Тағы да әйел жайлы...

Dalanews 28 нау. 2016 05:36 261

... Мен ол Әйелмен кездейсоқ таныстым. Бес жыл бұрын... күрең күзде... сүрең әсерде... пойызда... Жолай дүңгіршектен  сатып алған еркектерге арналған жылтырақ журналдың парақтарынан... Көне фотография, қасында қысқа ғана бағандағы биографияда: еркек мақтаған (!) жазушы әйел, постмодернистік бағыттың белді өкілі, әдеби эксперименттің ханшайымы (!!!), тіпті соның жолында өліп кеткен (бұрын қалай білмегенмін).

Әлемнің атақты жазушыларынан бір адамдай хабарым бар деген сенім болатын, әсіресе өзін-өзі өлтіргендердің. Ақын, жазушы еріккеннен өзін-өзі өлтірмейді, не жынды, не гений немесе соған жақындау болу керек. Жынды болу үшін де талант пен ақыл керек. Бейтаныс Әйелді іздеп жүріп тауып алдым, бір ай торыдым. Интернет торабы сиқырлы құмырадан шыққан жын секілді ғой, қалағанымның бәрін алдыма жайып берді. Қысқаша таныстырсам: ағылшынның қызы, аристократ.  Биографтардың ол жайлы шығармашылығынан бөлек рахаттана қозғайтын тақырыбы көп-ақ. Сол кезде белең алған Фрейд пен Юнгтың психологиялық төңкерісі шығармашылдардың өмірі мен өнеріне таптырмас жаңалық пен материал болды. Әйелдің басынан өткен «психологиялық шок», «жыныстық ориентация», «депрессия» жайлы қозғамай-ақ қойса да болар еді, бірақ мұндай «интимді тәсіл» кейде жазушы шығармашылығын түсінікті қабылдауға әсер ететіні бар. Сонымен, Әйел өз кезеңіндегі әдебиеттің белең алу керек жаңа бағытының бағдарын тез арада байқай қояды да, соның ізіне түседі. Әйел тамырсыз емес еді, ол ағылшын аристократиялық өнерінің нәрін алған. Постмодернизм оған эксперимент болған жоқ, жазу – оның өмірі болды.

Бірақ жазушы үшін бір маңызды жайт бар, ол – сезім. Сезім – жаныңның, миыңның, ойыңның түкпір-түкпірінен, қалтарыс-қалтарысынан тауып алып, тыраштана, сығып алған шығармаңды жазып біткеннен кейінгі ләззат. Құдды құрбандығын қинап өлтіргеннен ләззат алатын маньяк сияқты. Әйелде ондай сезім болмады. Тағы да жазды. Жаза түсті. Дым, ешқандай ләззат жоқ. Керісінше, оны мақтаған сайын, бағалаған сайын кері Әйел қарай құлдырай бастайды. Шынын айтқанда, ақылы ауыса бастайды. Тікелей мағынада. Күйеуіне тілімдей ғана хат қалдырады да, қалтасына тас толтырып алып, өзенге батып өледі.

[caption id="attachment_14379" align="alignright" width="257"]main Вирджиния Вульф[/caption]

Бұл – . Әңгіме, эсселері теңіздей романға бастайтын мөлдір бұлақ қана сияқты. Романдары постмодернистік бағытқа «сананың толқыны» ұғымының бұлтартпас үлгісімен қазық қақты. Оны қабылдауға қиын, тым интеллектуалды жазушы санауы мүмкін. Олай емес. Түсіну үшін бар болғаны күнделікті әрекеттің әлемінен құтылып, ойдың әлеміне сүңги білсең болғаны. Вирджиния Вульф қандай формада жазса да оның ойы да, жаны да иілгіш, қызықты, жеңіл екені сезіліп тұрды. Оның жазушы ретінде ерекше қасиеті – жазарда жай ғана оқырманның көзімен-ақ әдебиетті терең де қарапайым қарай алып, түсіндіре алатынында.

Бұл Әйелді түсіну үшін уақытты аяғанның өкініші басым. Өмірін қойшы, кімнің өмірі жетіскен дейсің. Неге әйел бола тұра осындай романдар жазуға дәті барды екен деген бірінші сұрақ туды. Бәрін бітіретін бір өлім, бірақ оған жетуге дейінгі күш-жігерді қайдан алды екен деп тағы ойлайсың.

Рас, әдебиетті жынысқа бөлу ақымақтық, ақыл бүкіл адамзаттың иелігіндегі нәрсе екені анық. Бірақ кейде бағдарды анығырақ көру үшін жік-жікке бөліп қарауға тура келеді. Кейбір сұрақтардың жауабын сол кезде табуға болады, қорытынды да шығады. Іздеген түптің түбінде табады ғой, мен де таптым. Менікі Құдайды, не ақиқатты іздеу сияқты күрделі нәрсе емес қой, жай ғана шай үстінде айтылатын шашы ұзындар мен шашы қысқалардың ақылын салыстырған сияқты қарапайым сұрақтар. Әрине, күлкілілеу. Өйткені бұл сұраққа ешкім салмақты қарамайтынымен тұрмай, езуде кекесін мен кейбіреулерде ыза сезіміне ғана ояу салуы мүмкін.

Иә, әйелдер шығармашылығы жайлы... Әдебиеттің жаңа ғасырының табалдырығында тұрып, сол қазанда қайнап жүрген күннің өзінде Вирджиния бұл тақырыпқа салмақты түрде мойын бұрады.

Әйел қаншалықты дарынды болғанымен әдебиетте, өнерде мүмкіндігі аз болғанын, өз заманында оқып, білім алмақ түгілі тек төрт қабырғада қамалып, тығылып отыруға мәжбүр болғанын, ал, атақты жазушы еркектер ол кезде өмірді қонышынан басып, бүкіл тәжірибелерден өтіп отырғанын, солармен салыстырғанда әйелдер қауымының шығармалары тек қиялымен саяхаттаудың нәтижесінде ғана пайда болғанын, өнері дамыған елдерде ұзақ ғасырлар бойы «көк шұлықтылар» («синие чулки») межелі мүмкіндікке жетіп, жолды таптап, ашып бергенін жазды.

5dd0d32ae505123d62d2bc8516601488 Сонымен қатар, Вирджиния әйел адамының шығармашылық жетістікке жету жолындағы мынадай қарапайым формуланы ұсынды. Ең алдымен «Үй Отының Генийін» өлтіру. «Үй Отының Генийінің» пікірі мен тілегі болмайды, ол тек бағынуды біледі. Ол «генийден» құтылу қиын емес, әдетте күнделікті үй тірлігіне икемсіз әйел өзінен-өзі сытылып шыға береді.

Екіншісі, «Елесті» өлтіру. «Елес» – «ұғымға» жақын. Әдетте «Елесті» өлтіру адамға қиындық тудырады. «Елестің» қырықтан да астам жаны болуы мүмкін. Ол «Елес» адамның өзінен де «ақылдырақ», адамның өзінен де «басым». Өйткені «ұғым» деген нәрсе адамнан бұрын пайда болған ба дерсің?! Ал, ұғым дегеніміз – «Елес», ұғым дегеніміз – «Әйел».

«Елесті» өлтіргеннен кейін барып, «өзіңнің шындығың» шығады. Содан кейін «тәніңнің шындығы» бой көтереді.

Бұл қарапайым формуланың межесі еркіндік: оқу, жазу, ойлау еркіндігі. Бұл еркіндіктер материалды нәрселерге тәуелді екенін ұмытпаған жөн.

Вирджиния жазушы үшін ең басты детальды атайды, ол оның жыныстық «ориентациясына» деген күмәнді сейілтетіні анық. Адам санасында екі жыныс – әйел мен еркек қатар өмір сүреді. Және бұл сөздің классикалық үлгісі – «Мен Бовари ханымның өзімін» деп кеудесін ұрғылайтын Г.Флобер ғой.

Қазіргі заманның әйелін «шектеулі» деу әсте әбестік болар еді, шығармашылық еркіндіктің белгілі бір баспалдағында. Бір жағынан әйел қауымының әдебиетіне салғырт қарап, күмән мен мысқылға орын беріп, болашағынан үркудің өзі Хауаның Адамның жары екендігіне күмән келтірумен бірдей болар еді. Қаншалықты талас тудыратын қайшылықты  көзқарас болса да, бір нәрсе айқын. Әйел туу үшін жаралған. Кімді тусын, нені тусын, қалай тусын, бұл ерекше құдірет пен қасиеттің арқасында.

Әр адамның өмірінде Әйел болады. Оның қамқоршы, жебеуші, музасы, ана, қарындасы ма, кім білсін?! Немесе бұрын кіші әріппен жазылып тұратын Әйел үлкен әріптерге айналып шыға келгенде бәрі бұрынғыдай болмасы анық. Ол қайта туылумен тепе-тең нәрсе.

Бәрібір де Әйел деген әдемі ғой.

Майра ФАЗЫЛ, жазушы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x