Марқұм Шерзат Болаттың отбасының адвокаты Мейірман Шекеев Қаржаубай Нұрымовтың отбасы үшін салынып жатқан жаңа үйдің құрылыс барысын көрсетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Адвокаттың айтуынша, үйдің құрылысы биыл қазан айының ортасында толық аяқталады.
“Көпшілік Қаржаубайдың өртенген үйінің жағдайы қандай деген сауалды жиі қояды. Бұған дейін назарымыз сот процесінде болғандықтан, ақпарат берген жоқпыз. Қазір көзіміз жетіп отыр – жаңа үй бой көтеріп жатыр. Құрылысшылар 15 қазанға дейін толық аяқтайтынын айтты”, – деді Шекеев.
Құрылысқа үлес қосқан азаматтардың бірі – Асқар есімді тұрғын. Ол өзінің көмегі жайлы жария етуді қаламағанымен, адвокат оған алғысын білдірді. Сондай-ақ Алматы облысы әкімдігі құрылыс процесін бақылап, құжаттарын рәсімдеп, үйді толық дайын күйінде табыстауға уәде берген.
“Мен үшін уәде — ҚР Азаматтық кодексінің талаптарына сәйкес міндеттеме, ал міндеттемеден бір жақты бас тартуға жол берілмейді. Ол соттағы жауапкершілік”, – деп атап өтті Мейірман Шекеев.
Бұдан бөлек, адвокат әлеуметтік желіде көмек көрсетіп жатқан Asarumе жобасының жетекшісі Асхат мырзаға және өзге де қолдау білдірген жандарға ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, үйге әлі де тұрмыстық қажеттіліктер, яғни газ пеші, перделер және басқа да жабдықтар қажет. Шекеев қайырымдылық танытып, көмек қолын созғысы келетіндерден ұсыныстар қабылдайтынын жеткізді.
Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?
Еске салайық, былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, олардың үйі өртеніп кетті.
Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті алдын ала деректер бойынша ол суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрғанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Артынша Шерзат Болаттың әпкесі қамауға алынды. Кейін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Жуырда осы іс бойынша сот шешімі шықты. Тергеу мәліметінше, Шерзатқа пышақ жарақатын салған басты айыпталушы Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Равиль Сакиев 20 жылға сотталды.
Қалған айыпталушылар 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Кәмелетке толмаған Ы.Д. 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды.