деген ой мен де болған емес. Ішкі сеніміме сүйендім. Әр жылға үміт артып, өзіңді жұбатасың. Қанша қиын болса да көндік. Қазір де қоғамның деңгейін, талғамын көресің. Одан түңілмейсің, керісінше, қайрайды, қамшылайды.

– Сол жылдарда да суретшілерге дем беретін, қаражат табуға мүмкін тудыратын көрмелер өтіп тұрған шығар?

«Жігер» деген фестиваль болды. 1995-2000 жылдары аралығында өтіп тұрды. Соған жыл сайын қатысып тұрдым. Ал, қазір суретшінің өз жұмыстарын көрсететін көрме де жоқ. Көрме тек атаулы мереке, тойларға арналып қана ұйымдастырылады. Көрменің өзі науқаншылдыққа айналған. Ол жерде өнердің исі де жоқ.

Суретшілердің ішінде көрме үшін жұмыс істейтіндер де бар. Алайда, кез келген суретшіні бір-екі картинасына қарап, оның суретшілік болмысын анықтай алмайсың. Оны көру үшін ондаған картиналарын көріп барып, суретшінің машығын, стилін, ізденісін, бағытын аңдап, байқауға болады.

Үкімет тарапынан жылына екі рет, көктемде және күзде арнайы суретшілердің таза шығармашалық жұмыстары шығарылатын көрме өткізіп тұрса. Осының өзі бейнелеу өнеріне үлкен серпіліс алып келер еді. Суретшілерге дем беріп, ізденіске жол ашар еді.

– Жеке көрме өткізудің жайы қалай?

– Демеуші тауып, өткізсең ең дұрысы сол – жеке көрме. Суретшілерді, өнертанушыларды шақырасың. Ол тіпті пайда әкелмесе де, стимул береді. Сенің шығармашылық процесіңнен хабардар етеді: қандай кезеңде, нендей ізденістерге барған, қаншалықты өсу бар деген сауалдарға жауап аласың. Мұндай көрмеге бірен-саран болмаса, қарапайым жұрт келмейді. Бұл – жүйесіздіктен. Бар жүйенің өзі құрып кетті. Өнерді ынталандырушы күш жоқ. Ондай күш суретшілердің бойында да аз, халықта екі бастан жоқ. Себебі, сананы тұрмыс билеп кетті.Қоғамның күйі, қазіргі бейнелеу өнерінің жағдай солай болды екен деп тоқтап қалуға болмайды. Жаза беру керек. Шын өнер түптің түбінде жарқырап шығады. Өйткені, заман бір орнында тұрмайды. Біздіңхалықтың өнердің асылын кеш іздейтін мінезі бар ғой.

[caption id="attachment_15049" align="alignright" width="336"]_-_1956_20151223_1775966065 Н. Қожин. "Этюд Ауыл ішінде"[/caption]

– Сонда бейнелеу өнерін өлтірмей ұстап тұрған қандай күш? Жарайды, үміт делік.

– Суретшінің бойындағы қанмен келетін туабітті қасиеті шығар. Және оның энергиясы өте көп. Оны балталап алып тастай алмайсың. Суретші өз өнерімен тұтасып кетеді де, бір бүтін әлемге айналады. Одан ешқашан кете алмайсың. Талай жыл оқып, кейін суретшілікті тастап басқа салаға кеткендердің өзі бұл өнерді жақсы көреді. «Енді жазам, жазайын деп жүрмін» дейді. Бірақ, енді қайтып жаза алмайды ғой. Өйткені, өнерден алыстап кетті. Сен өнерден бір қадам алыстасаң, өнер сенен екі қадам алшақтайды. Таңның атысы, күннің батысы, жатсаң да тұрсаң да өнермен өмір сүрмесең, бәрі бекер болады. Тиіп-қашу – өнер емес. Орыстың Крылов деген суретші «Өнерді жарты күшпен көтере алмайсың, оған бар күшіңді салуың керек» деп айтқан екен. Осы шын сөз. Өнерге бар күшіңді, уақытыңды беріп, өміріңді арнамасаң, ол саған ашылмай кетуі ғажап емес. Өнер күнделікті процестен тұрады. Ал, одан кетіп қалып, қайта келіп жалғаймын деу – жалған.

– Сырт қарағанда, суретші өз әлемі мен тіршіліктің ортасындағы жан. Осы екі ортада жүру қаншалықты қиын, қаншалықты ауыр?

– Тұрмыстық дүние суретшінің шашын ағартады. Мысалы, туған-туыспен, аралас-құралас адамдармен де жөнді әңгімелесе алмайсың, сөзің жараспайды. Олардың айтайтыны: кім қандай көлік алды, кім қайта істейді, кім ақшаны жақсы табады – сол. Ондай да мұңайып қайтасың.

Әйтеуір өнердің қай саласы болмасын, мейлі ақын, мейлі музыкант, мейлі композитор солармен аралассаң, әңгімелесіп, серпіліп қаласың. Әңгімең жарасады. Қайткен де өнерге қатысы бар, хабары бар. Өнерді жақсы көреді.

Әңгімең жарасады дегеннен шығады. Совет заманында өнердің әр саласы мамандарының өзара адами, шығармашылық байланысы күшті болды. Сол орта өнерге дем беріп, ұлы туындылар шықты. Ал, қазір өнер ортасы қандай?

– Ол кезде Н.Тілендиев, А.Әшімов тағы басқа өнер адамдары, актерлер, композиторлар суретшілердің көрмесінен қалмайтын. Ақындар суретшілердің шеберханасына жиі келетін. Рухани жақындық өте жақсы болды.Қазір ондай байланыс жоқ, неге екенін білмеймін, уақыттың ағымы сондай ма, әлде әр адам басымен қайғы болып кетті ме?!

– Оның үстіне бүгінгі өнерде жүргендердің өздерінің өнерге деген шын махаббаттары солғындау болуының да әсері бар шығар.

– Ол да бар. Шын өнерге деген ішкі талпыныс аласарып кеткендей. Өнерге махаббат шынайы емес. Бәрін ақшамен өлшейтін, базардағыдай жағдай белең алды. Бұл да өз кезегінде түрлі өнердің ішкі байланысын бұзды, ортасын қожыратып жіберді. Адамды әлеуметтік деңгейіне, атақ-даңқына қарай бағалау үрдіске айналды.

Өнерге шын берілген суретшілер де болған. Олар аштан өлсе де, өнерді коммерцияға салмаған. Негізінде, өнер адамға емес, адам өнер қызмет етеді.

[caption id="attachment_15050" align="alignright" width="686"]_-_1956_20151223_1192393634 Дала дүбірі[/caption]

– Ал, егер халықтың әлеуметтік жағдай жақсарып, тұрмысы тәуірлесе, өнерге деген көзақарасы өзгереді деп ойлайсыз ба?

– Өзгереді. Нағыз өнерге деген сұраныс пайда болады. Мәселен, еуропа халқының тұрмысы жақсы. Сәйкесінше, олардың өнерді бағалауы, түсінуі ерекше. Лондонға барған сапарымда мынадай жағдайға куә болдым: біз барған көрме залдарының бірінде бастауыш мектеп оқушыларын мұғалімдері ертіп әкеліп, сол жерде түсіндіріп, сабақ өтіп жатты. Балалар президентін, премьер министрін білмесе де, өз елінің суретшілерін жатқа біледі екен. Билік ауыспалы: келеді, кетеді. Ал, өнер мәңгі. Солайша, өз ұлттық құндылықтарын мектеп қабырғасынан балаларының миына құйып өсіреді. Бізде мектеп бітірген баланың өзі бейнелеу өнері дегеннің не екенін білмейді. Міне, білім жүйесінің сиқы.

– Картиналарыңыз шеберхананың бір бұрышында жиналып тұр екен. Суретшілер одағыда суретшілердің жұмыстарын жинайтын қор жоқ па?

– Ондай қор жоқ қазір. 2000-шы жылдары бірлі-жарым жеке адамдар болған. Олардың өзі құр мақтан үшін ғана жинады-ау деймін. Бір кездері мемлекеттік тапсырыс шеңберінде суретшілердіңтізімін жасап отырып, жинайтын. Кейін ол да тоқтады. Музейге сыйға тарсаң ғана алып, сақтайды. Сондықтан да әр суретші картиналарын шеберханасында сақтап отыр.

Қабырғаға ілінген картиналарыңыздан шығармашылық кезеңдеріңіздің табы байқалады.

– 90-шы жылдары басқаша жаздым. Алғашқы ізденістерім еді. Негізінен ұлттық тақырыптарға бардым. Адам өзін іздейді. Қан, Топарық тартады. Ол кездегі жұмыстарым бүгінгі күннен қарағанда, өзіме олқы соғып тұрады. Одан кейін де ізденістерге толы жылдар болды. Әртүрлі тақырыпта жаздым. Қандай тақырыптарға барсаң да, қазақ суретшісі болып қаласың. Әр жұмысыңнан ұлттық бояу бәрібір қылаң береді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Өміржан ӘБДІХАЛЫҚ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x