«ҚАРАӨЗЕК»: Сынған айнаның жарқылы

Dalanews 18 желт. 2015 07:07 423

Өткен аптада Алматыдағы Жамбыл атындағы кітапханада белгілі ақын, жазушы, Шығыс Қазақстан облысындағы «Шығыс-ақпарат» орталығының директоры Нұржан Қуантайұлының «Асыл сөз» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өттіі. Бексұлтан Нұржекеұлы, Жұмабай Шаштайұлы, Маралтай Райымбек, Бауыржан Жақып бастағансақа ақын-жазушылармен қатар, жас қаламгерлер қатысқан тұсаукесерде Н. Қуантайұлының шығармашылығы туралы толғамды ойлар айтылды. Біз қаламгердің «Қараөзек» атты романы жайында жазылған ғалым, фольклорист Ақеділ Тойшанұлының мақаласын ұсынып отырмыз.

[caption id="attachment_12701" align="alignleft" width="229"]Нуржан Нұржан Қуантайұлы[/caption]

Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы  коммунистік қызыл режимнің ызғарлы сеңін қақыратып  сөгуге дүмпу бергені  айдай   әлемге анық. Бірақ осы оқиғаның мәні, шындығы туралы тарихшыларымыз әлі де архив деректерімен тұжырымдап, түбегейлі баға бере алған жоқ. Мұндайда, қай заманда да болсын, жасқаншақ тарихшылардан гөрі,  ұшқыр сезім иесі әдебиетшілеріміз алдымен саңқылдап үн қатып, халықты әділет нәрімен сусындатып, көп  нәрсеге көзін ашып жатады. Желтоқсан оқиғасы туралы  ақиқатты ақындарымыз бен жазушыларымыз алдымен елге естіртіп, өзінің қаламгерлік  парызын хал-қадерінше орындады.

Осы тақырыпта  аға буын жазушы Б.Тілегеновтің «Сексен алтыншы жыл», сақа қаламгер Т.Сәукетайдың «Айқараңғысы» секілді романдары кешегі күні өткен тарихты көркемдік бояумен жедел  игерудің өзіндік үлгісін танытты. Б.Тілегеновтің шығармасында деректік сарын, саяси оқиғалар кезіндегі бюрократтық сірескен жүйенің астыртын ойыны,  шенеуніктердің тоңмойын аяр мінез-құлқы нанымды сипатталса, Т.Сәукетаевтың романында шытырман өзгерістер кезеңіндегі адам жанының құбылысы, ұлт ар-намысының  бебеулеген  жанайқайы, бейуаз жандардың сенімінің шылпара күйреуі, адалдық пен сатқындық таразыға тартылады. Жазушы психологиялық тұрғыдан кейіпкерінің жан дірілін қалтқысыз қопарып, ақтарып жазуы қолтаңбасындағы  өзгеше лепті танытады.  «Айқараңғысы» романы қазақтың саяси-қоғамдық, әлеуметтік-тұрмыстық өмір-болмысының тұтас бір дәуірінің жүгін арқалаған кесек дүние деуге әбден болады.
Н.Қуантайұлы Желтоқсан оқиғасына ешқандай мақсатсыз, тек қана жастыққа тән қызығушылықпен оқыстан араласып кетіп, жеті жылға жазатайым  сотталып, «ұлтшыл» деген айдар тағылған  бозбала Хақанның көзімен қазақтың елдік өмірін құрсаған тоң ерісе де, жадырап көктемі шыға алмай тұрған қараөзек шақты суреттейді. Мұнда ұлттық рухтың оянғаны туралы пафос, азаттық туралы даурықпа сезім, алаңдағы жастардың атой салған ұрандары туралы лепірме сөздер мүлде жоқ.

Әдебиетке 1990 жылдары келген жаңа  буын арасынан роман жанрымен сөз өнерінің табалдырығын батыл аттаған, соның ішінде қайшылығы мол Желтоқсан оқиғасына көркемдік тұрғыдан үңіліп, сәуле түсірген жазушының бірі – Н.Қуантайұлы. Н.Қуантайұлының «Қараөзек»  романы атап өткен екі туындыдан елеулі өзгешелікке ие. Мұнда бас кейіпкер Хақназар арқылы 1986 жылдан тәуелсіздік таңы атып, ұлттық валюта теңге өмірге келіп, қазақ қоғамы нарықтық деп аталатын жаңа базарлық жүйеге өткен аласапыран тұстағы еліміздің өмірінде орын алған жайттар шынайылықпен суреттеледі. Алдыңғы екі ағасына қарағанда Н.Қуантайұлы басқаша жолды таңдағаны аңдалады. Н.Қуантайұлы Желтоқсан оқиғасына ешқандай мақсатсыз, тек қана жастыққа тән қызығушылықпен оқыстан араласып кетіп, жеті жылға жазатайым  сотталып, «ұлтшыл» деген айдар тағылған  бозбала Хақанның көзімен қазақтың елдік өмірін құрсаған тоң ерісе де, жадырап көктемі шыға алмай тұрған қараөзек шақты суреттейді. Мұнда ұлттық рухтың оянғаны туралы пафос, азаттық туралы даурықпа сезім, алаңдағы жастардың атой салған ұрандары туралы лепірме сөздер мүлде жоқ. Тіпті осы оқиғаға түрткі болған Қонаев пен Колбиннің аты-жөні де шығармада аталмайды. Себебі, Н.Қуантайұлы желбуаз ұрандар емес, нағыз  қарапайым өмір-тіршіліктің қайнаған  иіріміне тереңдеп кіре отырып, сабырлы проза арқылы бас кейіпкер Хақназардың танымының өсу диалектикасымен сабақтастырып, өтпелі қоғамымыздың боямасыз  портретін жасауды қолға алып, айтарлықтай табысқа  да жеткен.

Романда екі кезең суреттеледі: алдымен Хақназардың жетіжылдық түрме өмірі, одан кейін азаттыққа шыққан соң қара базарда нәпақа үшін сандалған күндері. Хақназар өзімен бірге сотталған желтоқсаншы Алдоңғарға базарда кездейсоқ кездесіп қалады, ол ағасы бөбекарбасы коляскаға шемішке тиеп ап, елге саудалап, нәпақа тауып жүреді. Міне, бажайлап қарасаңыз,  түрмедегі Хақназар  тергеушілер мен абақтыдағы сұрағандарға желтоқсан туралы  білгенін там-тұмдап  айтып берумен шектелетін. Ал бейбіт өмірде осы Алдоңғарға ғана кездескенде өзін желтоқсан оқиғасының куәгері ретінде бір мезет қана сезінеді. Ол ақыры Алдоңғардың әйеліне қара базардағы қытайлардан тауар алып берем деп жүріп, қысықкөз жатжұрттық бизнесменнің пышағынан қаза табады. Оған себеп, Хақназарды жалған доллар беріп, кластас досы Ернар бұдан екі-үш жыл бұрын сол қытайлықты алдауға мәжбүрлеген болатын. Осылайша роман трагедиямен аяқталады. Неге бұлай болды? Осы сұрақтың жауабын оқырманның өзі табуға жазушы ашық қалдырған секілді.

[caption id="attachment_12704" align="alignright" width="307"]12313854_1647126858889236_8170289981210203049_n Нұржан Қуантайұлының жаңа кітабы[/caption]

Иә, Хақназар – біздің замандасымыз. Ол – СХИ-ға келіп оқуға түскен,  ауылда өскен адал жігіттердің бірі. Бозбалаға тән қызығушылықпен алаңға шығып, ондағы қазақ қыздарының шашын жұлған  әскерилерді көріп, таяқ жеген бойжеткендерді арашалағалы алға ұмтылып, ақыры жазықсыз сотталады. Оның желтоқсан оқиғасында бар көргені  небәрі осы он бес минутқа қана сиятын оқиға деуге болады. Бірақ оған жабылған ұлтшыл, декабрист, антисоветшіл секілді жалақор – небір атақтар нардың белін қайыстыратын  қасіретті азап. Адамның басына сыймайтын жалғандық, он бес минут емес, он ғасырға жүк болатын ауыр үкім, тежеусіз айып. Небәрі оқиғаға куәгер болған балаң жігіт Хақназардың бұғанасы қатпай жатып советтік қатал режимді түрмеге қамалуы, қараңғы абақтының ауыр есігін аттауы – бір қиямет қайым. Жазықсыздан жазықсыз осылайша жас өмірі абақтыда  шермен өтіп, бостандыққа шыққан соң да «мен батырмын!» деп кеуде қағып, біреуге бір ауыз тіс жармай,  шын мәнісінде саяси тұрғыдан ақталғанымен, сол  қанды оқиғаға қатысқанын халқына борыш етіп бағаламай үнсіз жүрген талай боздақтар мен аңғал мінез адал жандар, тасада жүрген сабаздар  қазақ халқында  расымен көп болуға тиіс. Өйткені, бүгіндері «желтоқсаншымыз» деп елдің көзіне түсіп жүрген жандардың саны да аз. Сонымен бірге желтоқсан оқиғасына куәгер болып қатысқан жандардың ешқашан да сол алақұйын оқиға туралы айтуды лайық көрмейтінін өз басым талай мәрте көргенмін. Желтоқсан туралы кездесулер жасап, куәгерлерге  естелік айтуға сөз бергенде талай апайлар мен ағайларымыз сөйлей алмай, қыстығып, көзіне жас алып, жан дүниесіндегі жарақат удай ашытатынын талай кездестірдік. Ал жазушы Н.Қуантайұлының «Қараөзек» романын кешегі желтоқсанда ар-намысын биік сақтап, бостандыққа шыққан соң да өз еліне ол туралы қыңқ етіп айтпай, перзенттік борышын бұлдамай, үнсіз өтіп жатқан қарапайым ерлерге тұрғызған ескерткіш деуге болады.
Бір сөзбен айтқанда, тоқсаныншы жылғы ұрпақтардың асқақ  арманы күйреп, өкінішті кепке түсіп, «алданған ұрпақ» екенін жазушы осылайша аяусыз әшкерелейді. Адамды алдау,  «сарттанда астық» деген  сыпыра саудагерлік,  сыған-зада  «тіршілік»,  ашкөзділік пен алаяқтық, рэкет пен сектанттық,  безбүйректік пен даңғаза жарнамашылдық, міне, мұның бәрі тоқсаныншы жылы пайда болған қоғамның шынайы әлпеті, сиқы!

Романда Хақназарды бизнесмен досы Ернар алдап-арбап, келеңсіз оқиғаларға итермелеп жүреді. Ақыры сол досының алаяқтығынан ол  жатжұрттық қортық саудагердің қолынан мерт болады. Хақназардың араласып жүрген дос-жаран қыздарының ішінде тоқсаныншы жылдары «кришна» болып кеткен  қыздар да кездеседі. Кешегі күні осындай арулардың қара шашын жұлғызбау үшін құрбан болған Хақназар оларға бейбіт заманда «қой» дегенмен уәжге көндіре алмайды, олар мұнысын «демократия» деп түсіндіреді. Осылайша қоғамдық жүйе алмасқан тұста халық күлдібадам күй кешіп,  адамдар бірін-бірі алдап өмір сүруге икемделгенін шығармада сан түрлі оқиғалар арқылы баян етеді. Қараөзек шақта әбжілдікпен «бейімделіп» табысқа жеткендерінің ұранының  түрі – «Ақылды болсаң, байымай қайда қалдың!»  деген батыстық «құндылық». Бір сөзбен айтқанда, тоқсаныншы жылғы ұрпақтардың асқақ  арманы күйреп, өкінішті кепке түсіп, «алданған ұрпақ» екенін жазушы осылайша аяусыз әшкерелейді. Адамды алдау,  «сарттанда астық» деген  сыпыра саудагерлік,  сыған-зада  «тіршілік»,  ашкөзділік пен алаяқтық, рэкет пен сектанттық,  безбүйректік пен даңғаза жарнамашылдық, міне, мұның бәрі тоқсаныншы жылы пайда болған қоғамның шынайы әлпеті, сиқы! Ал Хақназар секілді ердің, адалдықтан басқаны білмейтін қарапайым азаматтың  өмірі қазамен аяқталуы да шындық пен әділеттің мұндай «қараөзек» қоғамға қажеті жоқ болғанын, тіпті  орын да таппайтынын ескертіп тұрғандай. Әрине, жазушы  бұлай бола беретін болса, қоғамдық өмірімізге жегі құрттай енген жалғандық ұлтымызды сорға бастайтынын оқырманға дабыл қағып ескертіп, алаштың болашағы даурықпа ұран емес, кісілік пен мейірімнің  жылы шуағында екенін меңзейді.

Жазушы Н.Қуантайұлының «Бәтеңке», «Абылай» деген әңгімелерінде де адамгершілік пен кісәпірлік, ар-ұждан мен немкеттілік, уәде мен іс-әрекет  тартысы шыншылдықпен суреттеледі. «Бәтеңке» арқылы  адамның адамға жылылығы керек екенін ұран еткен жазушы «Қараөзекте» де кешіккенмен көктемнің келмей қоймайтынын тұспалдап, бұл дүниеде алаш баласының бір-біріне деген мейірімі ғана баянды, басқасы өткінші екенін көркемдікпен мүсіндейді.

Мағжанның «Батыр Баянында» айтылатын Қандыөзек, Ш.Айтматовтың «Боранды бекетіндегі» «Сарыөзек» ұғымдары мекен мен мезгілдің сырлы тоғысын аңдататын күрделі  бейнеге айналған. Олай болса «Қараөзек»  те азаттық таңының елең-алаңындағы ел өмірінің жолайырық тұсын белгілейтін әдебиеттегі көркем рәмізге айналатыны анық.

Ақеділ Тойшанұлы,


фольклортанушы ғалым


 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x